Атырауды саяхаттауға себептер (немесе бас қалалардан тыс шаһарлардың туризмдік халі)

Атырауды саяхаттауға себептер (немесе бас қалалардан тыс шаһарлардың туризмдік халі)
жеке
блог

Қазір жағдай тіптен керемет қой: кез-келген ақпаратты лезде ғаламтордан тауып жатасың. Жаһандық ғаламтор демекші, осы интернетің барша адамзатты ормап, қысып ұстап тұрған алып өрмекші тәрізді. Тіпті, "YouTube" желісін ашып қалсаң, бос уақытыңның кем дегенде жарты сағатын жоғалтасың. Ия, шыны керек, мен де осы жарты сағатын жоғалтатын адамдар қатарынанмын. Үнемі өзімді алдап, уақытымды жоғалтсам да, сондағы Ютубтан тамашалаған видеоларымды пайдалы деп санап тынамын.

Сондай кездердің бірінде танымал блогер Ануар Нұрпейісовтің «Саяхатқа аттануға 7 кеңес» ( 7 причин сорваться в...) атты видео блогын көзім шалып қалды. Отандық туризмнің дамуына әрине таптырмас пайдалы құрал екен. Бұл блог әр үш апта сайын жаңа видеомен толықтырылып, еліміздің қалаларына неліктен сапар шегу керектігін айтады. Видеоны көріп отырып, барып көрмеген, атын естісем де жиіркене қашатын, атауында Кеңес одағы заманының қылауы қалған, Павлодар қаласына да барғым келіп кетті. Қаланы әр қырынан баяндап, барлық әсем жерлерімен таныстырады. Танимын деп жүрген шаһарларың түрлене, бояуы кіріп енді көзіңе реңдене түскендей ғажап толқыныс аласың. Отырып алып, «мәә» мынауың тұрғанда Швейцарияға аттанудың мәні қалмады ғой деп ойланасың. Өскемендегі Қатонқарағайдың голивудтік көркем фильмдер түсіруге болатындай көркем, тылсым табиғатын таныстырып, әрі Шымкенттегі тылсым «Ақ мешіт әулие» үңгірін бейнебаянда көргенде, бұларды бұрын білмей Қазақ жерінде қалай өмір сүріп жатырмын деген терең маза бермейді. Қаншама қазақстандықтар осындай ғажайып жерлерді танудан мақұрым қалуда, қаншама адам дәл іргемізде тұрған табиғат қолөнерін көру үшін шетел асып кетуде. Неліктен өз елімнің ғажап байлығын тек бұл видео арқылы танудамын? Әрине, ең негізгі себеп бұл еліміздегі туризмнің дамуының баяулығында жатыр. Туризм, туризм және де туризм деп қақылдай беріп, енді ғана тура жолға қойылып келе жатырған жас бағытты тұншықтыруым орынды болмас деп санаймын. Шыны керек, жер қойнауынан пайда көріп, мейілінше сол мұнай-газ, көмірге байланып қалған елімнің бауы шешіліп, туризм секілді жас буындар осыдан дамып, тыныс алып отыр емес пе? Ендеше мен де барымша бұл салаға қол ұшын беріп көрейін.

Айтып өйткендей, әр 3 апта сайын Ануар Нұрпейісовтің видео-блогын тағаттана күтіп жүрдім. Ондағы әуестігім сүйікті Атырауымды көрсете қалар ма деген үміт болатын. Өкінішке орай, бұл дәмем әзірше орындала қойған жоқ. Былай ойлап қарасам, Атырау тұрғыны бола тұра шаһарымның мақтан тұтар әсем жерлерінің санын жетіге де жеткізе алмайды екем... Ия, Атырау бұл жасыл желекке оранған, таулары асқақ Алматы емес, Каспий толқынына бауранған іргелес Ақтау емес (аталып өткен қалалардың танымал блогердің таныстырған қалалар тізіміне енгені сөзсіз). Алайда, қанша жерден сөксемде өз шаһарымды баршаға барымша таныстырғанды жөн санаймын.

Түнгі Атырау

Атырау Жайық өзенінің бойында орналасқан, қара алтынға қойнауы толған, батыстағы қазақ өңірі болып табылады. Бұл қаланы, көбі табиғатынан емес мұнайлы жерінен таниды. Солай болар, индустрия бағыты бойынша қаламыз қанша жерден қызықтырғанмен, өзіндік қала атымен мүлдем қызықтырмайды. Бірақ та, өзім зерттей келе туристтерді қызықтырады деген негізгі факторларды халық назарына ұсынудамын.

Атырау ЕвропаЕң бірінші қаламның көркемдігін келтіретін негізгі фактор Жайық өзені деп санаймын. Бұрынғы заманнан бері қазақ халқын асырап келген, тіпті бұл өзен үшін сонау Махамбет-Истатайлар да найза көтеріп аттанған, киелі өзен - осы Жайық. Ағысы аттай тулаған, Фаризадай ақындарды шабыттандырған өзенмен танысу турист үшін аса маңызды деп есептеймін. Жайық өзенінің тағы бір қызық тұсы үстінен жеті көпір өтетін қазақ жерінен ағып өтетін жалғыз өзен болып табылады. Сонымен қатар, өзен Атырау қаласын Европа мен Азияға бөледі. Егер Атырауға жол түссе міндетті түрде балық аулауға шығыңыз, шын айтайын құр қол қайтпайсыз. Атырау өңірі бекіре тұқымдас балығымен де әйгілі. Анамның айтуы бойынша: бала кездерінде таптырмас деликотес үстел үстін әр кез безендіріп тұрған екен. Қазір соған зәру біздер, қызыл кітапқа енген балықтың қадірін енді ғана түсініп жатырғандаймыз.

Атырау өңірінен тек дәмді балық жеп қайтпай, үлкен тарихи толғаныс алып қайтуға да болады. Оған Ақмешіт-Бекетмысал: ежелгі Сарайшық қаласы. Бұл қалаға бара қалсаңыз, тарих беттерінде қалып кеткен қазақ хандарымен таныса аласыз. Қазақ тарихындағы ең көрнекті хан болып саналатын - Қасым хан, осы Сарайшықта жерленген. Ежелгі қалаға аттанып, құнды жәдігерлер сақталған мұражайға баруға мүмкіндігіңіз бар. Одан басқа, Ақмешіт-Бекет күмбезі, Махамбет-Исатай ескерткіштерімен танысып керемет тарихи шабыт алып қайта аласыз.

Ақбөкендер

Ендігі кезекте, тек қана геологтардың ғана қызығушылығымен шектелмейтін, табиғаттың тылсым бейнесімен танысқысы келетіндердің таптырмас жері болып табылатын "Борлы төбелер". Бұл ғажап Атыраудан 230 шақырым жерде орналасқан. Осындай адам аяғынан алыс жерде серуендей жүріп, жолыңыз болса ежелгі аңдар сүйектерін, тіпті акула азуын тауып алуыңыз мүмкін. Сонымен қатар, даланы қызықтай келе, дала еркесі саналатын ақбөкендерді кезіктіріп алуыңыз ғажап емес.

Алып қарасаңыз, ойын-сауық орталықтарынан басқа, әр адам өзіне керекті табиғат кереметтерін Атырау өңірінен таба алады. Қазақстанда тек қана бас қалалар емес, одан өзге қалаларға да саяхаттауға кеңес беремін. Жер жәннатын жырақта емес, өз жерімізден іздеп, ел туризмінің дамуына барымызша үлес қосайық!