Үй елесінің күнделігі. Меруерт сырғалы қыз
жеке
блог

Үй елесінің күнделігі. Меруерт сырғалы қыз

Көкек айының 26-сы, 2018 жыл

Алматы

Сәлем. Бұл – Жібек. Мен – үй елесімін. Алматы қаласының Момышұлы көшесіндегі жер үйде тұрақтап қалғаныма қанша жыл болғанын өзім де білмеймін. Жаңылып қалдым-ау, сірә. Тегінде ширек ғасыр болған шығар. Үй елесі болған маған ұнайды. Оған себеп болған Қаршыға есімді осы үйдің ең алғашқы қожайыны еді. Қаршыға мырза болмысы бөлек, тым ерекше кісі еді. Талғамын айтсаңызшы. Әр жиһаздың, әр заттың белгіленген өз орындары болушы еді. Сақадай сай және барлығы асқан талғаммен таңдалып,  орналасушы еді. Қаршыға мырза менің қалыптасуыма ықпал еткен бірден-бір тамаша адам еді, шіркін. Ол кісі қонақ бөлмеге даңқты нидерландтық суретшінің "Меруерт сырғалы қыз" картинасын іліп қоюшы еді. Күнде таңертең сол картинаға қарап алғаннан кейін барып іске кірісетін. Ол әдет маған да жұқты. Көз алмай картинадағы қыздың көзіне, бітіміне, сұлу жүзіне қарап тамсанып отыра беретін едім. Суреттің астына қазақша әріптермен "Меруерт сырғалы қыз – Жібек" деген жазуды да байқайтынмын. Негізінде оның аты Жібек емес-ау. Қаршыға ағай бәлкім кезіндегі ғашығын суреттегі қызға ұқсатып осылай жазып қойған болар. Маған да суреттегі қыз ұнайтын. Кейін Жібек деген есімді өз-өзіме меншіктеп алдым. Меруерт сырғам болмаса да, келбетім Жібектей еді. Әттең, оны ешкім көре алмайды. Өйткені, мен – елеспін. Мен өз-өзімді тек айнадан ғана көре аламын. Келбетім мына суреттегі қызға келеді. Елес болмасам артымнан бірталай жігітті жүгіртер ме едім, кім білсін? Хош. Айтпағым ол емес. 

Мен күнделік жүргізуді жөн санадым. Әтпесе өмір өзен ағып жатыр, ағып жатыр. Өткеніңді еске алып дежавю сыйлайтын нәрсе керек болды маған. Содан осы күнделікті бастаймын деп шештім. Ал мен кеттім. Үйге жаңа қожайындар келіп жатыр. Барып жүздесіп қайтайын. Келесі кездескенше.