Өзім туралы

Осыған дейін бірнеше тақыптарда(тек бұл сайт емес инстаграм желісінде де) әңгіме өрбіткеніммен өзім жайлы ешқашан айтпаппын, айтпақ түгілі ондай ой басыма кіріп те шықпаған. Алайда бүгін сіздерге өзім, міңезім, жақсы көретін және жек көретін істерім жайлы, дүниеге, қазіргі ғаламға деген көзқарасым туралы, қысқаша айтқанда, жалпы өмірімнен біраз сыр шертпекшімін. Әрине, танымайтын бір қыздың өмірі көбінізге қызық емес шығар, алайда біраз жылдардан соң «шынымен де мен осындай болдым ба?» деп таң қалу үшін неме өзгеріппін бе әлде сол қалпы қалып қойыппын ба соны білу үшін мен бұл постты осында жариялаймын. Бәлкім кейбіріңіз менің ұстанымымның кемшін тұстарын комментке қалдыру арқылы өзім дұрыс деп есептеп жүрген дұрыс емес қылықтарымнан арылуға өз үлестеріңізді қосарсыздар, енді ғана ересек өмірге қадам басып келе жатқан мына маған аға буын ретінде бағыт-бағдар берерсіздер. 
Қазір менің жасым 16-да. Ата-анамнан бөлек, ағаммен бірге тұрамын. Енді біраз осы туралы. 15жасымда яғни 9шы сыныпты тәмамдағанымда мен колледжде оқимын деп шештім. Бұнын тек оку орнымды ауыстыру ғана емес, сонымен қатар, ересек өмірге қадам басу, ортамды өзгерту екендігін білгендіктен сабақтың басталуына бірер күндер қалғанға дейін жақсылап ойландым. Ақыры өмірімде бірінші рет жеке адам ретінде аса маңызды шешімді қабылдадым. Мұғалімдер де, ата-анам да мені мектепті ары қарай бестік бағамен бітіріп, алтын белгісін қорғап шығады деп ойлап жүргенде мен олар үшін де, достарым үшін де, тіпті, өзім үшін де 180градусқа кері, мүлдем ақылға сыймайтын әрекетке бардым. Сөйтіп, мен туған, кіндік қаным тамған ауылымды тастап үлкен қалаға аттанып кеттім. Бұл сонымен қатар ата-анамның жылы ордасынан, балалық шағымнан ерте бас тартып, өзіме мүлдем тансық ересек өмірге қадам басу болатын. Осы кезде мені сүйрелеп, алға қарай тартқан адам менің әкем еді. Емтихан тапсырғанымда да, құжаттарымды реттегенде де сол кісі жанымда болды. Тіпті мамандықты таңдап берген де өзі. Қазір қарап отырсам менікі тек ертерек есеюдің амалы болған сияқты, себебі менде өзгелердікіндей «осы бір мамандықта оқығым келеді не болмаса қайткенде де осыны оқып шығып ертерек сол істің маманы атанғым келеді» деген арман болмапты, әйтеуір не болса сол болсын деп Заңгер мамандығын таңдап алдым, оның үстіне мен түскен колледждегі факультеттердің ішінде «есі дұрыс» деп есептегенім де сол еді. Болды, бәрі шешілді, емтиханды ойдағыдай тапсырдым, оқуға түстім, алайда баспана жоқ. Туыстармен көп араласпағанынның кесірі осындайда тиетіні рас екен, мен шынымен де біреудің үйінде тұрып оқуға жатсындым, тіпті осы үшін қайтадан бәрін тастап ауылға қайтып кетпекші болдым, алайда «үш күннен соң адам көрге де үйренеді» ғой деген оймен қайдағы бір болмашы мәселе үшін бәрін өзгерте салуға болмайтынын ұғып тез есімді жиып ала қойдым, оның үстіне алақандай ауылымызда сөз жатпайды ғой менің оқуға түскенімнен қанша жасырып бақсақ та бәрі хабардар болып алған, сол үшін қайтып барған ұят әрине. Содан не керек «40жыл» араласпаған апайымның (әкемнің қарындасы) үйінде тұратын боп шештік. Ол кісі тұрмыста емес еді, өзі мұғалім, қатал кісі. Белгілі бір режиммен ғана жүретін, үйдің тазалығына қатты мән беретін, артық сөйлеп, беталды күле бермейтін еді. Еркелеп, еркін өскен мен үшін бұл ережелерге бағыну басында өте қиынға соқты, бірақ ақыры сонында «бұл тұлғамның қалыптасуына өз септігін тигізер» деген оймен бәріне үйренісіп кеттім. Шынымен ол кісімен тұрған 1жылда мен көп тәжірибе жинадым, бірақ тым шекен шығып кеткен ережелерінің де болғанын жасырмаймын. Жарайды бұған тоқталып керек емес. Ал енді сол 1ші жылдағы оқуым жайлы. Иә, әрине студенттік өмір басында бәріне де күрделі болып көрінеді. Рейтинг, сессия, сынақ дегендерді ұқпай ұзақ жүргенмін, оның үстіне мұғалімдердің барлығы көзіме айдаһарларша көрініп сабақта ауызымды аша алмай отыратынмын. Сол кезде группаластарым менің шынымен де 9-ды қызылмен бітіргеніме сенбейтін, ақыры өзім де шын беске оқығаныма күманмен қарай бастадым, себебі бірінші рейтингте бір емес бірнеше сабақтардан «3» болып қалғаным бар. Кейін рухымның мықтылығынан ба, әлде ұятымның басымдылығынан ба мен намысқа тырысып келесі аптадан-ақ күн демей, түн демей оқи бастадым, оған қоса өзімді психологиялық тұрғыдан да дайындықтан өткізіп мұғалімдерден қорықпай керісінше олармен жақсы қарым-қатынас орнатып алу үшін жанталасып бақтым. Ақыры нәтиже болды. Келесі мәселе менің жаңа достарым болатын. Басында көп ешкіммен араласпадым, жақын деген бір ғана құрбым болатын, алайда оның өзіне ашылып сырымды айтқан емеспін, себебі қанша жерден күліп тұрса да «адам аласы ішінде» демекші кімнің қандай ойы бар екенің жүзіне қарап оқып білмейсін, оның үстіне сақтықта қорлық жоқ. Бұлай жасағаным бекер болмапты, бір ай дегенде кімнің кім екені анықтала бастағанда сол құрбымның маған «жақын дос» бола алмайтынын анғардым, бірақ әрине бір группада оқығандақытан сәлеміміз түзу. Бұл да бір ересек өмірдің сабақ аларлықтай жағдайы. Егер, сіз де жаңа өмірге, бейтаныс ортаға келіп түссеніз «жырынды айтып, сырынды шертер» досыңызды жаңылыспай таңдауынызға тілектеспін. Ал менің өмірімдегі ең алғашы үлкен бұрылыстардың бірі - колледжге түсуімнің жайы қысқаша осы. 
