Жиырмаға жеткен жас қала

Жиырмаға жеткен жас қала
жеке
блог

     Астана-Сарыарқаның қақ төрінде,еркелей ескен Есілдің жағасында орналасқан,еліміздің мерейі,мемлекеттігіміздің алтын діңгегі.Елбасымыз айтқандай:"Жаңа Астана-ежелгі қазақ жерінің төрі.Астана-Отанымыздың жүрегі,тәуелсіздігіміздің тірегі".Еуразияның жүрегі саналатын жас қала тек мемлекеттігіміздің айқын көрінісі ғана емес,талай дүниежүзілік,саяси мәселелердің оң шешімі табылған саясаттың ордасы.Қас қағым уақытта адам танымастай өзгеріп,өзге елдермен қарым-қатынаста алтын көпірге айнала білген елордамызды бүгінде танымайтын адам кемде-кем.Кешегі алыс жатқан қуаң дала,сұрықсыз алқап қазіргі таңда ғимараттары алыстан менмұндалаған үлкен қалаға айналған.Бүгінге дейін бас қалаға сапарлап немесе саяхаттап келген шетелдіктердің біреуі де аталмыш қаланың көркемдігіне,ерекшелігіне таңдай қақпай кетпеген.Кешегі дүркіреп өткен дүниежүзілік көрменің өзі бүкіл әлемді таң қалдырып,жас қаламыздың болашақтың қаласы екендігіне күмән келтіргендерге талай дүниені дәлелдегені мәлім.

 

Шеттен келген қонақтардың халқымыздың қонақжайлылығы мен кеңпейілділігіне айрықша риза болып,ерекше алғыстарымен тарқасқандары тағы бар.Міне,аталмыш көрмеден соң,араға бір жыл сала Астана ағымдағы жылы жиырма жасты алқымдап отыр.Бұл жас адам ғұмырымен салыстырсақ,оқу орнын енді тәмәмдап,өмірдің келесі бір деңгейіне аяқ басқалы жатқан студенттің жасы.Астана да дәл сол секілді өз кезегінде осы жаспен жаңа белестер мен биіктерді бағындырғалы отыр.Көзді ашып жұмғанша елордамыз да 2000 жылдық тарихы бар Тараз,1000 жыл жасаған Алматы қалаларының қатарына қосылары сөзсіз.Жас қала тарихта бейбітшілік пен келісімнің,тыныштық пен тұтастықтың қаласы ретінде ойып тұрып орын алары анық.

 

      Осы жылы елорданың 20 жылдық мерейтойы халықаралық,республикалық көлемде аталып өтелетіні бесенеден белгілі.Дүбірлі тойға бюджеттен 19 млрд теңге бөлініп,85-ке жуық мега жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылып,қолға алынуда.Тіпті,мереке қарсаңында қалада жаңа нысандар да бой көтеруде.Соның бірі-жиырма жылдыққа атыраулықтар арнайы тарту еткен балық пішіндес көпір.Ұзындығы 331 метр,салмағы 2200 тоннаны құрайтын бұл көпір Атыраудың басты символы балыққа ұқсатылып тұрғызылған.Ал үстіңгі жағы жапырақ бейнесімен көмкерілген.Алдағы күндері аталмыш көпір қала қонақтары мен тұрғындарының тамашалайтын басты нысандарының біріне айналары сөзсіз.Төбесінен қарағанда құдды бір шетелде жүргендей әсер қалдыратын көпір қаланың ең үздік сәулетті ғимараттарының қатарын толықтырары анық.Бұдан бөлек елорданың мерейтойына арнап әр облыс жаңа нысан тарту етпек. Оның ішінде Алматы қаласы да бар. Мәселен, Қарағанды облысы «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткішін орнатса, Шығыс Қазақстан облысы «Астана-Арена» алаңына субұрқақ салуды жоспарлап отыр екен.Сонымен қатар көптеген аймақтарда елорданың есімімен бірнеше ойын-сауық орталықтары,саябақтар салынып жатыр.Соның бірі де бірегейі Алматы облысы Алакөл ауданында бүгін ғана қолданысқа берілген "Астана" демалыс саябағы.Аталмыш саябақ тұсауы кесілген сәттен қалың халықтың көңілінен шығып,көптің ризашылық сезімін тудырды.Алдағы күндері дүбірлі мерейтойдың құрметіне бірнеше өзге мемлекеттерден де арнайы сый мен тартулар болары хақ.Себебі,Астана тек ел ішінде ғана емес бүкіл әлемде дүниежүзілік беделге ие қалалардың бірі.

 

Астана-жастардың қаласы,бақыт пен бірліктің ошағы,махаббаттың ордасы.Болашақта Астана жаңа технология мен ғылымның нағыз мекеніне айналары анық.Елу жылда ел жаңа демекші елордамыз ендігі елу жыл ішінде әлемнің ең дамыған қалаларының арасында көш бастап тұратынына сеніміміз кәміл.Елбасымызбен бірге жаңа жетістіктерге қол созып,жаңа белестерді тізгіндеуімізге тілектестік білдіргім келеді.Осындай жүрек жарды лебіз,ақ тілектен кейін елорданың мерейтойына арнайы шығарған арнауымды тарту етіп,сөзімді қорытындылауды жөн көрдім:

 

Сарыарқаның қақ төрінен 

                орын алдың бас қала,

Жиырма жылдай уақыт өтті 

                 дес бермедің басқаға.

Елбасының бастауымен орындалған 

                         сол шешім,

Бір сен үшін батыл қадам,

                     бір тарихи бастама!

 

Аз уақытта Алты Алашқа 

             "арман қала" атандың,

Басын қостың жалындаған 

                жасампаз,жарқын жастардың.

Қазағымды күллі әлемге

                   паш етуге түрткі боп,

Өзге елменде саясатта 

                 сара жолды бастадың.

 

Бой көтерді аспанменен

               таласқан сан ғимарат,

Сонау жақтан көрінеді 

              жарқырап,менмұндалап.

"Бәйтерегің","Ақ ордаң" бар,

               "Бейбітшілік сарайы"

Естігенше бір көруді 

               аңсап жүр ғой талайы.

 

Төрткүл дүние дүр сілкінген

               көрмені де өткердің,

Жасыл энергия жетістігін 

               паш етіп барша өзге елдің.

Ұлы дала ұлы елін

                бар шаһар қайта таныды,

Мұның өзі сан бір белес,

                Алты Алаштың бақыты!

 

Қазағымның алтын тәжі 

               бола білдің жас қала,

Көк байрақты желбіретіп 

              тарихты жаздың тасқа да.

Сен дегенде әркез күй мен

             жалындаған жыр дайын,

Өрлей бергін,жасай бергін,

             жайна мәңгі Астана!

 

 

                                                                   Асылан Маханов