Музыка теңізіндегі жас талант

Музыка теңізіндегі жас талант
жеке
блог

  Музыка – адамзат қауымына шексіз бақыт сыйлайтын  үздіксіз құбылыс. Сиқырлы әуен адамның құлағына жеткенде оның есту талдағыштары миға  сигнал береді, ал мидың  сиқырға толы әуенді сезінгенде  беретін жауабы – адамның  тұла бойы  әуенге беріліп, серги түсіп,  одан жан рақатын алуы. «Әнді сүйсең менше сүй»  деп қазағымның ұлы ойшылы Абай секілді, талай әлемге әйгілі данышпан, философтардың   музыка туралы ой толғап,  өзіндік пікір қалдырмағаны жоқ.  Тіпті біздің әлеміміз осы музыкадан тұрады. Ол бізді қуантады, қайғыртады, жаралы жанымызды жазады, біз үшін маңызды естеліктерді есімізге салады, тыныштандырады... Оның құдерітінің күші соншалық, көңіл-күйімізді бір сәтте-ақ өзгертіп жібере алады.  Мен музыканы сүйемін. Ал сіз ше?

   Жер планетасында жеті млрд-тан аса адам бар яғни жеті млрд адамның музыкалық қызығушылықтары әртүрлі.  Ал кейбіреулер музыкаға мүлдем қызығушылық танытпауы мүмкін. Қазір әлемнің ағынды жылдамдығына байланысты  музыка әлемінде де  сан алуан өзгерістер орын алуда: жаңа жанрлар түрі көбеюде, музыканың майталман мэтрлары өз жауһарларын жарыққа шығаруда,   бір-бірінен  болмысы мүлдем бөлек музыка жанрлары бірігіп,  мүлдем басқа жанр түрін дүниеге әкелуде, мерзімі қысқа туындылардың үздік чарттардан көрінуі, ал нағыз музыкалық туындылардың аз болса да, өз тыңдармандарын табуы. Алайда  мен бүгін соңғы екі мәселе туралы мақалада сөз қозғамаймын. Сіздерге  классикалық музыканың қазіргі жай-күйін баян етемін.

    Біз классикалық әуен деген кезде ойымызда үлкен сарайда  еуропалық стильде киінген бикештер мен мырзалар, әдемі француз әтірлерінің иісі және аспаптардың түр-түрімен қамданған оркестр мүшелері Бахтың,  Бетховен мен Штраустың классикалық маржандарын әуелетіп орындауы елес береді. Эстетикалық тамаша көрініс, ия?

