Мұхтар ШЕРІМ. ЕШКІМ ЕСТІМЕСІН!
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. ЕШКІМ ЕСТІМЕСІН!

 

Түнгі екіде түлен түртті ме, далаға шығып, темекі тартқым келіп кетті. Пәтерімнің есігін жаба бергенім сол, сырт етіп, іштен құлыптанып қалды. Кілтті ала шықпағанымды қарашы? Қолды бір сілтеп, аулада «паровоз» болдым да, есіктің алдына келдім. Түймені бастым. Әйелім тәпішкесін сүйретіп, есік жанына келді.
–Кім бұл?–деп сұрады ол.
–Бұйыртса байың боламын, жаныңда жатқан айың боламын! –дедім мен әзілдеп. 
–Байым қасымда ұйықтап жатыр! Кім болсаңыз да, шатастыңыз!
Өлә... Мына қатын не дейді? Есіктің маңдайына жабыстырылған нөмірге қарадым. «18». Жоқ, шатасып кеткен жоқпын! Екінші қабат, он сегізінші пәтер!
–Он сегізінші пәтер ме? –деп сұрадым мен.
–Түн ішінде түймені түрткілеп түрған қай топас? 
–Абылайхан көшесі, 15 үй, 18 пәтер ме?
–Ия!
–Ойбай, мен осы үйде тұрамын ғой?
Әйелім бір сәт үндемей қалды. Сосын:
–Не деп, не жеп тұрсыз? Мазаламай кетіңіз! Қазір күйеуім оянса, проблема болады сізге!
–Әй, мен байыңмын деймін!
–Менің байым түнделетіп қыдырмайды!
–Қорылбаймын деймін!
–Сырылбай болсаң да, бұл жерден кетіңіз!
–Даусымнан танымай тұрмысың?
–Даусыңыз құрысын, қырылдаған!
–О, шешең...
–Боқтамаңыз! Қазір полиция шақырамын!
Біраз үнсіз қалдым. Өз үйіме өзім кіре алмағаныма қаным қайнап тұр. Бір жағынан қуанып тұрмын. Түн жарымында бөтен еркекті кіргізбегені дұрыс қой? Ойбай, бөтен еркегі несі? Мен құдай қосқан күйеуімін ғой? Есікті тоқпақтай жөнелдім:
–Аш деймін есікті, аш! Әй, аш!
Тәпішкесін сүйретіп, әйелім келді. Есікті ашпай тұр. Енді даусымды жұмсартып, жалына бастадым.
–Жаным менің...
–Қойыңызшы, кім болсаңыз да ұят болады.
–Күнім менің...
–Өй, қойыңызшы деймін!
–Сен сооондай сұлуымсың! Өзіңді соондай сағындым!
–Тымпиған емессің бе?
–Ікке.
–Жымпиған емессің бе?
–Ікке...
–Кім болсаңыз да, ертең кешке «Баян сұлу» маркетінің алдында кездесейік... –деп сыбырлады әйелім. Мынау не деп кетті– ей? О, оңбаған! 
–Есікті ашыңызшы, жаным!
–Күйеуім бар дедім ғой. Ертең командировкаға кетсін, сосын танысамыз... Менің ұялы телефоным: 87014282235. Есте сақтаңыз!
Әйелім осылай сыбырлап, тәпішкесін сүйрете кетіп қалды. Оқтау жұтқандай, қақиып, көздерім желкеме шығып кеткендей, бір нәрсе миыма енді жеткендей, жыным келіп мен тұрмын. О, Сезімгүл, мына сөзіңді менен басқа ешкім естімесін! Енді қайда барып түнесем екен? О, Сезімгүл, осыдан таң атсыншы!