Алға, Спарта!

Алға, Спарта!
жеке
блог

Көңілді тапқырлар клубының Жоғары лигасының 2017 жылғы чемпиондары «Спарта Номад» командасы алматылық жанкүйерлерімен кездесті. «Номад» сақтандыру тобының ұйымдастыруымен Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өткен кездесуге 200-ден астам алматылық жанкүйер келді.

Кеште жанкүйерлерге «Спарта Номад» командасының Жоғары Лигадағы ойындары мен әзілдеріне қатысты сұрақтар қойылды. Дұрыс жауап берген жанкүйерлер ұйымдастырушылар тарапынантүрлі сыйлықтарға ие болып, суретке түсіп жатты. Сондай-ақ, спарталықтар сахна сыртындағы қызықтармен бөлісіп, БАҚ өкілдері мен жанкүйерлердің сұрақтарына жауап берді.

Көңілді тапқырлар клубының Жоғары лигасының 2017 жылғы чемпиондары өз жеңісін Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне арнағандығын, ағалық қамқорлығын көрсетіп, көмек көрсеткендігі үшін Сангаджи Тарбаев пен Азамат Мұсағалиевке алғыс айтып жатты.

Еркебұлан Мырзабек: «Басты мақсатымызға жетіп, чемпион болған соң, мен өзіме жаңа ермек іздестіре бастадым. Сонымен джиу-джитсумен айналысайын деп спорт залға барып едім, есіктен кірген бойда, табалдырықта құлап, қолымды ауыртып алдым. Спорт маған жақпайды екен» 

Құмар Лұқманов: «Кез келген КТК (КВН) ойыншысы чемпион болуға ұмтылады. Өкшемізді басқан спарталықтар чемпион атанды. Бұл жеңісті 17 жыл күткеніміз жасырын емес. Көптеген адамдар жеңісті әр қалай қабылдады. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Көбі «сатып алды», «келісіп алды» деген секілдітеріс пікірлер айтып жатты. Егер сондай оңай мүмкіндік болып жатса, біз алғашқы 2001 жылы-ақ чемпион атанар едік»

Гүлнар Сейілбаева: «Бағыма орай, мен екі мәрте финалда өнер көрсеттім. 2010 жылы біз екінші орынды иеленгенде көбі әділ қазылардың әділетсіз бағалағанын айтып жатты. Бұл жолы да әділ қазылардың әділ болмағанын айтты. «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей, мен түрлі бос әңгімелерге мән бермеу керек деп ойлаймын»

Алмас Нұртаза: «Жақында Сочи қаласында өткен фестивальде Қорғалжың құрама командасы Премьер-лигада өнер көрсетуге жолдама алды. Олар да өте жақсы өнер көрсетеді деп сенеміз»

Данияр Жұмаділов, «Спарта Номад» командасының капитаны: «Бұл жеңіс біздің команданың жеңісі ғана емес, күллі Қазақ елінің жеңісі деп есептеймін. Әлемнің түкпір түкпірінен құттықтаулар жолданды. Әуежайда таңның атысына, күннің суығына қарамастан көптеген адамдар келіп, бізді үлкен қошеметпен күтіп алды. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мырзамен кездесіп, ол кісіге бізге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірдік. Сондай-ақ, өзіміз білім алған оқу орындарынан, ұстаздарымыздан алғыс хаттар алып жатырмыз. Басты қолдаушыларымыз, әрине, біздің жақындарымыз. Олардың сенімін ақтадық деп ойлаймын. Бұрындары кезекті ойынға кетіп бара жатқанымызда ата-анамыз: «Қайда бара жатырсың?! Сол КВН саған не береді?!» деп айтушы еді. Біз басты мақсатымызға қол жеткіздік, елге чемпион болып оралдық. Келген бойда алтын медальдарымызды жанымызға жақын жандарға сыйладық»

Көктемде «Спарта Номад» командасы Астана қаласында шығармашылық кешін өткізбекші. Алдағы уақытта Алматы қаласында да концерт өтеді деп жоспарлануда. Жазда «Спарта Номад» командасы Сочи қаласында «Жазғы кубок» ойынына қатысады.

«Спарта Номад» командасына бұл жеңіспен шектелмей, өзге де белестерді бағындырсын деп тілеймін. Алға, Спарта!

Суретке түсірген Аслан Қажиев