   Бәрімізге белгілі классикалық музыка – әлемдік музыканың негізін қалаушы.  Нота дәптері,  орындау шеберлігі, үйлесімділік,  композиция, дыбыстық қойылым -  бұның барлығының бастауы классикалық мектептен алынады.  Классикалық музыканың басқа жанрлардан  негізгі ерекшелігі - жылдар мейлі ғасырлар өтсе де, уақытпен тексерілген өнердегі өзектілігі.  Мысалы,  поп музыка жанрындағы орындаушылар бірнеше жылдар бойы үздіктер қатарында болуы мүмкін,  бірақ ерте ме кеш пе олар ұмытылады.  Тек  классика ғана өзінің өнердегі орнының мәңгілік екенін көрсетуде.  Классиканы  «тұрақтылық»   сөзімен синонимдес деп есептеймін. Неліктен жаңа замандық жанрлар бола  тұра, ол өзіңе деген  сұраныс пен  қызығушылықты жоғалтпады?   Себебі, классикалық музыка түрі өзіндік  өзгеріссіз дәстүр және оны  сан түрлі импровизация жасап, жаңа дүниелерді жарыққа алып келу қасиеті мен мүмкіндігін жоғалтпаған.   Музыканың аталмыш бағыты бізге  музыканың  жілігін шағып, майын ішкен композиторларды сыйлады.  Людвиг Ван Бетховен,  Иоганн Себастьян Бах,  Вольфганг Амадей Моцарт,  Рихард Вильгельм Вагнер, Петр Ильич Чайковский,  Иоганн Штраус, Николло Паганини секілді   мэтрлар ғажайып туындыларымен, ерекше стильдерімен  әлемге әйгілі.  Жаһандану заманында классикалық музыканың сиқырын, құдіретін адамзат қауымына дарытып, классиканың саңлақтарының сынықтары болып , ізін жалғап жүрген қазіргі заманғы композиторлар бар.  Дәлірек айтар болсақ, қазіргі заманғы композиторлардың көпшілігі неоклассика  жанры бойынша музыка тудыруда. Сонымен қатар,  академиялық музыка бағытында неоклассицизм термині бар, бірақ неоклассика мен   неоклассицизмді бір нәрсе деп  қарастырмауымыз қажет.  Неоклассицизм –  ХХ ғасырдағы академиялық музыкадағы  бағыттың ұғымын білдіретін тарихи-музыкалық термин.  Бұл стильдің өкілдері  ХVII – XVIII ғасырлардағы  туындылардың стиль ерекшеліктеріне , әсіресе,  классицизмнің бастапқы кезеңдері мен барокконың соңғы кезеңдеріне еліктеген.  Неоклассицизмнің шарықтау шыңы 1920 және 1930 жылдар.   Ал, неоклассикаға  ХХІ ғасырда пайда болған музыкалық туындылар жатады.  

   Еліміздің неоклассика жанрының өкілдері - композитор Еркеш Шакеев пен скрипкашы Марат Бисенғалиев. Олар бірлесіп Inception(Бастау) атты альбомды Лондондық симфониялық оркестрдің көмегімен орындап жаздырды.  

   Неоклассика айдынындағы жас композиторлар  өз туындыларымен әлеуметтік желілер арқылы бөлісіп  тыңдармандарын табуда. Олардың бірі талантты жас сазгер, неоклассиканың өкілі – Азат Гимадеев.  Неліктен мен  өнерде қалыптасып, өз орнын тапқан  Филип Гласс немесе Людовико Эунади туралы жазбады деп ойлуыңыз мүмкін. Бүгінде осы мақаланы қолға алуыма себепші болып, осы жайында қалам тербеуіме шабыт беруші дәл  осы композитор. 

 

Қазан қаласының тумасы Азат  өз жанрының шебері.  Ол 1997 жылы  7 сәуір айында дүниеге келді. Жас болса да, біраз жетістіктерге жеткен Азат  ТМД елдерінде танымалдылыққа ие.  Қазір Азат Қазан мемлекеттік өнер институтының кинематогрофия және  телевидение факультеті,  дыбыс режиссері мамандығының  студенті. Жас талант  музыкалық аранжировкамен,  төл туындыларын жазумен айналысып,  әртүрлі аспаптарда ойнайды және  өз қаласында неоклассика кештерін өткізеді. Азатпен жүргізілген сұхбат кезінде, оның өте қарапайым, сыпайы және жас та болса өте ақылды адам екенін байқадым. Сұхбат орыс тілінде жүргізілді. Сіздерге сұхбаттың аудармасын ұсынғым келеді.

Торғын:  Сіз ән, музыка жазасыз, бірнеше аспаптардың құлағында ойнайсыз, аранжировка жүргізесіз. Азат, сіз өте талантты, көпқырлы жансыз. Сіздің өнер айдынына келуіңіздің алғышарттары қандай болды?

