Мұхтар ШЕРІМ. ШЫНДЫҚТЫҢ ЖАНАЗАСЫ...

Мұхтар ШЕРІМ. ШЫНДЫҚТЫҢ ЖАНАЗАСЫ...
жеке
блог

 

 

   Қазақстанда Шындық қайтыс болды... Кеше атып кетті... Жағымпаздар министрі, Өтірік министрі, Мафия министрі, Таққұмар министрі, Баққұмар министрі, әртіс депутаттар, кландар мен жыландар келді. Шындықтың жаназасына...

Халық көп жиналды.

--Шындықсыз қалай ел боламыз?—деп Өтірік министрі қорсылдап жылады...

--Талай сорақыны халықтан жасырған елміз, соның бәрін Шындық жарияға жар салып жүруші еді, енді қайттік?—деп Жағымпаздар министрі Өтірік министрін жағымпаздана  құшақтап, сұқ саусағымен тілін жалап, көзінің айналасын сулап қойды...

--Хош, Шындық аға!

--Топырағың торқа, ішкенің виски, жегенің тауық грилі болсын!

  Молда Шындықтың жаназасын шығара бастады. Нөпір халықтың алдына шыққан Өтірік пен Жағымпаздар, Мафия мен Намыссыздар министрлері мен әртіс депутаттар қаздай тізіліп, бәрі портфельдерін қолтықтарына қысып алып, шіреніп тұра қалысты. Бастарын төмен салбыратып тұрудың орнына, қасқайып, шалқайып кетті... Бұлар өлмейтіндей... Молда Шындық ағайдың жаназасын шығарып жатыр, әне екі қолын құлақтарына апарды. О, тоба, Мафия министрі пистолетін шығарып, сонысымен құлағын қасыды. Өтірік министрі Елбасыға жалған ақпарат беріп үйреніп қалған ғой, әлдекімге ұялы телефонымен өтірік ақпарат беріп жатты... Таққұмар министрі креслода отыр...

  Бір кезде молда басын оң жаққа, сосын сол жаққа қисайтып еді, әлгілердің мойындары бұрылмай қалды. Мойындары сіресіп, қатып қалған... Шындыққа бұрылмайтын мойындар...

--Уа, еліміздің қаймақтары мен жаймақтары!—деді молда Шындықтың жаназасын шығарып болған соң,--Шындық қандай адам еді?

--«Мощный» адам еді!—деді шала қазақ біреу міңгірлеп.

--Айтқаны «точный» адам еді!—деді алыстау тұрып, аузын баса қойған Жалтақ деген ақсақал.

--Өтірік айтпаңдар!—деп қалды Өтірік министрі галстугын қозғап қойып.

--Қылда несі бар десейші? Іші пысып, қара қылды қақ жарып отырушы еді жарық­тық...

--Айтатыны: «Аққа құдай жақ»...

--Талай саяси қылмыстардың бетін ашып, көп еңбек етті халыққа...

 --Обал-ай, обал...-деп жалған жылады Жағымпаз министрі жан-жағына жалтақтай қарап,--біздің партияға мүше болғанда ғой, өлмес пе еді...

Билік дәлізінің жердегі «құдайлары»  шулап кетіп еді, молда қолын көтерді:

--Айтыңыздаршы, Шындықтың сіздерге қарызы бар ма еді? Өзі жоқ болса да мұнда халық бар. Көп болып...

 Министрлер жамырап кетті.

--Маған екі миллион теңге қарыз!

--Маған 370 миллион доллар  қарыз!

--Маған қарыз болайын деп жүрген...

  Бір кезде табытта жатқан Шындық басын көтерді. Өлікті тірілтетін өтірікке жаны шыдамаса керек. Ол ешкімге қарыз емес еді. Сол-ақ екен, әлгінде ғана шырт түкіріп, шіреніп тұрғандар тым-тырақай қаша жөнелді...

 "Егемен Қазақстан" газеті, 9 ақпан, 2018 жыл.