Ақылды тентек – Ануар

Ақылды тентек – Ануар
жеке
блог

       Осы жазбамды 4 жасқа толған кішкентай «почемучка» Ануар деген ұлым жайында қозғамақпын. Баламның небары 4 жасқа келіп ақылды, зерек, алғыр болып өсіп келе жатқаны ана ретінде мені, әрине, қуантады.

         Ануар 21 наурыз күні Наурыз мерекесі қарсаңында дүниеге келген үйдің үшіншісі. Арсеннен кейін араға 5 жыл салып келгесін бе әкесі де, өзім де оны ерекше жақсы көріп, тым еркелетіп алған секілдіміз. Ол өзге балалар секілді сұрақты көп қояды, шамадан тыс десем де артық емес. Бір таңқаларлығы Ануар 3 жастан бастап өздігінен орысша сөйлей бастады. Өздігінен дейтінім оған отбасы мүшелері тарапынан ешкім үйреткен жоқ, балабақшаға да қазақ тобына барады. Қазіргі қоғам балаларының барлығына дерлік шұқшия қарайтын теледидар, ұялы телефондардың бірден бір көмегі деп ойлаймын. Сонымен қатар, бөлесі Сарматтың да әсері жоқ емес (қалада өскен қазақтың орыс тілді баласы).

         Күнделікті өміріміз таң атысымен ұлым екеуміз үйден ерте шығамыз. Біріміз жұмысқа, біріміз балабақшаға. Әкесімен жарысып теледидар қараған Ануар кешкісін ұйқыға кеш жатады да таңертең маужырап әрең оянады. Киіндіріп, жуындырып балабақшаға жеткенше сөйлеп, әр нәрсемен алаңдатқым келіп, сұрақ қойып ұйқысын ашу үшін сөйлету амалдарын жасаймын. Ал, жұмыстан соң кешкісін балабақшадан үйден жеткенше, керісінше, мен шаршап ол сөйлеп барады. Шаршасам да әрбір сұрағына мән беріп, жауап беруге тырысып бағамын. Жауап бермесіңе қоймайды ғой. Басымды қолымен өзіне қаратып бұрып алатынын қайтерсің.

         Ануар – үйдің еркесі, патшасы, пульттің бастығы бола тұра өте ақылды. Әжесі «ақылды тентек қой» дейді. Атасы да еркелетіп түрлі сұрақтар қойып отырады. Әкесі «менің балам» деп мойнына мінгізіп, кейде тіпті балаша қуаласып ойнап та алады. Апасы мен ағасы сірә уәзірлері десем болады. Тәртіпке шақырушы немесе кейде дауыс көтеретін өзім ғана. Дегенмен ақылды тентегіміз үйдің мерекесі де, берекесі де. Ол болмаса үй суық, тып-тыныш, біртүрлі құлазып кетеміз. Әрбір күлкілі қылықтары мен адам ойына келмейтін тапқырлық сөздерін, іс-әрекетін айтып үй-ішімізбен сағынып отырамыз.

         Шүлдірлеп сөйлеген, қабағын түйіп қойған сұрақтары, айналасындағы барлық адамды еріксіз орысша сөйлетіп жіберуі, әрбір өз әлеміндегі қызықты әңгімелері – мен үшін бақытты минуттар мен секундтар...