Оңтүстік Кореяда білім алып жүрген қазақ жігіті Ғабит Төленедиевтен шетелдегі оқуы және Корея елі туралы алған сұхбатымды сіздерге ұсынып отырмын. Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарды қоюға тырыстым, басқа да сұрақтар туындап жатса пікір ретінде жазып жіберсеңіз болады. Сонымен, кеттік...
Кореяға оқуға қалай бардыңыз? Бұл кездейсоқ па әлде алдын-ала дайындалған жоспар ма?
Жоқ, бұрын Кореяда оқимын деп еш ойламаған екенмін.
Томск мемлекеттік радиоэлектроника және басқару жүйесі университетінде (ТУСУР) магистратурада оқып жүрген кезімде Кореяға оқуға арналған грант жайлы группаластарымнан естігенмін. Алғашқы кезде дұрыс мән бермеген едім. Бір күні оқу ақысын төлейді, барып-келуге ұшақ билеті алып береді және ай сайын шәкіртақы да беріп тұрады деп естіген соң, толығырақ білгім келді. Бір демалыс күнімді осы бағдарламамен танысуға арнап, асықпай оқып, танысып шықтым. Сөйтсем тамаша бағдарлама екен. Бағдарламаның ағылшынша аты Korean Government Scholarship Program (KGSP). Қазақшаға аударсақ, Корея үкіметінің стипендиялық бағдарламасы. Талапкерлердің (candidate) талабына қарасам, барлық талаптарын қанағаттандырады екенмін. Сосын бағымда сынап тапсырып көріп едім, сонында осы бағдарламаның жеңімпазы болып шықтым. Аллаға шүкір, жолым қатты болған сияқты =)) Хабарландыруды көрмегенге дейін, Кореяда оқуды еш жоспарламаған болатынмын.
Ондағы оқу жүйесіне келіспей, көңіл толмаған тұс бар ма?
Ондай тұстар жоқ сияқты. Басында болған еді. Бірақ кейіннен себебін түсіндім. Менің қарсы болған тұсым тест түрінде өткен емтихан нәтижесін сабақтың басында емес, соңында айтатын еді. Сабақ біткенше нәтижені көргіміз келіп асығып отыратынбыз. Олай жасауларының себебі, тест немесе аралық бақылаулардың нәтижесін сабақтың басында көріп, студенттердің көңіл-күйі түспесін, сабаққа жақсы көңіл-күймен қатыссын дейді екен. Бұл да дұрыс қой?
Бұрын Кореяның оқу жүйесі жайлы шетелдіктерден естіген болатынмын: оқушыларға өте көп жаттау беретіні, емтихандар мен тесттердің тым көптігі, мектепте өткен барлық тақырыптарды жатқа білу керектігі, танымал тұлғалардың айтқан сөздеріне дейін жаттау қажеттігі, бірақ соның бәрін емтиханнан соң оқушылардың, студенттердің ұмытып қалып жататындығы жайлы көп есіттім. Тағы бір Кореяның оқу жүйесінің кемшін тұсы тек қана сабақ оқу адамның кретивті, ерекше ойлау жүйесінің дамуын тежейді, шығармашылықпен айналыса алмайды. Ал ерекшелігі студенттердің үлгерімін салыстырып бағалайды. Ең жоғары нәтиже көрсеткен студентке ең жоғары балл қойып, қалған студенттерді соған салыстырмалы түрде бағалап шығады екен. Бір топтағы студенттердің барлығы бірдей жақсы баға ала алмайды екен. Мысалы мен оқып жатқан Dongseo университетінде бір топтағы студенттердің тек 30%-ы ғана 5 алса, тағы 30%-ы 4 алады, қалғандары төмен бағаларды алады екен, жүйе сондай.
