Досым айтатын...
жеке
блог

Досым айтатын...

«Бүгінде кез келген жерде демократияны ту етіп жүгіретіндерге таң қаламын. «Сөз бостандығы» деп, буынсыз тілі жоқты-барды сайрай береді. Оғаш істерге жол береді.  «Әділдік демократиямен келеді», «демократия әр адамның өз таңдауы»  дейді.  

Саған өмірде  демократияның жоқ екенін дәлелдейін бе? Әр адам дүниеге келер уақытты өзі таңдаған жоқ. Тіпті дүниеге келген соң, өзінің алып жүрер есімінде өзі таңдаған жоқ. Бұдан кейін демократия жайлы не айтасың?

Кейде карта ойнап отырып ойлаймын:  «егер әр адам өзі қалаған картасын таңдап алып ойнаса, осы  ойынды біреу ойнар ма еді?»

Кейде таң қаламын.  Мысалы қарапайым су. Оның аты су екенін қайдан білеміз? Адамдардың атауымен солай болды. Сен, мен, жалпы адамдар солай атайды. Шіркін, суға тіл бітсе өзіне қандай атау таңдар екен?! Әлде демократия тек адамға тән бе?

 

Абай

Сократ демократияның қоғамға пайдасынан гөрі зияны көп дейді. Оны қойш,  Абайдың өзі қара сөзінде демократияны сынаған. «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал». Көпте ақыл жоқ!

Менің ойымша, демократия мүлдем жоқ немесе оны біз жеке бір адамның таңдауы деп қате түсініп жүрміз.

Атамыз қазақ "Есек семірсе иесін тебеді" - деген. Демократия да халыққа қызмет етіп, еңбегі адал болғанымен, еркіне жіберсең қоғамды аздырып жіберетіні бар. 

Кез келген нәрсенің шегі бар. Демократияның да».