Тосын сауал: Тоғызыншы чемпион пайда бола ма?

Тосын сауал: Тоғызыншы чемпион пайда бола ма?
жеке
блог

Көрінген таудың алыстығы жоқ. Иә, Еуро ойындардың дүбірі басылғаны кеше секілді еді, енді міні іріктеулер аяқталып, көрші Ресейде жалауын көтеретін футболдан әлем біріншілігі де жар артынан қылаң беріп тұр. Біріншілікте бақ сынар құрамалар белгілі, қазір соңғы дайындықтарын пысықтап жатқанда болар, мүмкін кейбіреулері жүктерін буып-түйіп, күміс қанатты заманауи қыранмен Ресей аспанына қалықтауға әзір де шығар. Қалай десекте, стадиондарды қайдам, әйтеуір өнер көрсететін командалардың бастарынан бақайшақтарына дейін бес қарулары сай десек артық емес.

 

 Әлемді аузына қаратқан бұл біріншілікте қай кездегідей қызық әрі тартысты өтеді деген сеніміміз мол. Ал енді әңгіме сарынын аздап ауыстырып, алғы уақытқа шамалы көз тастасақ. Пәлсапалап, болжам жасаудан, қатысушы елдердің баптарын бағамдаудан немесе жүріп өткен жолдарын әңгімелеуден әрине аулақпыз. Онсызда, бұл туралы алпауыт баспасөз беттері жарыса жазып жүр. Оқырманды ойлантар ендігі сұрақ, осы мундиальдың кубогын бұрын жеңімпаз атанбаған ел құрамсы бастан асыра көтеруі мүмкін бе? 

Яғни, тоғызыншы чемпионды күтеміз бе? Тарихы   1930-жылдан бастау алатын футболдан әлем біріншілігін күні бүгінге дейін 8 құрама қанжығаларына байлаған екенді. Олар: Бразилия, Германия, Италия, Франция, Уругвай, Англия,  Испания, Аргентина және КСРО құрамалары. Ал, жоғарыдағы сұрақтың туындауына әсер еткен бірден-бір факторлар мыналар: биылғы біріншіліктен  4 дүркін чемпиондар Италияның тыс қалуы, өздері қатысқан қай сайыста болмасын фавориттер қатарынан орын алатын Нидерланды, Чили елдерінің жоқтығы және Африка, Америка, Еуропа құрлықтарындағы бұрын ортанқол саналған кей құрамалардың биылғы мундиальдан бой көрсетуі. Тіпті, Бельгия, Дания, Польша секілді елдер биыл сарапшылар пікірі бойынша фавориттер қатарында. Расында, бүгінгі Бельгия , кешегі Қазақстан қос ойынды да тең өткізіп, ұпай бөлісіп жүрген Бельгия емес. Соңғы жылдары таланттар ұстаханасына айналған Бельгия құрамасы азулы ұжымдардың алдын ораудан айылын жияр емес. Біздің ұлттық құрамамен бір топта өнер көрсеткен поляк жігіттері де осал емес. Левандовский, ... сияқты нардың жүгін көтеріп жүрген саңлақтар бар бұл ұжымда. Дания да дәл солай. Қашаннан Криштиануға үміт артатын португалдарда осы жолғы бәйгеде аянып қалмақ емес. Исландия, Швеция, Колумбия, Хорватия, Мексика елдерінің де бір айтарлары ішінде. Соңғы өткен біріншілікте сайыпқыран құрамаларды сан соқтырған Коста-Рикадан да көпшіліктің күтері көп. Әдетте ұпай таратқыш, аутсайдер саналатын Азия елдерін жарыс тізімінен ерте сызғанымыз әбестік болар. Ширақ әрі жылдам қимылдайтын азиялық футболшылардың оңайшылықпен ұпай таратуы неғайбыл. Ендігі елді елең еткізер - Мысырлықтардың жай-күйі. Үкілеген үміттері Мохаммед Салах Чемпиондар Лигасы финалында жарақат алып, чемпионат қарсаңында салы суға кетіп отқан жайы бар. Мамандар Салах алаңға қайта оралуы үшін кемі екі апта қажет деседі, алайда "Ливерпуль" шабуылшысының биылғы біріншіліктен бой көрсетуі екіталай. Салах секілді серкелердің жұлдызы жарқыраған тұста, жарыс қожайындары Ресейдің айы оңынан тумай тұр. Соңғы бес ойынның біреуінде болсын басым түспеген Станислав Черчесов шәкірттерінің бабы көңіл қуантарлықтай емес. Сұхбатында мундиальді біз аламыз деп қоймаған Мутко мырза қашпаған сиырдың қаймағынан ерте дәметкендей.

   Бір жандар үшін, бұл мундиаль - ерекше, себебі құрамалары тұңғыш рет бақ сынамақ. Ал, біреулерге қатысушы командалар құрамы осал көрінуі мүмкін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, солтүстік көршімізде өтетін футбол тойы жанкүйерлер жадында ұзақ сақталады деген сенімдеміз!