30 % -A A+
30 % - B B+
40 % - C C+ D D+ F F+
Бір жағынан бұл жүйені дұрыс деп ойлаймын, себебі, студенттер бір-бірімен жарысып оқиды. Бірінен бірі жақсырақ нәтиже көрсетуге тырысады. Бәсекелестік студенттердің оқу үлгерімін де, білім деңгейін де арттырады емес пе? Егер осы семестрде (1-2 тоқсан) төмен баға алса, келесі семестрде (3-4 тоқсан) жақсырақ баға алуға тырысады.
Корей жастарының шетелдік студенттерге көзқарасы қандай?
Жақсы. Барлығы бірдей жақсы қарамаса да, таңғалып жататындар бар. Шетелден оқуға келген студент сабақты өте жақсы оқиды деп ойлайды. Бірі "Ата-анаң бай адам шығар?" деп жатады. Олай сұрайтындарға мен ата-анамның қаржысына емес, мемлекеттік грантпен оқып жатқанымды айтамын. Егер жастар сіздің шетелдік студент екеніңізді білсе, бірден ағылшынша сөйлейді. Білетін ағылшындарын айтып, сіз арқылы тілін жаттықтырғысы келетіндер бар. Соларды көріп, жастардың білімге, жаңа нәрсе үйренуге деген құштарлығы жоғары екендіктерін байқадым.
Корей тілін үйренуге қанша уақытыңыз кетті? Қалай үйрендіңіз?
Еркін сөйлеп үйренуге 1 жыл уақытым кетті. Кореяға оқуға барған соң ғана үйрендім. Мен 1 жыл бойы корей тілі курсына барып жүрдім. Аптасына 5 күн, күніне 4 сабақ болатын, одан бөлек күн сайын сабақтан соң 4-5 сағат оқып, жаттығып жүрдім. Кейде екі курсқа қатар барған кездерім болды, бірі орта деңгейлі корей тілі, бірі жоғары деңгейлі еді. Бір қазақстандық корей жігіт өзінің білгендерін үлгерімі төмен студенттерге үйретіп жүретін, мен оған да барып, сабағына қатыстым. Бұдан бөлек аптасына бір рет таэквандоға барып қатысып жүріп корей жаттықтырушыларымен сөйлесіп, тілімді де дамыта бердім. Бұдан бөлек менің корей тілін тез үйренуіме бір себеп ағылшын тілін білмеуім еді. Амал жоқ, мен барлығымен корей тілінде сөйлесуге тырыстым. Осылайша қай жерде корей тілін үйренуге мүмкіндік болса, мен оның барлығын пайдаланып, үйреніп жүрдім. Ол жақта не корей, не ағылшын тілін үйренуім керек еді. Мен корей тілін таңдадым, бұл тіл маған ұнады, оның үстіне ол жақтағы ұстаздарыммен, студенттермен өз тілдерінде сөйлескенім дұрыс деп ойлаймын. Бірде Пусан қаласына топпен қыдырып барғанбыз қыста, сол кезде координаторым маған "Ғабит, сен алғаш келгенде керек затыңды параққа ағылшынша жазып, көрсетіп жүруші ең, енді, міне, бір айдан соң менімен корейше сөйлесетін болыпсың" деген еді.
Осы тілді үйренушілерге және енді бастайтын адамдарға не айтқыңыз келеді?
Егер мүмкіндігіңіз бар болса, курсқа барыңыз, қатысыңыз дегім келеді. Сіздің тілге деген қызығушылығыңыз жоғалып кетпей тұрғанда үйреніп алуыңыз керек. Бір кітапты алып, соны бітіруге тырысыңыз. Әр нәрсені бір бастап, басқа нәрсеге көшіп кете беруге болмайды. Мысалы мен корей тілін университетіміздің берген оқулығымен ғана үйрендім, оны оқып шығып, жаттап, көшіріп жазып, қазақша айтқанда жілігін шағып, майын іштім. Нәтижесінде корей тілі 6 деңгейге бөлінсе, мен төртеуін оқып, аяқтағаныммен, 5-деңгейдің тестін тапсыра алдым. Кейбіреулер тілді ән арқылы, әлеуметтік желі арқылы үйреніп жатады, олар көп уақыт жұмсайды, бірақ, өте аз үйренеді. Олай әр жерден бір емес, жүйелі түрде үйрену керек. Ережелерді қажеттілік ретімен үйреніп, соларға сәйкес сөздерді жаттау керек. Жеңілден қиынға қарай. Және оларды айтып, қайталау керек, көп жаттығу керек.
