МЕН БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫН ҚАЛАЙ ЕЛЕСТЕТЕМІН?
жеке
блог

МЕН БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫН ҚАЛАЙ ЕЛЕСТЕТЕМІН?

Болашақтың энергиясы дегенде, әлбетте, ең алдымен көз алдымызға әлемге әйгілі «ЭКСПО-2017» көрмесінің бейнесі елестейді. Жалпы, энергеия дегеніміз не, оның өмірде қандай маңызы бар? Энергия - әлемнің «әлем» болып сақталып тұруының басты кепілі, күш-қуат көзі.Дәл осы күнге дейін адамзат баласы энергияны қазба байлықтар мен жер қойнауынан шығып жатқан қуат көздерінен алды, ал қайсыбір елде бұндай табиғат байлықтарының қоры болмаған болса, басқа елдерден сатып алып, қаражат көзі арқылы энергияны тұтынды. Дегенмен, әрбір адамды алаңдатып, кез-келген адамды ойландыра бермейтін сұрақ мені қатты алаңдатады. «Осы қазба байлықтардың қоры күндердің күні таусылады, сонда ғаламшардың күйі не болмақ?» - деген сауал көкірегімді кес-кестеп, ой-санамды шырмауықтай шырмап алды. Қанша мойындағымыз келмесе де, бұл – ақиқат емес пе? Қазір тұтынып отырған энергия түрлерінің қорлары таусылар болса, ғаламның қандай бейшара халде болатынын тіпті елестету де қиын... Күңіренген, сұп-сұр, боп-боз шаһарға айналған қалалар, тіршілігінде түйірдей мән қалмаған адам баласы, әр жерде өлімсіреп жатқан жан-жануарлар бейнесі, тірі өлікке айналған жаһан.. Иә, адам көргісіз, қиын сюжет. Сондықтан да, адамзат тарихында осындай өрескел қателік пен бармақ тістем орын алмасы үшін ұйқыдағы адамзат оянып, жаңаша, таусылмайтын қуат көздерін табуы шарт. Оған үлгі бола алатын - әлем назарына бұрын соңды бұндай проблемалық тақырыппен ұсынылмаған, тұңғыш болып Қазақстан насихаттаған «EXPO-2017» Болашақтың энергиясы» атты бүкіләлемдік көрме. Бұл көрмеде Қазақстан 110-нан астам елдермен бірлесе отырып, әр елдің павильонында болашаққа бағдаршы болатын, алдағы уақытта дүн-дүниенің пайдасына асатын табиғаттың жаңаша қырларын таныстыратын энергия көздерінің үлгілері көрсетілген. Бүгін барша жұмыр басты пендеге «үлгі» болып көрсетіліп тұрса, күні ертең сол үлгілердің түпнұсқасы шығарылып, әлем шынында жаңа арнаға бет бұрмасына кім кепіл?! Көрменің басты бағытына келер болсам, мен аяғына тұрғанына 26 жыл ғана болған елімді шынымен де мақтан тұтамын! Көзін шақырайтып, сәулесін қара жерге шашып тұрған күннен, арнасынан асып- тасып, толқындай тулап ағатын судан, тал мен ағаш басын изесе, жайқалып соғатын желден күш-қуат ала білу – ақылды адамдардың болашаққа салған ізі деп білемін.  Менің қиялымдағы болашақ:

Жап-жасыл Қазақстан. Күн нұрынан нәр алып, су күшімен қуаттанып, желдің самалымен желпініп өндіріліп жатқан энергия күштерімен тыныстау үстіндегі әлем. Тап-таза, кіршіксіз табиғат. Ауру-сырқаусыз дүниеге келген періште сәбилер, дені сау ана, дені сау халық. Гаджеттер мен смартфондарды қуаттау үшін, мәшиненің дөңгелегінің жүріп, діттеген жерге жету үшін, жарық сәуле алу үшін, тіпті электронды кітаптарға да қуат беру үшін табиғаттың сарқылмас күшін пайдаланып жүрген адамзат кейпі – болашақтағы біздің және біздің ұрпақтарымыздың заманасы. Оқу мен білім, жаңаша жаңалықтарға ұмтылған жалынды жастардың ғасыры.

    Мен, жұдырықтай жүрегіммен болашақ энергиясын осылайша сеземін, қара көздеріммен алдағы 1000 жылдықтың парағын осылай елестетемін, балаң көңіліммен Қазақстан әлем сахнасына жариялаған энергиялардың өндірілетініне нық сенемін. Ал, осы энергия көздерін тұтынған әлем халқы – ең бақыттылар қатарынан болатынына да еш шүбам жоқ...