Азат: Менің музыка арқылы ішкі жан дүниемді, өнерді көрсетуім – музыкаға деген махаббатымның алғышарты деп ойлаймын. Өйткені, менің ата-анам жас кезінде музыкамен айналысып, өз тобын ашқан.  Әкем ән жазып, аспаптарда ойнаса, анам жазылған әндерді шырқаған. Соның әсері  де болар,  музыка менің қаныма  сіңіп кеткен. Үш жасымда әкемнің синтезаторымен жиі ойнайтынмын,өзімше пернелерін басып, бірнәрсе ойнауға тырысатынмын және ол  менің қолымнан келетін.  Содан соң, анам мен әкем мені музыкалық мектепке берді. Себебі, музыка маған жақын дүние және осы тарапта мен еш қателеспедім деп ойлаймын. Мәселен, көптеген адамдар өздерін қандай салада таныта алатынын, қай сферада талантын көрсете алатынын білмей жатады. Ал менің жолым болды. Неге десеңіз, мен дүниеге есігін ашқаннан бастап қалай өмір сүретінімді, немен өмір сүретінімді, не арқылы өзімді көрсететінімді  түсіндім. Музыканың менің  ДНҚ құрамында болуы оған деген махаббатымның алғышарты да болған шығар.

Торғын: Сіз шабытты қайдан аласыз? Көптеген ұлы композиторлардың шабыт сыйлар музасы бар. Ал сізде ше?

Азат: Барлық ұлы композиторлардың өзіндік шабыт алатын музасы болды және болады да. Бұл тараптан менде мүлдем өзгеше жағдай. Мен шабытты  сырттан емес, өзімнің ішкі жан дүниемнен аламын. Бәріміз әртүрлі сезімдерді сезініп, бастан кешіреміз ғой. Белгілі бір сезімді(ол  жақсы немесе жаман, жағымсыз болсын) өте үлкен қарқынмен сезініп жатқан сәтімде мен оны музыкаға түсіремін. Ол өздігінен  жүретін процесс. Мен оны басқара алмаймын. Бұл процесс көбінесе кенеттен және  эмоция мен сезінулердің әсерінен болады, логика сол сәтте мүлдем жұмыс жасамайды.

Торғын: Неоклассицизм және заманауи классика өкілдері туралы қандай пікірдесіз?

Азат: Неоклассицизм мен неоклассика екі түрлі жанр. Неокласицизм замануи классикаға жатады, бірақ 21 ғасырдың классика туындыларының қатарына кірмейді.  Мен сізге неоклассика туралы не ойлайтынымды, өзіндік субъективті пікірімді  білдіре аламын. Әрине, мен  неоклассика жанрында музыка жазамын. Маған неоклассика жанры сезімге толылығымен ұнайды. Дегенмен де, ол классика туындылары секілді әуенді емес. Менің ойымша, классика белгілі бір шеңбер аясына шектелген, оны тыңдаған кезде одан академиялық музыканың ізін байқайсың. Әрине, оның өзіндік  сүйкімділігі мен тартымдылығы бар. Ал неоклассика классикаға қарағанда адамның түпсіз терең жанын өзгеше тербейді. Сондықтан маған бұл жанр қатты ұнайды. Шынымды айтсам, мен академиялық классика туындыларын тыңдай бермеймін. Неоклассика бағытында  туындылар жазсам да, академиялық классика маған ұнамайды.  Замануи классика өкілдеріне өзіндік баға беретін  болсам, мен оларға оң көзқарасыммен қараймын. Дәл осы жанр бағытында шығармашылықпен айналысатын адамдардың бары қуантады. Уақыт өте келе, бұл жанр танымалдылыққа ие болып жатыр. Неоклассиканың  тыңдармандары күн санап көбеюде.

Торғын: Қазір немен айналысып жүрсіз және жаңа 2018 жылға деген жоспарларыңыз қандай?