Кәріс халқының салт-дәстүрін ұстанасыз ба? Мысалы иіліп сәлемдесу...
Иә, қолымнан келгенше. Қай елде жүрсеңіз де олардың салтын сыйлау керек деп ойлаймын. Оларды құрметтеп, солардың тілінде сөйлессеңіз жақсы емес пе? Иә, мен де үлкендермен иіліп амандасамын, сіз деп сөйлеймін. Олар да бізді құрметтеп жүреді, "Сендер шошқа етін жемейсіңдер ғой? Сендерде осылай емес пе?" деп сұрап жүреді. "Сендер жұмыстан ерте қайтасыңдар ғой, ерте қайта берсең болады" деп те айтып жатады.
Көпшіліктің сұрағы: Кореядағы өмір дорамадағыдай ма? Қандай айырмашылық бар?
Жоқ, әрине, дорама ол документальдік фильм емес қой. Ол тек көпшілікке қызықты болатындықтан әрі жарнама үшін түсіріледі. Бірақ, ұқсас жерлері бар. Маған корей тілінің мұғалімі де айтқан "80-90% басқаша" деп. Сол корей дорамаларын көріп, корейлерге күйеуге шыққан әйелдердің келіп, қиналып жүргендерін көрдім. Дорама мен шынайы өмірлері басқаша екенін корейлердің өздері де мойындайды. Дорамадағы қала көрінісі, қызмет көрсетулері ғана шынайы.
Ол жақта мұсылмандар бар деп естідім. Мешіт бар шығар?
Иә, бар. Корей мұсылмандар да бар. Бірақ көбісі сол елде жұмыс істеп жүрген және оқып жүрген шетелдік студенттер. Барлық қалада мешіт бар. Өткен жылы Кореяның ең алғашқы имамынан ең алғашқы мешіт мен тұратын Пусан қаласында салынған деп естідім. Оның айтуынша сол алғашқы мешіт Ливия саясаткері Кадафидің қолдауымен салынған екен. Мешітте барлық мұсылмандық мерекелер болып тұрады. Тегін арап, корей тілі курстары бар, шетелдіктерге көмектесу бөлімі де бар. Рамазан айында ифтар, кешкі ас беріледі. Жамағатпен бірге жұма, айт намаздары оқылады. Жыл сайын құран оқудан жарыс болып тұрады.
Сізге Кореяда жүргенде ең жиі қойылатын сұрақ? Оған қалай жауап бересіз?
Ең жиі қойылатын сұрақ "Жасың нешеде?" Иә, корейлер жаңа адаммен танысқан кезде алдымен жасын сұрап жатады. Жасына қарай үлкен болса, сіз деп сөйлеседі, сыйласып жатады.
Келесі сұрақ "Қай жерденсің? Сен шетелдік емессің бе?" Мені көбісі корей деп ойлайды екен, кішкене әңгімелескен соң ғана шетелдік екенімді біліп жататындар бар. Бір күні көшедегі ападан бірнәрсе сұрағанда ол "Немене, корей емессің бе?" дегені бар еді)) Кейбір шетелдіктер де мені корей деп ойлайды. Мен кейбір шетелдік студенттерге ментор болдым, барлығы мені корей жігіті деп ойлайтын. Мүмкін, жақсы сөйлеп жүргендіктен болар?
