ҒАСЫР ТҰЛҒАСЫНАН ҰЛАҒАТ..

ҒАСЫР ТҰЛҒАСЫНАН ҰЛАҒАТ..
жеке
блог

 Бата – қазақтың қазақ болып қалыптасуынан бастау алып, әрідегі ата-бабаларымыздың қанымен дарып, бүгінгі қазақ қауымына дейін қаймағы бұзылмай келген ежелгі дәстүріміз. Бір игі бастаманы бастамас бұрын, жолға шығар алдын, я болмаса кез-келген қуаныштың жаршысы ретінде үлкеннен кішіге «ұлағат» есебінде бата берілген. Дәл сол жолдан таймай, қазақтың Димашы да еліміздің дара көшбасшысы, кемел де кемеңгер тұлғасы, Қазақстанды «Қазақстан» етіп отырған жұмыр жүректі ғасыр адамы, Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр жерді бірлікте ұстап отырған ақ патшамыз  – Нұрсұлтан Әбішұлының алдынан өтіп, бата алған еді. Еліміздің әлемге танылуына 25 жылдан бері маңдай терін төгіп, халқына қызмет етіп келе жатқан елбасымыз Димаштың да ел беделі жолындағы еңбегін елеп, оған өзінің жүрекжарды тілегін, ақ батасын берген сәттің өзі неткен ғанибет?! Бір ел үшін қызмет етіп жүрген тау тұлғалардың таудай талаптары «әке көрген оқ жонардың» керіне келгендей-ақ болды. Атышулы «I AM A SINGER» жобасынан кейін ұйымдастырылған елбасы мен Димаштың кездесуі осындай рухани құндылық, әке мен бала арасындағы ізгілікке толы болып өткен еді. Сөз барысында ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан атамыз:

-         Аман-есен бол, болашағың жарқын болсын. Қазағыңа, еліңе қызмет етуге Алла күш-қуат берсін! – деп ел перзентінің амандығына тілеулес те болды. Біртұтас ұлтты бірегейлікте ұстап отырған бірегей тұлғаның жүрек түкпірінен шыққан жылы лебізі кімді де болсын қуантады емес пе?

Елдің қос қыранының кездесуі көгілдір экранның бергі бетінде отырған мені де жігерлендірмей қоймады. Дәл осы сюжетті көріп отырып:

-         Шіркін, мен де елімнің дамуы жолында теңізге түскен тамшыдай болсын үлес қоссам ғой,- деген ниетпен арман мен мақсат жетегінде қалдым.

   Елбасының Димашқа берген батасы оның өнер жолының өрелі болып өрнектелуіне, миллиондаған халықтың сенімі мен ел басшысының кіршіксіз үмітіне, ел мен жер абыройының асқақталуы жолындағы жауапкершіліктің еселеп ұлғайғанын айқындағандай-ақ. «Бұдан басқа да жобалар мені күтіп тұр» - деп, жақсылықтың бір ұшын көрсеткен, нардың жүгін арқалап жүрген Димаштың да ел артқан үмітке бейжай қарамайтынына қанық болдық. Дәл осы картинадан кейін қазақ жастарының оқу-білім, мәдениетке, өнерге деген талпыныстарының күшеймеуі мүмкін емес шығар-ау...

  Ғасырдың ғаламат тұлғасы, аты аңызға айналып үлгерген аңыз адам – Нұр-атаның болашақты қолына ұстап тұрған жігерлі жастарымыздың бірі – Димашқа берген ұлғаты – барша қазақ жастарына берілген ұлғат, Қазақстанның жарқын сәулелеріне берген өнеге деп білемін.