Менің арманым - менің болашағым!

Менің арманым - менің болашағым!
жеке
блог

         Болашақ! Мамандықтар! Армандар! Мына берілген үш  тіркестің не ұқсастықтары бар? Олар жай ғана сөз ғой дейтін боларсыз. Бірақ олар, кейбір адамдардың өмірлік мақсаттары. Алдымызда не күтіп тұр? Болашағымыз қалай болады? Қай саланың маманы атанамыз? Міне осындай сауалдар, мен секілді мектеп бітіруші түлектердің санасында топтан тұр. Алтын ұядай мектебімізбен қоштасар сәтте, алдымыздан қолдарын бұлғап түрлі мамандықтар өзіне шақыруда. Кейбір оқушылар атағы мен болашақта табар қаржысына қызығатын болса, кейбірі өзінің талантына қарай өзіне ұнайтын мамандықтар мен құл ұстасып кетеді.                                            

      Осы тұста менің айтарым бар «Адам өзінің болашағын жасайтын жалғыз тұлға». Ал мен сөз қылмақ болып отырған мамандықтар әлемі соны іске асыратын көпір болмақ. Сізді не қызықтырады? Неге икемдісіз? Өзіңіз нені қалайсыз? Осы сұрақтарға жауап бере отырып, өзіңіз қалайтын мамандыққа жол тартыңыз. Бастысы ол сізді қуаныш сезіміне бөлеуі керек. Ата-анаңыздың ұсынған, не болмаса достарыңыздың немесе туыстарыңыздың айтқан мамандығына емес, өзіңіз таңдаған әлемге бастау алыңыз.

     Бұл әлемде көптеген мамандықтар бар. Бірі дәрігер атанып, адам өмірін құтқарар болса, бірі адам игіліктері үшін ұстаз атанып, оны оқытып тоқытып, өмірдің шынайы бейнесін көрсетіп, шығу жолдарын үйретуге тырсады.

    Көптеген мамандықтар жайлаған заманда менің тілші болғым келеді. Алғаш осы шешімді қабылдағанда, бойымды қуаныш сезімі кернеген болатын, себебі «Мен тілші боламын, мен ақиқатты жырлайтын, жақсылықтың жаршысы, жамандықтың сыншысы боламын» деп өзімді соған икемдей түскен болатынмын. Сол бала күнгі арман мен, әлі де өмір сүріп келемін. Жасым ұлғайып енді ғана өмір тани бастаған шағым да, енді биік арманым мен бетпе-бет келіп, қол ұстасар шағым да, бойымды қорқыныш сезімі кернеп барады. Жасыратын ештеңе жоқ, тілші мамандығы талабың мен таланттыңды көрсетер, шығармашылық ойды, түрлі идеяларды жүзеге асыратын нағыз талантты тілшілердің ордасы. Бір-бірімен бәсеке болған заман да, бұл мамандыққа да сұраныс жоғары.

         Бірақ ол мені алаңдатпайды. Себебі мен алдыма үлкен мақсат қойдым, ол - Тілші болу. Мен не себепті бұл мамандықтың есігін қақтым? Себебі мен халықтың қуанышы мен мұңын, жоғары билікке айтар уәждерін жеткізуші құрал болып табыламын. Осы мені қуантады. Жақсылық пен жамандықтың таразысы тең болмаған шақта, менің мамандығым арқылы осы әлемге жақсылықтың, ақиқаттың бар екендігін дәлелдеу менің парызым деп есептеймін. Тілші – шындықтың айнасы іспетті. Бұл сала менің болашағым, менің жүзеге асыруым тиіс арманым, менің еңбегімнің жемісі болмақ. Осы күрбелең жолда өзімнің дара жолымды тауып, өз қолтаңбамды қалдырғым келеді.

         Шынымен де, бұл өмірде мамандықтар жетерлік. Естімеген, көрмеген сала иелерінде кездестіріп жатамыз. Заманның алға ілгеріленуінен болар, жыл сайын кем дегенде жаңа бес мамандық дүниеге келеді. Мамандық мамандығымен әрине, бірақ бәрінің де бір тоғысар жері бар, ол – жауапкершілік. Кім болсаңыз да сол таңдаған кәсібіңізге үлкен жауаптылықпен қараңыз. Мысалы, сіз ұстаз болдыңыз делік, шәкіртіңізге қалай жазу мен оқуды үйретсеңіз, ол сол бағытқа түседі. Сіз шәкіртіңізге тек білім беріп қана емес, сонымен қатар оның болашағына да, өміріне де жауаптысыз. Есте сақтаңыз: қандай бағытта тәрбие мен білім бердіңіз, бала сол ағынмен аға береді. Кейін оның бағыттын бұру мүмкін емес.

         Сөзімді қорытындылай келе, қай саланы таңдасаңыз да – оған жауаптылық танытыңыз, сол саланың өзін дұрыс таңдағыз. Себебі ол сіздің болашағыңыз!