Заман талабы, әлде адам қалауы.

        Екі түрлі дін, ұлт, мәдениет, екі түрлі менталитет. Еліміздегі арнайы  мәліметке сүйенетін болсақ, жылына 100мың неке қиылса, соның 30% - ын аралас неке құрауда. Сондай – ақ, осы пайыздық көрсеткіш бойынша қазақ қыздарының басым көпшілігі түрік азаматтарын таңдауда, яғни шетел азаматтарына тұрмысқа шығуда.

        Арине, қазіргі таңда жігіттер шет ел қыздарына қызықпаса, қазақ қыздарымыз  шетел аспас еді.  Қыздар неге шетелдік жігіттерді таңдайды. Өзге ұлт өкілінің етегін ұстаған қазақ қыздары өкіне ме? Аралас некенің баяны қандай болмақ. Ислам дінінде аралас некеге қаншалықты шектеу қойылған: - Ислам ұлтаралық некеге қарсы келмейді, «ислам діні мұсылмандарға, үйленуге тыйым салынған адамдардан тыс, мынадай үш адаммен некеге тұрмауды үгіттейді: олар – Аллахты мойындамайтын нанымсыздар, жаратушыға ортақ қосатын мүшіріктер және зинақорлар. Аяттарда зинақор еркек пен зинақор әйел үйленеді делінген. Құран олардың орнына иманды, тақуа және ізгі жандармен неке шартын жасауды ұсынады. Осы арада мән беретін мәселе, құран неке шартын жасау кезінде адамдарды ұлтқа, сынаптарға бөлмейді және бұл мәселені әр жеке тұлғаның өзінің жеке мәселесі ретінде қарастырады» - дейді дінтанушы. Ойланатын жағдай, мәселен, христиандық дін ұстанатын жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы қайтыс болып жатса, марқұмды қай діннің салты бойынша жерлемек?

        Қазақ қызы – ұлт намысы. Ата – бабаларымыздың арманына айналған қазақ қыздарымыздың ақыл – парасаты мен тегі емес, жүрек қалауы мен мансапқұмарлығы да артып барады. Бірақ көпке топырақ шашуға болмайды.  Кей арулар шынайы махаббатқа сеніп, жүрек қалауын тыңдайды. Ал, кейбірінің – мансап, баспана, қаражатына мән беріп жататын тұстары да жеткілікті. Қазақ жігіттеріміздің ұсақталып бара жатқаны ма? Бұған кім түрткі, қоғам ба, әлде қазақ қыздары ма?

       Оған дәлел, басқа ұлтқа тұрмысқа шығуды мақсат еткен Ж.Е – нің берген сұхбатында былай дейді.

        -         «Қазақ жігіттерінің басым бөлігі күзетші болып жүр, ол үшін намыстанбайды да. Жағдайын өзгертейін, осы нарық заманына лайық болайын деген ой келмейді. Ондай ой түгілі өз басын жай алып жүргеніне шүкіршілік етесің. Ал ондай адамға бүкіл ғұмырыңды қалай сеніп тапсырасың?» -  деп өзінің ойын ашық білдірді.

        Не десек те, шындықты қаншалықты ащы етіп жеткізсекте, қай ұлттың  болмасын жаманы жоқ екені ақиқат. Әрбір елдің өз ұстанымы, ділі мен діні, салт – дәстүрі мен әдет ғұрпы бар. Елімізде орын алып жатқан осы мәселе заман талабы шығар, бәлкім  адам қалауы болар.

Семей қаласы,
Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университет
студенті Лашын Сымбат.

 



Бөлісу: