КітапШамның алғашқы кездесуі. "Тастамашы, Ана" шығармасы
блог
Қайырлы кеш, оқырмандар! Сіздерге КітапШамның алғашқы кездесуі жайлы сөз қозғасақ...
КітапШамның ұйымдастырған тұңғыш кездесуі 31 наурыз күні өтті. Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың шығармасын қазақ тіліне аударған Саят Қамшыгер ағамыздың "Тастамашы, ана!" кітабын талқыладық. Қазақ тілінде таяуда ғана жарық көрген шығарманы оқып келген бір топ жастар мен Саят Қамшыгер ағамыз кездесуге келген еді. Шығарманың жазылу тарихы, көркемдік ерекшелігі, кейіпкерлердің қазіргі өмірі жайында сыр шертіп, екі сағаттық кездесудің қалай өткенін байқамай да қалған едік. Кездесудің видео нұсқасын сілтеме бойынша https://www.youtube.com/watch?v=noeVaYBe-Ic көре аласыздар.
Айгиз Баймұхаметов – ХХІ ғасырдағы башқұрт әдебиетін танытып жүрген жас жазушы, журналистердің бірі. Бүгінге дейін үш шығармасы түркі тілдес елдерде бестселлерге айналған. Автор «Тастамашы, ана» шығармасы үшін Шайхзада Бабич атындағы Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, VIII Республикалық «Башқұртстан Республикасының үздік башқұрт кітабы» байқауының жеңімпазы атанды.
Қазақ тіліне аударған Саят Қамшыгер – Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, «Астанаға 10 жыл», «Алаш және Рух» атты жыр мүшәйраларының жүлдегері, бірнеше жыр жинақтардың авторы, ақын, аудармашы. «Айгиздің өз басынан кешкен халді көркем шығармаға айналдыруы, оны Саят Қамшыгердің аударуы екі халық арасындағы достықты күшейте түседі» деп Әділғазы Қайырбеков ағамыз айтқандай, халық достығын күшейткен шығарманы оқуға кеңес береміз.