Азат: Оқудан бөлек кейбір жобаларда жұмыс атқарамын. Дәлірек айтар болсам, мен бір қысқаметражды фильмге музыка жазудамын. Бұл менің музыкаға қатысты  тағы бір сүйікті ісім. Иә, 2018 жылға деген біраз жоспарларым бар. Бірақ, мен бұл туралы өзге адамдармен бөлісуді ұнатпаймын. Себебі, жоспарлар орындалмай қалуы мүмкін, ал жалпы түрде айтар болсам, неоклассика жанрындағы шығармашылығымды одан әрі жалғастыру, музыка, альбом жазу, шығармашылық кештерді ұйымдастыру ойымда бар. Әсіресе, өзімнің шығармашылық кештерімді Қазан қаласынан басқа қалаларда да өткізгім келеді. Бірақ, бұл жоспарлардың  барлығы 2018 жылда орындалады деп кесіп айтқым келмейді. Бұның бәрі біртіңдеп, өз уақытымен жүзеге асады деген пікірдемін.

Қазан өнер институтындағы шығармашылық кештен

Торғын: Жақында “Way to happiness” («Бақытқа апарар жол») атты альбомыңыз жарыққа шықты. Альбомыңызға қандай баға бересіз?

Азат: Бұл альбомды мен емес, менің тыңдармандарым бағалуы қажет секілді. “Way to happiness” менің алдыңғы альбомдарыма қарағанда өзгеше. Себебі, альбом профессионалды дыбыстық жазылыммен және фортепианолық солоны қолдану арқылы жазылды. Нәтижесінде әуен тыңдармандарға тартымды көрінеді. Жыл өткен сайын шығармашылықпен көбірек айналысқаннан кейін өнерге деген, сапалы туындыларға деген өзіндік сұраныс пен қажеттілік артады екен.

Бақытқа апарар жол

Торғын: Жас таланттар өз заманының кемеңгерлерімен өзінше жарысады дейді. Сіз өткен заманғы қай  кемеңгер композиторды қарсыласым деп танисыз немесе үлгі тұтасыз?

Азат:  Өзімді біреудің қарсыласымын деп есептемеймін, себебі мен сіз айтқан тұлғалардың бағындырған биіктерінің шыңына жетпедім. Олардың қарсыласы болатындай дәрежеде емеспін және мен өткен ғасырдағы музыка саңлақтарының ешбірін үлгі тұтпаймын.  Себебі, классика жанрының өкілі болсам да, мен олардың ешқайсысын тыңдамаймын. Бұл сіздер үшін парадокс тудыруы мүмкін. (күлді) Маған Нильс Фрам,  Юкини Шимура, Юруманың шығармашылығының сапасы мен аранжировкасы және оның қалай ұсынылатыны ұнайды, бірақ мен олармен мүлдем жарыспаймын. Себебі, маған оларға жету үшін шығармашылық тұрғыдан өсуім керек және музыка сапасы мен аранжировка бойынша  менің үйренер нәрселерім өте көп.

Торғын:  Сіз өзіңізді он жылдан кейін қалай елестетесіз?

Азат: Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Себебі, менің өзіндік әлемді тануымда бұлай елестету қисынсыз әрі мағынасыз деп ойлаймын.  Неліктен десеңіз, біз өзімізді бес жылдан кейін қандай боларымызды қаншалықты елестетсек те дөп басып айта алмаймыз. Адам ол дамиды, ал даму – үздіксіз процесс. Тіпті, ол  даму барысында қандай бағытқа кететінін, оның мінезі мен өмірге деген көзқарасының қалай өзгеретінін білмейді.  Сондықтан да бұл сұраққа жауап беруден өзімді тежегенім дұрыс шығар. Тіпті бұл сұраққа жауап беріп, мен музыкасы адамдардың өмірінің қиын кезеңдерінде көмектесетін  атақты композитор болғым келеді десем де, бәлкім, он жылдан кейін  бұл дүниелер маған мүлдем қызықсыз болуы мүмкін. Әрине, менің бұған сенгім келмейді, бірақ болашақ бізге беймәлім, алдағы уақытта не болатынын ешкім білмейді.

Торғын: Сұхбатыңызға рақмет!

P.S. Құрметті достар, Азаттың шығармашылығымен таңыс болғыңыз келсе, төмендегі сілтемеге өтсеңіз болады.

https://vk.com/gimadeevrelax