Сен кімсің, Хиджабтағы қыз?!

Сен кімсің, Хиджабтағы қыз?!
жеке
блог

«Алаш айнасы» 2014 жылы жариялаған мақаласында қазақ қыздарының хиджаб кию мәселесі туралы Айнұр Төлеуғалиқызының мақаласын оқып шықтым. Мақалада «Хиджаб («Қалқан», «шымылдық») – ақпарат көздеріне сүйенсек, бұл мұсылман әйелдерінің көшеге шыққанда денесін жасыру үшін киетін киімі. «Желбегей, жамылғы» дегенді білдіреді. Бірақ кей деректерде ол араб елінің ұлттық нақышты киімі делінген. Сонда араб елінің мәдениетін неге қазақ қыздары ұстануы тиіс? Неге қазақтың қара домалақ қыздары бөгде елдің ұлттық киімін киюге міндетті. Қазақтың кереметтей етегі желбіреген қазақ көйлектері мен сәукелесі Ислам өркениетіне қайшы келгені ме? «Қазақ халқының тарихында, біздің дінімізде ешуақытта мұндай дәстүр болған емес. Шын дінді, оған таңылған басқа діннен ажырата білуіміз керек». (http://alashainasy.kz/din_islam/hidjab-kiyu-kazakka-kisyindyi-ma-55143/) деген жолдар бар. Хиджаб киіп жүрген қыздарымызды сәнқой демессіздер, хиджаб киетін қыздарымыздың арасында оны сәндік үшін, моданың бір түрі секілді етіп сәндеп киіп жүретіндері де бар. Араб елінде қыздар расында хиджабты түрлі әшекейлермен сәндеп киіп жүреді. Ал бетіне дейін тұмшалап киетін киім оларда «паранжа» деп аталса керек. Айнұр Төлеуғалиқызы мақаласында егер хиджаб арабтардың ұлттық киімі іспеттес болса біздің қазақтың да бүрмелі көйлектері бар деп айтқысы келген болу керек.

Қазақ халқының ежелден киген киімі жас қыздарда сәукеле мен бүрмелі көйлек. Егер де сол киім үлгісі қайта ұсынылса сөзсіз өз басым киіп алар едім. Алайда бүгінгі қоғам дәл сондай киім үлгісіне дайын ба? Насихаттамақ болсақ қолдаушыларымыз бола ма? Оған қоса қазір барлығымыз шетелдің киім үлгілерін киіп алып, тырысқан джинсыға әуес болып барамыз. Киім киюдің өзіндік ережесі бар десем кей қыздарымызға ол «ережеден» келіп кетері шамалы секілді.

Хиджаб киюдің бір мәні қыз баласының бар денесі жабық тұрады. Ер азаматтардың көзі түспейді. Алайда, қазір хиджаб кию проблемасы өз шешімін таппай келеді. Хиджаб киген дұрыс па? Егер қарсылық білдірсек бүрмелі көйлекті енгізіп, насихаттайық... Қыз баласын қырық үйден тыйып отыратынымыз белгілі. Алайда ашық, тырысқан киім киген қыздарымыздың болашағы не болмақ? Оларды кім тыйып отырмақ? Ата-ананың сөзін құлаққа ілмейтін қыз балаларын қайтпекпіз? Күні кеше Айжан Байзақованың мәселесін шешкендей болып едік, нәтиже бар ма? Сұрағым көп. Хиджабқа қарсымыз деп айтқан адам нені дәлелдегісі келеді? Мен хиджаб кимеймін. Тырысқан джинсыға да әуестігім жоқ. Хиджаб кимей-ақ қырық үйден тыйылып отырған қыздарымыз болса басымды идім. Ал егер Айжан Байзақова секілді тәнін жарнамалайтын болса одан да хиджаб кигенді артық көрем.

Қазір мектептерде хиджаб киюге тыйым салып жатыр. Атырауда мектеп алдында намаз оқыған қыздарға да шағым түсіп жатса керек. Әлде қазір сақал қойып, хиджаб кигендер террорист болғаны ма? Өте мұқият талдауды талап ететін тақырыптың мәнін дұрыс аша алсақ игі еді. Біз Америка емеспіз, алайда Америкада адамның сырт келбетіне дәл біз секілді ешкім сын айтып жатпайды. Біз көпұлтты, көптеген дін иелері тұратын елміз. Басты назарымыз Ислам дінінде екені әр мұсылманға аян. Осы орайда хиджабтағы қыздарымыздың барлығына топырақ шашпайық. Мен жабық киініп, жүрегіне мейірім ұялатқан жандарды ұнатамын. Хиджаб киіңдер демеймін, кимеңдер деп те айта алмаймын. Тек адамдардың ақ ниетпен киген киімдеріне мін таққанды қояйықшы. Одан да ашық киінетін қыздардың мәселесін майшаммен қарап бастайық!