Менің ҚазҰУ-ым
жеке
блог

Менің ҚазҰУ-ым

Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстандағы жоғары білім берудің көшбасшысы болып табылады.  Университет өз бағытын дұрыс қолданып, ғылым мен білімнің дамуына жол ашып, білікті мамандарды даярлау үстінде.  83 жылдық тарихы бар қара шаңырақ-  ұлағатты ұстаздардың ұлағаты мен жалынды жастардың білім мен ғылымға деген ізденісін бойына сіңіре білген үздік оқу орны.

Әл-фараби атындағы Қазақ  ұлттық университетінде, жоғары білім ордасында,түрлі аймақтан келген білімгерлер 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық бағыттағы түрлі салаларда білім алуда. «ҚазҰУ қалашығы» деп аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы,  «Әл-Фараби»  кітапханасы, әскери кафедра, спорт кешені мен стадион, жаңа ғимараттар, студенттер үйі, «Керемет»  медициналық орталығы және студенттерге қызмет ету орталығы барлық білім алушылар үшін қызмет көрсетіп келеді.

Біздің университетімізде дәстүрлі түрде жыл сайын 1-курс таланттарын анықтау, «Студенттік көктем», «Smart Student’s project», «Ана тілі аруы- Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп отырады. Сонымен қатар,  студенттердің ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс жасайды. Оның құрамында «Құқықтық тәртіп сақтау жасағы», «Жоғары студенттер кеңесі», «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы,  «Көмек» қоғамдық қоры, «Студентік сенат» ұйымы, « Студенттердің ғылыми қоғамы» кіреді. Осы аталған ұйымдардың ішінен мен университетіміздің тәртібін қарайтын, елеулі жұмыс атқаратын , университетте өзіндік орны бар «Құқықтық тәртіп сақтау жасағында» қызмет атқарамын. Біздің ұйым белгілі жасалынған жоспар бойынша жұмыс істейді. Мен де өз тарапымнан берілген тапсырмаларды мұқият орындап, «Құқықтық тәртіп сақтау жасағының» талаптарына сай өз жұмысымды атқарудамын.