"Абай жолындағы" сыры ашылмаған сөздер

"Абай жолындағы" сыры ашылмаған сөздер
жеке
блог

          Абай Құнанбайұлы... Мұхтар Әуезов... Абай жолы...

          Бұл сөйлемдер қазаққа таныс ұғым. Қазақтың жазба әдебиетін қалаушы адамның өмірін қағаз бетіне түсірген, жәй түсіріп қана емес, болашақта есте қалардай мұра қалдырған Әуезовтың шығармасы қазақ оқымаса ұятты іс секілді.

          Қандай шығарма болса да, оның басты ерекшелігі сол жазылған нәрсені сипаттағандай дәмін татып, иісін сезгендей, қолмен ұстап, көзбен көргендей әсер етуі тиіс. Міне, нағыз жазу үлгісінің құдіреттілігі осы! Сондай үлгі де жазылған, әдебиет әлемінде үлкен орын алатын Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабы. Бұл кітап мен үшін тұнып тұрған ежелгі салт-сананың дәуірі іспетті. Себебі оның басқа шығармалардан үлкен айырмашылығы бар, ол - сөйлем түрлерін көркем түрде қолдана білуі. Абай жолын оқымаған қазақ жоқ шығар, оқымадым дегеннің өзін де әйтеуір бір тарауын, не болмаса жобасын білеміз. Ал сондағы көркемдеуіш сөздерге назар аударып, ол не мағына да қолданып тұрғандығын ұғынып көрдік пе?

          Ал мен жәй ғана оқып шыққанымды енді ұқтым. Сол кезеңге енгендей кейіпте емес, жәй көз қырымды салып оқығанымды енді түсіндім. Иә, бұл мақаламды, «Қазақ әдебиеті» газетін оқығаннан кейін қолға алуды жөн көрдім, себебі мен білмеген «Абай жолындағы» тансық сөздерді мүмкін сіздер де біле бермессіз. Айта кетер жағдай, бұл тек «Абай жолының» бірінші томынан алынған тіркестер ғана. Ал басқа үш томның құпиялылығы қаншама десеңші!? Сонымен сол кезеңнің тұрақты тіркестерінің мағыналарын түсініп көрейік.

         1. Баж еткенмен ықтап кеткен секілді, - алғаш оқығаным да, бұл сөйлем түрін ұрыстан соң, өз орнына түсті мағынасы деп санап жүрсем, бұл тіркес малға қатысты, боранды күні жел жоқ, таудың ағынын іздеп кеткен малға қатысты айтылған ұғым екен.

        2. Ел айығып оңаша қалғанда Барлас өз жырларына Асан қайғы, Бұхар жырау, Марабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сабанбай, Балта, Алпыс ақын, бәрін қоса, өзі құрбы өзге ақындар айтқан жырларды термелеп кетеді, - дегенде айығу сөзі жазылу ғана болса, Әуезов ел кеткенде, ел аяғы басылғанда деген мағынада жұмсаған.

        3. Ей, менің балаларым, мына бала қонағың тартымды жатыр-ау өзі ойламаймысыңдар? – деп, жақсы жадырап, шын бейілденді. Бұл сөйлемдегі «тартымды» сөзі келбетті, әдемі жатқан бала деп санасаңыз, қатты қателестіңіз, себебі «көңілден шықты» мағынасында қолданылып тұр.

        4. Құнанбай ауылдан қашаң отырса да, бұлардың қатты жүріп келгенін аттарының сонау алыстағы ажарынан байқап еді. Бірінші тіркесте «қашаң» сөзі алыс отыру деген мағынада болса, «ажар» сөзі барлығымызға мәлім адамның бет-бейне кейіпін айтса, Әуезов оны аттың жүрісінен, жағдайынан байқау мағынасында суреттей жазған.

        5. Ол шешендіктен гөрі басқарақ түкпірі бар жан. «Түкпірі» сөзі сыры, құпиясы бар адам.

        6. Сол кештен оншақты күн өткен шамада Құнанбайдың үлкен ауылы Ақбайтал асуынан асып барып, Шыңғыстың сыртындағы Жігітек, Бакенші, Жалауы болған Қопаның аузына қонды сөйлемінде, «аузына қонды» тіркесі үстіне қонды деп шатастырарсыз, бірақ ол сай, өзектің басталар тұсы деген мағынада.

        7. Басыңда үкің жоқ деп қиғылық салады, -  тырнақ астынан кір іздейді, не болмаса соған тиіскісі келеді деген мағынада.

        Өздеріңіз байқағандай сөйлемнің мағынасында емес, сонымен қатар жазылу жолының өзі тұнып тұрған әдебиет жауһары. Қазірге кездегі сөздің аяғын жұтып, жетесіз, жүйесіз сөз көбейгендігінен болар бұл туындыны қарапайым халық жете түсінбесі хақ. Бұл туынды қазақтың дәстүрлі сөйлеу мәдениетінің жоғары сатыдағы аса құнды жазу үлгісі.

        Менің ойымша, ескі әдебиеттің сөз саптауы беймәлім кодтарға айналуда. Сіздерге ұсынылған сөйлемдер, сол кездегі әлеуметтік сананың ашық құрылымының түсінер сөздік қоры болса, ал бүгінгі ұрпақ үшін жабық ұғым. Себебі біз ол кезеңдегі тіркестердің мағынасын қазіргі кезде зерттеп білмесек, күнделікті өмірде тіптен де қолданбаймыз. Өйткені, құрылымы тұрмақ, сөздің өзі жат секілді.

        Мақаламды түйіндей келе, мұндағы тұрмыстық сана қазіргідей жартыкеш ауызекі сөйлеу тілін тудырмаған. Байқамай өтіп кеткен тұстарымды өзім оқып, қателіктерімді түсінгенде, мен сонда не оқып, не түйдім деген ой келді. Сонда оқығанымның мағынасын білмей, жәй өте шыққаным ба? Көркемдеуші сөздерді, тұрақты тіркестерді, құрмалас сөйлемдерді астарлап, тура мағынасында емес, басқа мағынаға бұрған Әуезовтың шығармасы - гауһар туынды. Жазудағы басты мақсатым болған ой, өз қателіктерімді теріп жазып, сіздерді де келесі бір кітапты оқыған да мұқият болуды ұғындырғым келген. Не дегенмен де, кітап оқығандар, компьютер, теледидар  көргендерді бәрібір басқарады.