Үй елесінің күнделігі. Қобыз сарыны

Үй елесінің күнделігі. Қобыз сарыны
жеке
блог

Көкек айының 27-сі, 2018 жыл

Алматы

Жаңа қожайындар келді. Қазақтың жас отбасы. Дарабаевтар. Отағасы жасы 35-36 шамасындағы, бірақ тым жас көрінетін азамат екен. Расымен, азамат! Мынандай тамаша балалары, кербез келіншегі бар. Жаңа үйге қоныс аударып берекелі боп жатыр. Бір жылдары осы үйде жарты жылдай тұрған Сағынтаевтардай азан-қазан емес, бұлар бірлігі жарасқан, сабырлы, ұйыған отбасы екен. Жаңа қожайындар келген сайын кішкентай балалары болмаса екен деп тілейтінмін. Мазаны алады. Оның үстіне елесі бар үйдің баласында жөнді ұйқы да болмайды. Сол үшін өзімді кінәлі сезініп жүретінмін. 
Бұл отбасының балалары - ес білетін, өсіп қалған жасөспірімдер. Үлкен ұлы - Мадияр, студент. Кішісі - бойжетіп қалған Мәриям, оқушы. 
Дарабаевтар үй-ішін реттестіріп болған соң, барлығы жиналып Мәриямның жаңа музыкалық аспабын қызықтауға кірісті. Мұндай аспапты теледидардан байқап қалғаным болмаса, тірідей (ой, тірідей деппін ғой) жақын қашықтықта алғаш көруім. Бұл - қобыз деген қоңыр түсті аспап екен. Бұған дейінгі қожайындардан әуесқой барабан, гитара, синтезатор және Қаршыға ағайдың қара домбырасын ғана көріп, тыңдап ем. Ал бұл тым ерекше аспап екен. Мәриям нәзік саусақтарымен байыпты түрде қобыз ысқысын ішектермен жүргізе бастағанда тамылжыған күйге еніп кеттім. Транс. Мұндай дыбысты бұрын естіген екенмін. Қазақтың xалық әні "Ақбаянды" тыңдаппын. Енді есіме түсті. 2000-шы жылдары тұрған Данабай деген кісі, радиоға кассета салып бір тыңдағаны бар еді. 
Мәриям маған белгісіз композицияны орындап болып, үй іші шапалақтағанда барып, күй құшағынан шыққанымды білдім. Үні майдай жағып барады екен. Сазды сарынды сызылтып тарта берсе екен дейсің. Әуеннің желегімен үй ішіне ырыс тіледім іштей. Өздерімен мамыражай береке ала келген отбасыдан айналып кетесің ғой. Мұндай іңкәрлікті елестің өзі сезінгенге қандай түсінік табарымды білмей тұрмын. Алапат күшке ие қобыз сарыны мен мықты энергетикасы деп топшыладым. Енді күнде Мәриямды сабақтан келіп, қобыз тартып дайындалғанын күтіп жүретін боламын.