ЕҢ КЕРЕМЕТ ЛАГЕРЬ

ЕҢ КЕРЕМЕТ ЛАГЕРЬ
жеке
блог

 

 

   Бәрі күтпеген жерден басталған еді. Тым қарапайым түрде... Жаһандану заманының айнасы-әлеуметтік желілердің бірінен осы байқау жайында естідім. Байқаудың шарты: «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбында шығарма жазу еді. Мен ешкімге ескертпестен шығарма жазып жібердім. Сәтті күндердің бірінде ұйымдастырушылар алқасы хабарласып, «Айдана, сен жеңімпазсың!» дегенде қуанышымда шек болмады. Ерекше бақытты едім. Себебі, мыңдаған қатысушылардың арасынан үздік отыздыққа іліну туралы ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бұл байқаудың ғажабы сол - әлем бойынша жерінің көлемі жөнінен тоғызыншы орынға табан тіреп тұрған кең-байтақ елімнің ең әсем 4 қаласына саяхат жасау еді. Күндер өтті, түндер өтті. Тоқсандық демалысыммен қатар, менің туристік саяхатымның уақыты да келіп жетті.

  Сапарымыз Елордамыз Астана қаласында 120 баланың бас қосуымен басталды. Ең алғашқы сәттерде, жетекшілерімізбен қатар, бірге саяхаттайтын туристік топ мүшелерімен танысып, білісіп, тіпті достасып та кеттік. Таныстықтан кейін, Еуразия жүрегі саналған Елордамызға саяхатымызды бастадық. Ең ірі ойын-сауық орталықтарына (Ханшатыр, Бәйтерек, Думан), тарихи-мәдени мекеме орындарына («Астана Опера» опера және балет театры, Ұлттық музей, Бейбітшілік және келісім сарайы, т.б) және болашақтың қаласы – Астананың кербез көркемдігін айшықтап тұрған ірі ғимараттарға экскурсиялық саяхат жасадық, қаламыздағы ең биік ғимараттан еңселі Елордамыздың сұлулығына көз сүздік, Астананың тарихымен терең таныстық. Ұлттық музейдің ең үлкен залында салмағы 2 тоннаға жуық, хромнан жасалған алтын қыран шаңырақ астында қанатын жайып тұр. Ерекшелігі: әр 1 сағат 30 минут сайын дәл осы залда шоу болады екен, «Өз елім» әні шырқалып, алтын қыран қанатын сермейді. Бұл әдемілікті көргенде, ойыма Қазақстанның қанатын қырандай кеңге сермеген тәуелсіз, дербес, егемен ел екендігі есіме оралып, шүкір айттым. Сондай-ақ, бас қаламыз Астананың елімізді бүкіл әлемге танытуға мүмкіндік беріп отырған «Expo-2017» халықаралық көрмесіне қызу дайындалып, қаланың қай бұрышына барсаң да, құрылыс орындарының жүйелі жұмыс атқарып жатқандықтарына куә болдым.

  Астанадағы 2 күндік саяхатымыз мәресіне жетіп, Байқоңыр қаласына жеке пойызымызбен жолға шықтық. Араға 1 күн салып, Байқоңыр қаласына да жеттік. Жер кіндігі саналған Байқоңыр қаласында аспан әлемімен тығыз байланысты тың деректермен таныса отырып, ғарыш кеңістігіне сахаттағандай күй кештік. Экскурсиялық саяхатымыздың бастамасын қаламен танысудан бастадық. Қаладағы ірі ғимараттармен, оқу орындарымен танысып, қаладағы ескерткіштер туралы білімімізді терең тұрғыда жетілдірдік. Көптеген ірі мұражайларға саяхат барысында ғарышқа ұшу жөнінде, оның қыр-сыры жайында толық мәлімет алдық деп айта аламын. Сонымен қатар, әлемдегі тұңғыш ғарышкер – Юрий Алексеевич Гагариннің ғарышқа ұшардан бір түн бұрын түнеген үйін, қолданған заттарын көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап, тамаша күй кештік. Байқоңыр ғарыш айлағы тарихының мұражайы да бізді қызықты әрі таңқаларлық деректерден бейжай қалдыра қоймады.