"Қызың бар ма?" деп те көп сұрайды. Тіпті бастауыш сынып оқушылары да сұраған кездер болды)) Барлығына қызық көрінетін сияқты. Әлі жоқ деп жауап берсем, "Неге жоқ? Түрің жақсы сияқты ғой" деп қалжыңдап тағы да сұрақтың астына алатынын біліп, кейде қызым Қазақстанда дей саламын. Және "Қай жерде тұрасың?" деп көп сұрайды.
Екі тілдің (корей, қазақ) ұқсастықтары бар ма? Болса қандай ұқсастықтарын байқадыңыз?
Әрине, ұқсас. Грамматикасы ұқсас. Оларда да біздегі сияқты жалғау бар, сөйлемдегі сөздердің реті ұқсас. Бастауыш сөйлемнің басында келіп, баяндауыш сөйлем соңында болады. Екі тілде де сөйлеудің сыйпайы түрі бар. Мысалы, қазақша сіз десек, олар -ши дегенді қосады.
Ол жақта жүріп елді сағынатыныңыз түсінікті. Бірақ Қазақстанда жүріп Кореяны сағынасыз ба? Неліктен?
Иә, сағындым. Бірден сағындым ғой. Сыпайы адамдар, ыңғайлы көлік, таза қала, жылдам қызмет, жылдам жеткізу жүйесі. Мен осылардың барлығына үйреніп қалыппын, қайтадан барғым келді. Теңізді сағынамын. Еңбекқор, тынымсыз адамдарды сағынамын, соларды көріп мен де солай жұмыс істеуге тырысамын.
Кореяда 10 және 21 шақырым жүгіру марафондарына қатыстыңыз. Әсеріңіз қалай болды? Марафоннан не алдыңыз? Не үйрендіңіз?
Иә, осы уақытқа дейін 10 және 21 шақырымдық марафондарды 8 рет жүгірген екенмін. Марафон мен үшін алғашқыда челлендж болды. "Мен жүгіріп шыға алам ба? 10 шақырымды бағындыра алар ма екем?" деген ойлар болды. Сосын мен үшін әдетке айналып кетті, қалада марафон болған сайын қатысып, жүгіріп тұратын болдым. Кореяда марафон жылына бірнеше рет болады. Қыстың суық күндері мен жаздың ыстық күндерінен басқа барлық айда болады. Және әрқайсысы әр жерде болады. Теңіз жағасында, орман ішінде, теңіз үстіндегі көпірде, биік, әсем ғимараттардың жанындағы жолда болады. Біріншіден, салауатты өмір салты ғой, біз денсаулығымызды сау күйінде сақтау үшін жүгіріп, жаттығу жасап тұруға міндеттіміз. Күн сайын үш мезгіл тамақ ішіп, 2-3 мәрте тісімізді тазалайтынымыз сияқты басқа да дене мүше, бұлшық еттеріміз үшін жаттығу жасап тұруымыз қажет деп ойлаймын. Тақырыптан ауытқып кетсем, кешірім өтінем. Марафоннан алған әсерім жайлы айтар болсам, ұзақ қашықтыққа жүгіру адамды шыдамдылыққа тәрбиелейді. Алға қойған мақсатқа ұмтылуға, сол үшін күресе білуге үйретеді. Егер топпен, достармен бірге қатыссаңыз, ұжыммен бірге жеңіске жетуді, оларға көмектесуді үйретеді. Қатысқан қашықтықты бағындырғаннан кейін, мәреге жеткен соң жақсы сезімде боласыз. "Иә, мен де жеттім, жасай алдым" деп өзіңізді бағалауыңыз арта түседі.
Қазақстанды корей оқушыларына таныстырып жүр екенсіз. Олар біз туралы нені білгісі келеді?
Оқушылар, әрине, мектепті білгісі келеді. Қазақтың ұлттық тамақтары, ойындары, саяхаттап баратын туристік орындары жайлы білгісі келеді.
Ол елге үйрену барысында сізге не қиын болды?
