Мұхтар ШЕРІМ. МИНИСТРДІҢ МӘЙКІСІ

 

 

 

    Кейде күрсініп, өзімді–өзім ұрамын, шыным сол, былтырдан бері қарттар үйінде тұрамын. Арымды арқалап, ұятымды ұйықтатып, осында келгелі  жалғыз балам жанын  қоярға жер таппай, күнде келеді. Әне,  тағы да келіп тұр, «пап, как дела?» деп әкесіне сәлем беріп тұр.

–Әй, шырағым, қазақша сөйлеші...

–Паханя, стариктер үйінде сізге ешкім тиісіп жатқан жоқ па? Мәйкіңіз тағы неге жыртық–жыртық? Иегіңіз неге тыртық–тыртық? –деп сұрады балам мәйкішең отырған мені көрген бойда.

–Балам, менің экс–министр екенімді білесің, біле тұрып, жан–жарамды тілесің... Осындағылар мәйкімді көрсе болды: «Жұғысты болсын, тәбәрік болсын,  балам маған қарамаса да, министр болсын!» – деп ту–талапайымды шығарады. Қолдарында бір–бірден қайшы, қиқалап ала жөнеледі.

–Тәбәрик?

–Енді.. Қазақта сондай ырым бар.

–Пап, өзің түсінесің, үйге әкете алмаймын. Келініңіздің стариктерден аллергиясы бар... Ауырып қала береді. Денсаулық та керек қой.

–Е, балам, жасым тоқсанға келгенде көрейін дегенім қарттар үйі ме еді? Министр болып жүрген жылдары пара аламын деп сотталып шықтым, байлығымның бәрі тәркіленді. Жасырып қалғанымнан сен байып алдың, бұған да шүкір.

–Мен уже тоғызыншы қатын алайын деп жатырмын. Пап, хотите, сол тоғызыншы келініңіздің үйінде тұрыңыз.

  Ол маған қызыл түлкіні таспен ұрып алғандай, қутыңдай қарады.

–Жоқ, маған осында жақсы...

–Көріп тұрмын ғой, қанша мәйкіңіз жыртылды? Әлі қаншасы жыртылады? Әлде, жетінші тоқалым Тоняға?

–Тоня? Тоняң құрысын, тоңқып жүрген.

–Сегізінші тоқалым Соня?

–Соняң құрысын, су бермеген...

–Алтыншым Аняға?

–Аняң құрысын, басыма айран құйып шығарып салған...

–Бесіншім Бидайгүл?

–Бармаймын дедім ғой.  Бидайгүлің бетіме бірдеңе шашып жіберген, сөйтіп, миымның қақпағын ашып жіберген.

–Пап, маған кейінгі кезде ұят болып жүр. «Казиноң бар, ресторандарың бар, неужели әкеңді асырай алмайсың?» – деп айтады достарым. Айтшы папа, апта сайын он-жиырма килә ет әкеліп  тұрмын ғой, ә? Оның үстіне, осы қарттар үйіне спонсормын...

–Рахмет, балам, рахмет... –деп теріс айналдым. Жүрегіме тас, көзіме жас толып қалып еді... Балам кетерінде бір сөмке мәйкі тастап кетті.  Бүгін де жылап отырмын, Құдайдан: «Қашан өлемін? Кезегім қашан?» деп сұрап отырмын...

 



Бөлісу: