Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ТАЙПА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙМІН...
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ТАЙПА ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙМІН...

 


Тин пин по, шин пин по? Түсінбедіңіз бе? Сіздер әкім десе «Әәә, солар ма?» деп, біздер үшін уайым «жеп», аспанға ұшсақ, аяғымыздан, жерге кіріп бара жатсақ, шашымыздан тарып аласыздар, сөйтіп, өздеріңізге көп жүкті «артып» аласыздар. Әкім біткеннің бәрі быламық емес қой? Мысалы, мен де қала ішіндегі бір ауданның әкімімін. Қазақ тілі дегенде жүрегімді жұлып алып: «Мә, мә!» деп бере салатындардың бірімін.
Өткенде есеп беру жиналысында баяндамамды таза халал, қазақ тілімде жасаған едім, бір қала тұрғыны: «Түсіне алмай тұрмын, орыс тілінде неге жасамайсыз?» деген сұрақ қойды, ал қала әкімі оның құлағын бұрап қойды: «Вот дұрыс айтады! Елбасының өзі екі тілде сөйлейді. Құрметті аудан әкімі, сіз Конституцияның бір бабын бұздыңыз. Елбасыдан неге пример алмайсыз? Вот вы Послание Жолдауды есіттіңіз ғой? Баяндама жасағанда тағы да ішінде или дополнение обязательно нетіп неғылыңдар!» Түсінсем бұйырмасын! Жеті жүз жыным жетіп келді, қасына ышқынған ызамды ертіп келді. Өзі мына түрімен екі тілде баяндама жасай қалса, қазақшасынан қақалып қалармыз? Өзі неге Елбасыдан үлгі алмайды? Екі тілде судай ағып?
Бірақ үндемедім, жақында келген әкім ғой деп күндемедім. Тағы бір күні жиналыс болып, баяндама жасайтын болдым. Мінберде тұрып:
–Тин пин по, шин пин по... –дедім ойыма келген сөзбен қойып қалып. Жиналғандар жапырыла қарады. Бірі тілін жалады, екіншісі саусақтарын санады... Әкім маған бұрылып:
–Қай тілде сөйлеп тұрсыз? –деп сұрады.
–Қазақ тілін менсінбейсіз. Сосын Африкадағы белгісіз бір тайпа тілінде...
–Сіз не, мені мазақ етейін дедіңіз бе?
–О, не дегеніңіз әкім мырза, жұрттың бәрі сіздің «казакчаңызга» ырза...
–Баяндамаңызды тыңдайық!
–Апи по мопипо, кәпи то, шәпи то, Быди би, сыди би, не ғой, аби бо, нетіп неғылғанда, нибооо, обибооо. Аудан бойынша айо жө, құдай қаласа типи по.
–Әй, немене типи по? –деп сұрады қала әкімі. Көздері шоқ болды, орысша айтқанда «шок» болды.
–Кешіріңіз, ауданда типи по, тұрғын үйлердің көбі қыста мұздай по мапи то, сіз неге маған апи по?
–А?
–Неге сіз апи по, топи то? Өз тілім өгей по?
Біліп тұрмын, қызметтен кететінімді сезіп, өзімді бір бәйтерекке іліп тұрмын... Рас екен, сол күні «Қызметтен кет!» деген өзінің бұйрығын берді, тіпті «Аштан қатып қалмаңыз!» деп, кетерімде қойдың құйрығын берді. Ана тілім тұрғанда аш болмаймын, міне басым, кесіп алсаңдар да, өз тіліме қас болмаймын!