   Байқоңыр қаласынан кейін көне қала Түркістанға бет алдық. Мен үшін тарихтың айнасы саналатын Түркістан даласына тамсанбаған адам кемде-кем. Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелерінің сан ғасырлар бойы кірпіштерінің құламағандығы, Ақ мешіт сынды жер асты үңгірінің құрылысы , тарихтың иісі аңқыған Сауран қаласының орны мені қайран қалдырды. Арыстан баб кесенесінің алдындағы құдықтан бір жұтым су ішкенде тіпті бақытты едім. Түркістандағы сапарымыз одан әрі Ұлы Жібек жолының бір тармағы, алты ай бойы 600 мың әскерлі Шыңғыс ханға бағынбаған көне қала Отырарда жалғасын тапты. Отырар қаласының орны.. Онда ескі қаланың қалдықтарынан басқа ештеңе жоқ, есесіне, тарих бар. XI-XII ғасырлардағы Отырар моншасына, қаланың орнына барып, қабырғасын қолмен ұстағанда көз алдымнан тамыры терең тарихымыз жүгіріп өтті.

    Міне, осылайша тарихтың түп қазығы саналған көне Түркістан жеріндегі сапарымызды аяқтап, ірі мегаполис, оңтүстік астанамыз Алматы қаласына беттедік. 1000 жылдық тарихы бар алып шаһар Алматыда бірнеше ірі ойын-сауық орталықтарын, саябақтарды, жануарлар әлемін қызықтадық. Әлемдегі ең ірі мұзайдындардың бірі және бірегейі болып саналатын Медеуде көңіл көтеріп, Шымбұлақтың аспалы жолынан Алматыдай ару қаланың сұлулығына шомдық.

   Алматыға жасаған сапарымыз да көп ұзамай аяқталып, еліміздің бас қаласы Астанаға жолға шықтық. Астанаға екінші мәрте баруымыз – теңдесі жоқ саяхатымыздың аяқталуымен пара-пар еді. «Самұрық-Қазына» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ғимаратының 45 – қабатында туристік саяхатымыздың салтанатты түрде жабылуы өтті. Небәрі 10 күн ішінде бір үйдің баласындай болып, бір-бірімізге бауыр басып кеткен біздерге жетекшілермен, достарымызбен жолдарымыздың бөлінетіндігі оңай соқпады.  Салтанатты мейрамның соңы, ұйымдастырушылар алқасы, яғни, «Самұрық-Қазына Траст», «Қазақстан Темір жолы»  компанияларының туристік саяхатқа қатысқан 120 жасөспірімді мақтау қағаздарымен марапаттап, сыйлықтар табыс етуімен мәресіне жетті.

   Туған елге саяхат  – Қазақстан жастарының армандарының орындалуы, 10 күн ішінде мыңдаған дереккөздер арқылы ертеңгі ел болашағы саналып отырған жастардың білімдерінің жетілуіне жол ашқан көлемді жоба, батыстың баласының шығыстың баласымен, оңтүстіктің баласы мен солтүстіктің баласының бір мәмілеге келіп, достық қарым-қатынас орнатуына ықпал еткен жоба. Осы көлемді жобадан алған керемет әсерлерімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Бұл жоба сыйлаған керемет күндер мен керемет әсерлер мені тек алға жетелеп, биікке ұмтылдырды, мақсаттарым мен армандарымның екі еселенуіне жол ашты, өзімді тәуелсіз Қазақстанның бақытты ұланы екенімді сезінуге бірден-бір мүмкіндік берді, армандар мен талаптардың орындалу ошағы – дербес Қазақстанның тәуелсіз таңы аясында әр адамның арманының орындалатынына көзімді жеткізді. Еліміздің егемендігі мен еркіндігінің, тәуелсіздігі мен дербестігінің ғұмыры ұзақ болғай! Біліміміз бен танымымыздың жетілуіне 10 күн ішінде үлкен септігін тигізген бұл жобаны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз!