«ҚЫЗҒА ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН, ҚАЛА БЕРДІ ҚАРА ҚҰЛДАН ТЫЙЫМ»

«ҚЫЗҒА ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН, ҚАЛА БЕРДІ ҚАРА ҚҰЛДАН ТЫЙЫМ»
жеке
блог

 

    Бүгінгі қыз – ертең бір әулеттің оң жағын қызартып, отау тігетін келіні. Желегі желбіреген сол келін өмірге ұрпақ әкеліп, ақ жаулықты ана атанады. Ал аналар – елдің тәрбиешісі, ұлттың беломыртқа­сы, берекенің бесігі. Іргетасы мықты соғылған үйдің ұзаққа шыдайтыны секілді, жақсы тәрбиенің қаймағын қалқып ішкен қыздан көргенді келін, білікті ана шығады. Әйел-аналар өнегелі болса, елдің көсегесі көгеріп, керегесі кең жайылады. Төрт қанаты түгел, отының басы бүтін болады. Парасатты ананың тіккен шыбығынан бәйтерек өсіп, арғы ұрпағына саясын түсіреді. Қыз баланың ақылды да инабатты, өнерлі де өнегелі болып толысуына ата-анамен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы да жауапты. Қызды тектеп ұстау басты міндет. Тыю деген, міне, осылардан құралады. Оң жақтағы кезде жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз». Міне, қазақ қызы осындай тәрбиемен өмір сүріп, отбасының ұйытқысы бола білуі керек.  

    Өкінішке орай қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселенің бірі осы тәрбиеден басталуда. Өрім­дей жас қыздардың басына түскен қасірет олардың өміріне сызат қалдырмай қоймайды. Ашығын айтар болсақ, бұл күні жеткіншек қыздардың оң жақта отырып-ақ құрсақ көтеруі­ жиіледі. Бұрындары қысылғанда қуыс таппайтын құбылыс енді бір-екі жел сөзге ұласып, жабулы қазан жабулы күйінде қалатын болды.

    Ал біреу біреуге ақыл айтып, жөн сілтейтін заман келмеске кеткен. Арды жоғары қоятын қыздарымыз жоқ жерден қылық шығаруда. «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» дегендей, бойжеткен қыздың соңынан қашанда сөз еретіні белгілі. Жастықтың дәмін татпай жатып, зәрін тартатын қыздарымыз көбейді. Бұрындары бір кісі «қызды баққаннан, ешкі баққаным артық» деген екен. Аруларымыз санасыздықтың салдарынан сан соғып­ қалып жатыр. Бір кездері қазақ қыздарының намысын ерлеріміз найзамен қорғаса, бүгінде кейбір аруларымыздың ары аяқ астында.

    Ерте жүктіліктің  етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген көріктісымақ қызды ма, «қызға қырық үйден тыйым салмаған» ата-анасын ба, әлде ойнап-күлген ортасын ба?! Махаббаттың буына мас болып, ерте ұрынатындар сезімнің жетегінде кетеді де, сол сезімге тағдырын билетеді. Ақыл емес, сезім басқарған өмірлерінің әп-сәтте күлі көкке ұшады. Бар қадір-қасиетінен айырылған қыз ертеңгі күніне күмәнмен қарап, болашақ бағытына жол таппай адасады. Аяғы­ның ауырлағанын білгеннен соң психологиялық зардап шегетіні тағы бар. Таяқтың бір ұшы өзіне тиетінін біле тұра, батыл деп тапқан қадамға кіріспек болады. Айтайын десе, анасынан артық ауыз сөз естігісі келмей­ді. Сосын өзінше шешім қабылдауға тырысады. «Тағдырыма жазылғаны осы шығар»­  деп түсік тастауға дейін барады.

    Жүкті боп қалған қыздардың тірлігін көз алдыңызға елестетіңіз. УЗИ-ге барып, құрсағындағы шарананың ай-күнін біліп алады. Одан қалды, баланы алдырту үшін ақша жинай­ды. Ақырында бір тоқтамға келеді. Жеке емханаға барып, аборт жасатады.

    Қазіргі таңда жастар арасында «азаматтық неке» деген шықты. Неке деген аты болмаса, некенің киелі ұғымына еш қатысы жоқ. Бір-бірінің алдында ешқандай жауапкершілікті сезінбейді. Тіпті екеуінің арасында бала болса да ешкім ешнәрсеге жауап бермейді. Батыстан келген бұл «үрдіс» те жастар арасында кеңінен белең алып барады. Олар үшін бұл – үйреншікті дүние. Әсіресе, «неке» деген қасиетті ұғымның қадірін кетіріп жүргендердің ішінде өзіміздің қаракөздеріміздің де жетіп артылатыны жаныңа батады. Ал жүкті болып, үйленіп, бір-екі айдан кейін босанатын «дайын келіндердің» санында да шек жоқ.

    Бүгінгі қазақ қоғамының тағы бір дерті – жасанды түсік. Бұл дерттің жыл сайын «жасарып» бара жатқаны ішіңді удай ашытады. Бірне­ше жыл бұрын мектеп бітірген бой­жеткендердің аяғы ауыр дегенді естісек жағамызды ұстаушы едік.
    Ал қазір «14-15 жастағы мектеп оқушысы жүкті болып, түсік жасатыпты» десе де селт етпейтін болдық. Себебі – бұл үйреншікті құбылысқа айналып барады. Ең қорқыныштысы да – осы.

    Әңгіме тағы жүктілік дегеннен шығады. Жас босанушыларға ең қажет дүние – туу туралы куәлік. Ол үшін неке куәлігі сұралатыны белгілі. Неке жасын шегеру процесі арқылы ол да орындалып келе жатыр­. Бір сөзбен айтқанда, құжатсыз қалып жатқан бала жоқ. Абыройынан айырыл­ған қыз көлденең көк аттының соңын­ан  еруге мәжбүр болады. Бұрын­дары ауыл қыздары аңғалдықпен алдауға түсіп қалатын болса, бүгінде бұл жағдайдың құрығына қала қыздары да ілінуде. Жігіт­тердің қыздардың аузын айға қаратып кететін­ айласы таусылмай тұр. Сорлап қалатын қыз байғұстың қамын жеп әуре болмайды. Өзінің анасы, апасы, қарындасы жоқтай жауапкершіліктен қаша жөнеледі. «Еркекке емес, екі боса­ғаңа сен» деген ескіден қалған есті сөз бар. Бүгінгінің есінде осы сөз міндетті түрде болғаны жөн.

    Статистикалық мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда жыл сайын мектеп пен студент­тік кезеңдегі қыздардың 10 мыңы жасанды түсік жасатады екен. Осыдан-ақ бағамдай беріңіз, қыздарымыздың өз болашақтарына өздері қаншалықты балта шауып жат­қанын. Ата-аналардың бала сүйгендегі 75% қуанышы алғашқы сәбиіне арналады екен. Ал тұла бойы тұңғышын тұншықтырып жатқандардың жайы мынау. Келіспей пішкен тонның келте­лігіндей қыздардың ақылы қысқа боп бара жатқаны ма?! Түсік тастаған қыздың екінші рет құрсақ көтеруі екіталай. Одан қалса жасанды түсік жасататын қыздардың 30%-ы онкологиялық, гинекологиялық ауруларға шалдығады.

    Заманауи жастар «заман осындай» деген ұранмен батыстық менталитетке еліктеп кеткен. Қыздарымыз бұрымын қырқып, тіпті, шашын сыпырып сәнденсе, жігіттеріміз керісінше, шаш өсіруді жөн көреді. Тіпті, шашы бар аруларымыздың өзі оны сан түске бояп әуре. Бұл – бір. Екіншіден, етек-жеңі қысқарып, кеу­десі жартылай жалаңаш киім киіп жүргендер де өзіміздің қаракөздеріміз. Ал ішімдікке сылқия то­йып, мас болу мен шылымды бұрқыратып жүруді, тіпті, сәнге айналдырғандай. Жүзінен ұяты төгіліп тұратын қазақ қызы бүгінде ешкімнен қымсынбастан-ақ көше бойында сүйісіп тұрғанын көр­генде кімге кінә артарыңды білмей дал боласың. Қазір қыздар үлкеннен именіп, арлану дегеннен ада ма дерсің. «Жаным арымның садағасы» деп санайтын халықтың ұл-қызы неліктен арсыздыққа баруда? Бұған қоғам кінәлі ме? Әлде, балаларының материалдық жағдайын ғана жасап беруді алдыңғы орынға қойып, бала тәрбиесін уысынан шығарып алған ата-ана кінәлі ме? Біреу қоғам десе, енді бірі «қоғам да адамның іс-әрекетінен өзгереді емес пе?» деп дау айтары анық.  Сондықтан қызым саған айтамын, сен өзің тыңда!