Тәртіп, ыстық ауа-райы және суық,
салқын университет. Универдің іші өте салқын, ал көше өте ыстық. Қыста да қоңыр салқын болып тұрады. Оларда қыс қатты суық болмаған соң, университет ішіне арнайы жылыту жүйелерін жүргізбейді, бірақ, үйлері өте жылы, едендері де жылы болады.(Байқасаңыздар, дорамаларда көбіне еденге отырады, ұйықтайды. Еденнің астына арнайы жылыту жүйесін орнатып қояды) Басында тамақтар ащы болатын, кейін үйреніп кеттім.
Кореядағы сізге ұнамайтын 3 зат немесе әрекет?
Бұл сұраққа біраз ойланып жауап беруім керек сияқты, өйткені мен оптимистпін. Барлық нәрсені жақсы деп қабылдай беремін. Ұнамайтын нәрселер аз. Көшеде қоқыс жәшігінің болмауы, егер көшеде балмұздақ жесеңіз, сыртқы орамасын қолыңызда ұстап жүресіз не үйіңізге апарып, қоқысқа тастайсыз. Немесе метроға кіргенде, асхана, т.б. жерлердегі жәшікке тастауыңызға болады. Жазда шілде-тамыз айларында өте қатты ыстық болады. Температура жоғары емес, бірақ, теңіз жағасында болғандықтан ауа ылғалдылығы жоғары, 60-70 %-ға дейін барады, сондықтан ыстық қатты сезіледі.
Әзірге осы.
Біздің елде жоқ қандай қызықты заттарды кездестірдіңіз?
Қолға ұстап жүретін желдеткіш, мектепте сүйретпемен жүру, қолшатыр пакеті, қоқыс жинайтын қысқыш, қағаз қалта саптыаяқ, жартылай дайын өнім, толық дайын өнімдердің(доширак) көптігі. Басқа да заттар көп, бірақ, 3 жыл осында болған соң қызық болмай қалған шығар маған.
Корейлер тамақтанғанды өте жақсы көретін сияқты. Сіз ол жақта күніне қанша мәрте тамақтанасыз? Олардың тамақтану әдебі әсер етті ме?
2-3 рет тамақтанамын. Таңертең, түсте, кешке міндетті түрде. Ет, нан емес, көкөніс көбірек жейтін болдым, күрішті де көбірек деймін бұрынғыға қарағанда.
Кәрістер иттің етін жейтіні қаншалықты рас?
Ааа, ол баяғыда болған нәрсе ғой. Барлығы солай айтады. Бұрын тамақ аз, аш кезде жеген болса керек. Қазір жемейді. Жейтіндер бар, бірақ, ол өте қымбат дейді. Оны кез келген адамның қалтасы көтермейді. Ол итті арнайы жерде таза тамақ беріп, жеуге арнайы өсіреді екен. Кейбір байлар ем үшін жейді екен. Жастар, жасы үлкендер жемейміз, мүлде жеп көрмегенбіз де дейді.
Жұлдыздарды жиі кездестіру мүмкін бе?
Ммм, иә, концерттерден кездестіруге болады. Қалада фестивальдерде, университетке келіп концерт қойып, өнер көрсетіп кетеді. Ол кезде студенттер көп жиналады.
Ең алғаш Кореяға барған адамға сіз барып көруге ұсынатын жер?
Кенбоккун, Пусандағы хэундегу жағалауы, Намсан тауер, Чеджу аралына мен барып көрмесем де, баруға кеңес беремін. Әлемнің жеті кереметіне кіретіндей сондай табиғаты әсем, ерекше жер.
Саяхаттап барғандар нені алдын-ала ескеріп, білу керек?
Бұл жақта баға сәл қымбат екенін. Корейлердің барлығы ағылшынша жақсы білмейтінін. Кореяда заттардың бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Тамақтардың көбісіне шошқа еті қосылып, дайындалатынын ескеру керек. Сол үшін егер сіз шошқа етін жемейтін болсаңыз тапсырыс берерде алдын-ала сұрап алған жөн. Кореяның наны басқаша, олар нанды көп жемейтінін білген дұрыс.
