Мұхтар ШЕРІМ. ӨТІРІК АЙТСАМ, ӨЛІП КЕТЕЙІН!

 

(«Шаншардың» әртісі Жүсіп Ақшораев орындаған.)

Өтірік айтсам, өліп кетейін, екінші дүние жүзілік соғысқа қатысып, немістердің көзіне көк шыбын үймелету үшін көк есегімді ерттеп алып, алпыс күн жүріп, әрең жеткенім бар. Есегімнің екі бүйірінде дорба толы гранат, бірақ мен оны қауындар ішіне тығып қойған болатынмын. Түк көрмеген пәшестерге сатып, олар ортаға алып, енді жей бергенде жарылыс болып, күл–талқандары шығатын. 
Өтірік айтсам, өліп кетейін, ол кезде қару–жарақ аз еді ғой, дамбалымның резеңкесін сурып алып, рогатке жасап, талай немісті жер жастандырғанымды біреу біліп, біреу білмейді. Өтірік айтсам, өліп кетейін, мен танкист болып та көрдім, қазіргі таксистен танкист болу өте оңай, бірақ, бір күні танкім батпаққа тығылып қалды. Сосын немістерге айқай салдым: «Әй, адам емес хаюандар! Танкімнің артынан итеріп жіберсеңдерші!»– деп едім, бәрі жабылып, танкімді батпақтан шығарып берді. Рахметімді айтып, бәрін атып тастадым. Е, несін айтайын, талай немісті қуалап жүріп, қытықтап өлтіргенім бар. Бір генералын ұстап алып, алақанын сұқ саусағыммен сызғыладым: «Қуыр, қуыр, қуырмаш, тауықтарға бидай шаш! Мына жерде қара нан, мына жерде макоран, мына жерде пісте май, мына жерде қымыз, қымыран! Қытық, қытық!– деп, қытықтай жөнеліп едім, аузы басы қисайып, сеспей қатты. 
Өтірік айтсам, өліп кетейін, 1943 жылы қыс суық болды ғой! Ұшқан оқтың өзі орта жолда мұз болып, қатып қалып жатты. Бір күні уралай жөнеліп, немістер жаққа өтіп кетіппін. Пәшес генералы ұстап алып: «Әй, соғыс кезінде ішіп алғаның қалай? Кәмәндіріңе айтайын ба?»– деп қорқытып еді, «Каспий банкте танысым бар, кредит алып берейін бе?» деп едім, жібере салды–ей! Өтірік айтсам, өліп кетейін, ол кезде тәртіп күшті еді. Генералдар айқай салатын:
–Атыса бермеңдер деймін! Сағат бірден асып кетті, обед, обед!
Сол екен, екі жақ кафелер іздеп кететін. Ия, өтірік айтып қайтейін, любой соғыс таңертең таңғы 9.00-де басталып, кешкі 18.00–де аяқталатын. Екінші сменде атысу деген жоқ. Сенбі, жексенбі күндері демалатынбыз. Қазіргідей күнде той емес, демалыс күндері ғана тойханаларда той өтетін. «Гутен тах!» деген тойханада неміс жастарының үйлену тойын басқарып, тамада болғаным да бар. Немісше жарытпаймын ғой, сөз берген сайын: «Айн, свайн, драйн, енді кімді ұрайын?» деймін де, кезекпен сөз бере саламын. Олар қазақтар сияқты көп сөйлемейді де. Сөйтіп қырғын ақша таптым ғой! Берлинге барып, неміс қыздарға қырындайтынбыз, түнгі клубтардан шықпайтын едік. Өтірік айтсам, өліп кетейін, немістің Анна деген қызына өлердей ғашық болып, ауылға танкімен алып қашқанмын. Гитлердің өзі келіп, банкіге ақша тастады ғой! Келіннің бетін Гимлер ашты. Сөйтіп, Гитлерге күйеубала болып қайтқан едім. Өтірік айтсам, өліп кетейін!



Бөлісу: