Адам ба, әлде...

Адам ба, әлде...
жеке
блог

     Мен 9-cынып оқушысымын. Соңғы кездері көзім мазалап жүргендіктен, ата-анам дәрігерге алып барды. Қысқасы, ота жасайтын болды. Бір апта бойы көзім байлаулы болады. Қиын болайын деп тұр. Енді  өзіңіз ойлап көріңізші, үш-төрт сағат ештеңе көрмейсің. Қиын. Ал мен 7 күн бойы. Ойласам тітіркенемін. Оның үстіне үйде жалғыз өзім. Негізі жалғыз емеспін, әжем бар. Алайда оның бір жерге қарап,телміріп отыратынына  екі жылдың жүзі болды. Тек қарны ашқанда қырылдай ма, әйтеуір сондай бірнәрсе. Өзімді ол дыбыс шошытады. Үй үлкен. Қорқынышым батылдығымнан басым.

   Ота аяқталды. Мен үйдемін. Жалғыз.

    Бірінші күн. Үйде жалғызбын. Не істерімді білмей, әрлі-берлі жүрдім. Әкем балаларға арналған телефон алып берген. Қандай екенін білетін боларсыз. Тек бір батырмасы бар телефон. Бірінші күн өте қиын болды. Бөлмемнен мүлде шықпадым.

     Екінші күн. Анам жанымда. Ол маған кітап оқып берді. Бірге серуендедік, күнім керемет өтті. Оны сондай жақсы көремін.

Үшінші күн. Суырмадан көптен бері қолданбаған радионы алып шықтым. Соны тыңдап жатып ұйықтап кетіппін. Бөлмедегі еденнің сықырынан ояндым. Анашым. Үнсіздік. Еденнің сықыры күшейе түсті. Қимылдауға қорықып, есіктің алдынан тапжылмадым.

Төртінші күн. Ас үйге барып тамақтанайын деп, енді алманы ала бергенімде әжемнің дауысы шықты. Қарны ашты. Бұл дыбысқа шыдай алар емеспін. 

Бесінші күн. Мен бұл күні өзіммен өзім ойнай бастадым. Түйсікке сеніп , қабырғаларға сүйеніп, бөлмелерді араладым. Қызық ойын. Үйде синтезатор бар болатын, соны ойнағым келді. Қабырғаға сүйеніп бөлмеге кірдім. Бөлменің қақ ортасында сияқтымын. Бір түрлі дыбыстар. Бөлменің иісі де біртүрлі. О, Жоқ расында да әжемнің бөлмесі. Менің қолым оның денесіне тиіп тұр. Төбе шашым тік тұрды. Бөлмеден шығар есікті іздедім, таптым-ау әйтеуір.

   Алтыншы күн. Дәрігердің бөлмесі. Айтуы бойынша барлығы жақсы. Ертең мына түнектен құтыламын. Сене алар емеспін.

  Жетінші күн. Көзімді шештім, жарыққа бірден үйренбейтін болғандықтан көзіме қара көзілдірік тақтым. Үйге келдік. Кешкі ас ішіп отырып,үшеуіміз әбден шүйіркелесіп, қызық уақыт өткізіп жатқанбыз. Есіме әлгіндегі оқиға түсіп кетті. Әкем мен анама барлығын баяндап бола бергенде, олардың жанарынан жас байқадым. Сонда әкем:

—Сен ауырып жүрген соң мазаламайық дегенбіз, саған ота жасаған күні әжең қайтыс болды. Сен осы уақытқа дейін үйде жалғыз болдың...