Жақсы адамдар жазда өледі

Өмір деген қамшының сабындай ғана қысқа. Ерте ме, кеш пе алатын құдай алады. Ажал келсе, барлығымыз да кетеміз. Төтеп берер ешкімнің күші жоқ. Іште өкініш, уайым, арман қалады. Қанша жоқтасаң да қолыңнан ештеңе келмейді. Шара бар ма?! Көнесің, амалсыздан.

Таң атса, кеш батады. Өмір деген осы. Ел есінде игі істеріңмен, көркем мінезіңмен қаласың. Себебі, қазақ өлгеннің теріс қылықтарын айтпайды. Айтса да қара жердің киесінен қорқып тұрады.

Қаһарлы, іші тар, нашар жандардың жер басып жүргенін көріп, жақсы жандардың кеткенін көргенде жүрегің ауырады. Атам марқұм көзі тірісінде әкеме «Жақсы адамдар жазда өледі» дейді екен. Атамның сөзі рас екен. Бәзбіреулер «Алла жақсы жандарды өзіне ерте алып кетеді» дейді. Ол да рас екен.

Көркем мінез бен тура сөз жарасады,

Өзің жайлы әңгіме қыр асады.

Қара жерге кеттің сен жамылып,

Енді, аға, әкем кіммен сырласады?!

Баурадың жүзіңмен көпті де,

Бағындырдың биік өрді де,

Арамыздан алып кеткен тәңір

Әулетімізді көп көрді ме?!



Бөлісу: