Адамның есімі иттің кличкасы емес

Адамның есімі иттің кличкасы емес
жеке
блог

           Сәлем, массагет әлемі.  Менің ойымша мақала жазу терең ізденісті талап ететін өнер түрі секілді. Себебі мен көп уақыт мақала жаза алмай жүрдім. Шығармашылық шабытым азайып, құлдырау кезеңін бастан өткіздім. Иә, оны оятуда қиын шаруа екен. Түрлі әуендер, тіпті өмірден түйген ойларымды да, өзім сүйіп көретін дорамаларда өз үлестерін қоса алмады. Жазу үшін тақырып бар, бірақ оны әрі қарай іліп әкетер сөздік қорым жоқ.

          Иә, қиын кезең болды. Ал, бүгінгі мақаламның басты тақырыбын есім қоюдағы әбестіктерді қаламыма арқау еткім келеді. Басты себеп болашақ ұрпақтың жадының жаңылуы, яғни заман сауатсыздығы.

         Адамға есім не үшін қойылады? Неге әр адам, әр түрлі есімнің иесі? Мысалы менің кім екендігімді, есіміме қарап тани түседі. Яғни басты рөлде адамның тұлғалық көрсеткіші - есімінде. Сәби дүниеге келісімен өзіне тән есімге ие болады.

       Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, сөздің де екі жағы бар. Біріншісі, мен келтірген есімге құрметсіздік. Ал екіншісі, зиялы қауымның есіміне деген адалдығы. Мысалы, Абай атамыз бен Ыбырай аталарымыздың азан шақырған есімдері Ибраһим, ал Шоқанның шын есімі Мұхаммед-Қанапия және де бес арысымыз бен үш бәйтеректің есімдеріне деген құрметтіліктерін осы тұстан аңғаруымызға болады.

       Әр заманға тән есімдердің топтамасы болады. Бұрынғы қазақ есімдеріне назар салсаңыз Қасқырбай, Қойшыбай, Сүйінбай секілді түрлі жануар не болмаса дене мүшеге байланысты қоя салған. Ал бертін келе, қызыл әскер заманының қысбағы болар Мэлс, Марлен, Ленин секілді совет есімдерінің көптеп кетуі сол жылдары көп кездескен.

      Мұның бәрі ер кісілердің есімдері. Енді қазақтың қыздарының есімдеріне тоқталып өтсек. Қазіргі таңда есімдер ішінен Диана яғни, грек құдайының есімін кездестіреміз. Менің ойымша, заманымыздың тарылуынан есімдерімізде қысқарып, еліктеушілік артып, құлдырау кезеңін өткізіп жатырған секілдіміз. Жұпыны есімдер мен мағынасыз, саны барда сапасыз атаулардың көбейгендігі қазақтың соры секілді.

      Елестетіңізші болашақта Эльза әже, Сиви әже, Зируза әже деген есімдер құлаққа жағымсыз естілмейді ме? Естілмек түгел, бұл есімдерді оқығанда күлкіге батасыз. Арсыз күлкіден не пайда, қазақылықты жоғалтудың алдында тұрған болсақ.

      Қорыта айтар болсам, мағыналы есімдер тікелей болашаққа әсер етуші. Есте сақтаңыз есімдердің айтылуы қабылдау жүйеңізге бірден әсер етеді. Болашақтың тұтқасы өзіңіздің қолыңызда. Есім таңдау мен болашақ таңдау бір іс екендігін ұмытпаңыз.