24 сағат табиғат аясында: 1-күн

24 сағат табиғат аясында: 1-күн
жеке
блог

Меркі қаласына түн ауа келе сала, бірден қаланың атымен сәйкес қонақ үйге қоныстандық та, ауыр жолдың есесін терең ұйқыдан алдық. Таңда ояна сала командамен түгел түсірілім болатын жерлерді бақылауға аттандық. Тау жақты бетке алған екі көлік, аздаң соң тариxи үңгір жанына келіп тоқтады. Ішке кіруге деген қорқынышымды сол сәтте қызығушылым жеңген болатын. Ұзын-сонар тармақталған үңгірдің ішіне енген сайын сырттан түскен жарық та әлсірей бастады. Алайда артқа қайтатын ойымыз да жоқ еді. Себебі, ішкі тармақ жолдарын есептегенде кемі 100 метрдей қазылған үңгірдің күрделі жолдарына қайран қалдық. Бар ойымыз, бұл үңгірді қазған кімдер?! Сұрастыра келе ұққанымыз, кезінде пайдалы қазбалар алынған бұл үңгір, қазірде өз байлығынан айырылған. Яғни таусылған... 

...Үңгірден шыға, Меркі тауларына аттандық. Соңғы нүкте мынау суреттегі сарқырама. Түсінгендеріңіздей діттеген мақсатқа жеткен жайымыз бар. Ал қалай жеткеніміз ол тіпті қиямет-қайым әңгіме. Қалақаймен тікенекке таланып, асау аққан өзенге талай малшынып жүріп, кенеттен сарқыраманы басып өтіп, анау жоғарыдағы жартасты жағалап тіпті шың басына қалай шығып кеткенімізді өзіміз де түсіне алмай қалдық. Не де болса алғашқы күн ерекше естеліктерімен есте қалды. Ал ертең бірінші түсірілім күні. Қонағымыз - алғашқы қазақ олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров... Ал бұл жайлы енді ертеңгі посттан оқи аласыздар.

(с) Ықылас Тұрсынбекұлы