Бір күнде қанша қаражат кетеді?
10-20 мың вон. 5000 воннан 3 рет тамақ, 3000 вон жолға, 2000 вон кофеге. Ал егер универде оқитын студент болсаңыз, шығын өте көп кетмейді. Мысалы, универдің асханасы арзандау болады, 3500-5000 вон шамасында тамақтанасыз, жатақхана да арзан. Универ ішіндегі дүкендегі заттар басқа дүкендерге қарағанда арзанырақ.
Ескерте кетейін, 1000 вон 320 теңгеге тең.
Есіңізде қалған қызықты оқиғамен бөліссеңіз?
Есімде қалған қызықты және қиын оқиға ол мен алғашқы кезде тіл білмеуімнен болды. Не ағылшын тілін, не корей тілін жақсы білмедім. Алғаш рет Кореяға барғанда бізді әуежайдың ішіндегі coffeeshop-тың жанында бізді күтіп алатыны жайлы хабарлама алған едім. Біздің координатор қиын жағдай болып жатса хабарласуымыз үшін тел.нөмірін жазып берген. Мен ұшақтан түскен соң жүгімді алып, жаңағы coffeeshop-ты іздеп жүріп сыртқа шығып кетіппін. Есік алдында бір кісіден жаңағы жерді іздеп жүргенімді түсіндірмекші едім, екеуміз де бір-бірімізді түсінбегендіктен сөйлесе алмадық. Өзі сұраған соң координаторымның нөмірін беріп едім, сөйлесіп, жаңағы орынның қайда екенін тауып берді. Әйтеуір таптым-ау. Сол жерге жетіп, жайғасып отырған соң біздің координатор маған бір нәрсе айтпақ болып, ағылшын тілінде сұрады. Мен түсінбедім. Корей тілінде сұрап көрді, мен мүлде түсінбедім. Бірнеше секундтан соң бір кісі орысша сөйлеп еді, мен әкемді көргендей қуанып кеттім. Шетелде жүргенде орыс тілі дәл ана тілім сияқты құлағыма жылы естілді. Сөйтсем ол кісі де Алматылық корей екен. Орыс және ағылшын, корей тілдерінде еркін сөйлей алады. Ол да студент. Біздің бағдарламамен оқуға түскен екен. Сол кісі қазір жақын досым болып кетті, алғашында маған көп көмектесіп жүрді, сабағыма да көмектесті. Осы сәт есімнен кетпейтін сияқты. Егер сіз шетелге барар болсаңыз сол елдің тілін не ағылшын тілін кемінде орта деңгейде меңгеріп алуға кеңес беремін.
Кәріс қызына ғашық болып көрдіңіз бе? Ғашық болсаңыз, не істейсіз?
Корей қыздарының барлығы бірдей емес. Арасында өте әдемі қыздар көп. Осындай да әдемі қыз болады екен ғой деп өтіп кете беремін. Корей қыздары ұнайды, бірақ, ғашық болмаппын. Ғашық болып жатсам, танысып, сезімімді білдіретін шығармын.
Болашақта қайда тұрғыңыз келеді?
Болашақта елімізге қайта оралып, туған, өскен жерімде тұрғым келеді. Корея жақсы, бірақ Қазақстанға жетпейді, Қазақстан жақсырақ дегім келеді. Қайтып оралып, елімізде жұмыс істеп, еліміздің дамуына үлес қосқым келеді. Осы уақытқа дейін көрген-білгендерімді басқаларға үйреткім келеді. Бірақ қазір жастар өте ақылды, қабілетті, пысық. Мен қазіргі жаңадан келіп жатқан студенттерді көрсем, таңғаламын. Керемет қой. Біз ондай кезімізде солар сияқты болмадық қой. Олар сабағын да жақсы оқып, басқа да қоғамдық жұмыстарға қатысып белсенді болып жүреді.