Бұлыңғыр болашақ тағдырлар

Бұлыңғыр болашақ тағдырлар
жеке
блог

        Сәлем, массагет әлемі! Адамға шабыт қай тұстан не болмаса, қай жерден келетінін біліп болмайды. Кей-кезде жазарға ой тапаған жан, қазір де жеткізер сөзінің шекарасы шексіз. Әр жазған мақала астарына, бір түйін қалдырып отырамын. Ол түйінді ашып түсіну, түсінбеу өз құзырларыңызда. Ал бүгінгі түйгізер ойым бұлыңғыр болашақ тағдырлар.

       Қазақтың аруларын «қызды қырық үйден тыйым» деген санамен өсірген. Оларды аяулы жар, ана кейпінде тәрбиелеген. Киген киімі мен таққан әрбір әшекейінің түпкі бір мәні болған. Мысалы, біз білетін шолпыны қыз-бала қадамын жәй басуға үйреткен, тәрбие көзі ретінде қолданған. Осыдан-ақ қазақтың әрбір салт-дәстүрінің бейжәйдан пайда болмағандығын аңғаруға болады.

       Қыз баланы ұл көрсеткіші деп бекер айтпаған. Қыз баланың тәрбиесіне қазақ халқы бұрыннан аса мән берген. Оларды тәрбиелеуді алдымен әжесіне, содан соң анасына табыстаған. Оларды болашақ жар, аяулы ана, асыл әже ретінде тәрбиелеуге тырысқан. Себебі олар ұлтты әрі қарай жалғастырушы жандар. Оларды инабатты да, ибалы етіп, үлкенді сыйлауды, қолдарынан үй шаруаларынның келуін қадағалаған.

      Қызын бөтен үйге қондырмай өсірген аруларымыз, тыйылуы тиіс қырық тыйымның бәрін ұстанған. Осы жолмен тәрбиеленіп өскен қыз баласы түскен елінің келіндердің алды, асыл әжелердің асылы болғаны шүбәсіз.

         Қазіргі таңда осы қағидаларды өзіне нық ұстанып, болашағын ойлаған қыздарымыз кемде кем. Өкінішті ақ бірақ ол тәрбиенің босаңсуынан. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Өскелең ұрпақтың тәрбиесі нашар, ата-анасы жұмыс басты секілді бос сөздермен сіздердің ойларыңызды айнытар ниетте емеспін. Қыз баланың өсуіне жауапты жандар жетерлік. Ата-әже, ата-анасынан бөлек көрші қауымы, араласар ортасы да өз үлестерін қосары анық.

         Массагет ауылында қыз тәрбиесіне арналған кеңестерде, насихат сөздерде жетерлік. Менің жазар ойым тек солардың қатарындағы кезекті блог. Түйер қорытындыңыз тікелей өз өміріңізбен байланысты екендігін ұғынғандығыңыз жөн.

         Сөзімнің қорытындысы ретінде, бір әңгімені баян етейін. Орта ғасырда бір патша өмір сүріпті. Ол көрші елдерді жаулап алу мақсатында, тыңшыларын сол елге саудагер ретінде жібереді. Арада біраз жыл өтеді. Тыңшылары еліне оралып жыл бойы ол ел туралы не білгендерін ханға айтып береді. Бірінші тыңшысы, болған елінде сауық-сайран құрғандығын, көптеген қыздармен көңіл көтергендігін, ол елде қарны тоқ көйлегі көк болып жақсы өмір сүргендігін айтады, ал екінші тыңшысы болса, өзі болған елде бірінші ел сияқты емес, еңбек етіп, өз күнін өзі көріп жүргендігін, ол елдің қыз тәрбиесіне қатты қарайтындығын, кешкі мезгілде үйден шығармайтындығын жеткізеді. Хан сол кезде, жорыққа бірінші елді шабатындығын айтады, оның не себепті екінші елді емес, бірінші елді жаулайтынын білгісі келіп уәзірлері сұраған кезде, хан: «Елінде қыздарын бос ұстаған ерлерді жаулап алу оңай, ал елінде қыздарын қатты ұстаған ерлерді жаулап алу қиын. Себебі, олар намысы үшін бәріне де дайын» деген екен. Бұл мысалды не себепті жазып отыр деп ойлайсыз, егер біз намысшыл болатын болсақ тек қыздарымыз емес, еліміз де жауланбас берік қамалға айналар еді.