Нашақорлық - індет, оны жою - міндет!
жеке
блог

Нашақорлық - індет, оны жою - міндет!

Нашақорлық – қоғамға сұр жыландай болып енген сұм індет. Адам жанының саулығына да, тәнінің саулығына да айтарлықтай зор залал тигізіп жатқан бұл фактор ең алдымен ой өрістің дамуына, рухани тұрғыда жетілуге кедергі келтіретіні айдан анық. Өкпені ірітіп, бауырды шірітетін, естір құлақтың өзіне ауыр тиетін «нашақорлық» күні бүгін біздің елімізде ғана емес, күллі әлемге тамырын тереңге жайып, орнығу үстінде. Әрбір ақыл-есі жетіліп, санасы қалыптасқан адам бұл қасіреттің алдын алуды өзінен бастап, өз бойын жаман әрекеттер мен зиянды заттардан, пайдасыз дүниелерден аулақ ұстауы тиіс. Сонда ғана біздің қоғамдағы «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты жанайқай шешімін тауып, нақ осы зауалмен күрес басталмақ.

- Жаны саудың тәні сау, -деген қазақта жүйелі сөз бар. Түтіні бұрқыраған темекіні түтетіп, ақ «суды» қолына серік еткен жандардың денсаулықтарына кірбің келетіні белгілі. Қазіргі уақытта ондай жандар да аз емес. Дәл осындай улы дүниелермен дос болып алған жандардың болашағы қандай болмақ? Олардың қоғамдағы рөлі қандай? Иә, бұл сұрақтың шешімін табу қиынға соға қоймас. Улы затпен уатылып, маскүнемдікке жолы түскен жандардың қоғамға берер пайдасынан зияны мол. Күні бүгін қолына арақ ұстап, суша ішіп жүрген жігіттер қауымы ертеңгі күні нашақор әке, темекіні төл тағамындай көріп, аузынан тастамай жүрген нәзік жандылар нашақор ана атанып, ең алдымен дүниеге келген сәбидің денсаулығын, кейіннен болашағын бұлдыр ететіні хақ. Ұлт денсаулығы мен ұрпақтар сабақтастығының алтын жібі үзілмесін десек, нашақорлыққа қарсы бүкіл ел болып күресіп, бір мемлекеттің тағдырын сақтауға жүйелі түрде жұмылуымыз қажет.