Қазақ тілінде балаларға арналған әндер тапшылық тартып тұр
жеке
блог

Қазақ тілінде балаларға арналған әндер тапшылық тартып тұр

Қазақ эстарадасының қай жұлдызын алып қарасақ та махаббат жайлы әндердің бірнешеуі табылады. Ал балаларға арналған әндері тек бірең-сараңында ғана бар. Неліктен? 

Өз басым екі баланың анасы, әрі балабақша тәрбиешісі болғандықтан осы мәселемен бірнеше жылдардан бері соқтығысып жүрмін. Балабақшада өтетін ертеңгіліктерге балаларды биге, әнге дайындай қояйын десек, тақырыпқа лайық балалар әндерін табу өте қиынға соғады. Жаңа жыл, ана, әже тақырыптарында ғана бірнеше әндер табылады.

Ал орыс тіліндегі әндерге жүгінер болсақ, онда бір рақат қой. Жаңа жылдық ертеңгілікті алып қарайтын болсақ та, әр кейіпкерін шығару үшін де ән табылады ғой. Жануарлар мен аңдар, ертегі кейіпкерлері жайлы да, күн тәртібі мен жыл мезгілдері, табиғат құбылыстары жайлы да әндер көп. 

Ал біздің өнерлі де, дарынды ақын, композитор ағаларымыз балалар, балабақшаға керек әндерге неліктен назар аудармайды деген сұрақ туып отыр. Балаларымызды тілімізді, елімізді сүюге тәрбиелеу үшін, тақырыпқа лайық әннің өзінің болғаны абзал. Тәрбие деген жан-жақты, үздіксіз үрдіс емес пе?

Әншілеріміздің репертуарларында қайғылы махаббат , ажырасу жайлы бір әнге кеміп, оның орнына балаларға арналған көңілді, бақытқа жетелейтін ән қосылса, еліміздің болашағына артар үмітіміз ақталар ма деймін.