Жоғарыда айтқандай бұл тек оқу орнымның ғана емес бүкіл өмірімнің өзгеруі болды. Үлкен шаһар менің бұл кезге дейінгі міңезімді де, сырт келбетімді де, талғамдарым мен таңдауларымды да түбегейлі суырып алып, мүлдем басқаша қалыпқа салды. Өзгелер айтатындай аңғал, ашық міңезімді «қасқырға» өзгертпесем де қанша жерден тұла бойыма жат болғанымен қатаңдық пен керек жерде жасалуы қажет қулықты үйренгеннің еш әбестігі жоғын ұқтым. Менінше қазір біреуді біреу аяп жататын заман емес, бұл дегенің біреуге зауал келтіру емес, тек өзін үшін өмір сүру. Бәлкім кейбіреулеріңіз бұны эгоизмге балайтын шығарсыздар, алайда өз асын алдында тұрғанда өзгенікіне қасық батыру ақылға қонбайды ғой солай ма? «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші егер сіздің ортанызда барлығы шеттерінен пайда көріп қалғысы келетіндерден құралса сіз де солай әрекет етініз, болмаса бұндай жерден түбегейлі бас тартқан дұрыс. Мектептен колледжге ауысқаным бұл тек бастамасы ғана ғой, мен әлі Құдай қаласа универге тапсырамын сол кезде де ортам өзгереді, жұмысқа орналасамын сол кезде де дәл осы жағдай болады. Осы қалыпта мен бүкіл ғұмырымда кемінде 6-7орта ауыстыратын болармын, сол кезде маған кезігетін адамдардың барлығы бірдей періште немесе барлығы бірдей зұлым болуы мүмкін емес. Егер жақсы ортаға, өзімді түсінер жандардың арасына түсер болсам бұл - бақыт, ал егер мүлдем маған антоним болып саналатын адамдармен қалайда болса араласу керек болса мен өз тұлғамды өзгертпей тек солардікіне ұқсас масканы киген болар едім. Сіздерде де бұндай жағдайлардың орын алатындығына немесе орын алғандығына сенімдімін. Егер менің жаңа ортаға деген әрекетімді қате деп тапсаныздар немесе қосар ойларыңыз болса міңдетті түрде өз пікірлеріңізді қалдырыңыздар. 
Менде қазір өтпелі кезең. Көңіл күйім бірде жақсы, бірде жаман. Бүгін өзіме риза болып жүрсем, ертең мүлдем өзім жасаған әрекеттерге жиіркенішпен қарауым мүмкін. Таңертең күліп, түсте жылап, кешке мүлдем үнсіз қалуым да ғажап емес. Мұндайды менен өзге жасөспірімдер де өткеріп жатқан болар. Кейде қатты рухани күйзеліске түскен кезде маған ата-анамның демеуі ауадай қажет болады, бірақ кейде менің бұл кезеңде жасайтын ақымақ істеріме олардың куә болмағандары да дұрыс шығар деп ойлаймын. Қайткенмен сырласатын адамын болса жақсы ғой дейтін шығарсыздар, алайда пәтерінді басына көтеріп қабырғамен сырласқан одан да жақсырақ әрі сенімдірек сияқты мен үшін. Бәлкім мен тұйық болғандықтан бұны жөн көретін шығармын (жоқ мен адамдармен жақсы қарым-қатынас ұстай білемін, ылғи әзілдесіп, күліп жүремін алайда сырымды айтуда бірнәрсе ішімнен тежеп тұрады). Дәл осы өтпелі кезеңнің мәселесі маған өмірлік мамандығымды таңдап берді десем сенсіздер ме? Бұл бір ғажайып сияқты болып көрінер, алайда шынымен де солай. Мен былтырдан бастап бар сырымды, ойларымды қағаз бетіне әңгіме ретінде түсіруді әдетке айналдырдым. Бұл әдет хоббиге, ал хоббиім сүйікті мамандығыма айналмақшы. Иә, мен Заңгер мамандығында оқып жатқаныммен қызығушылығым мүлдем басқа салада. Менің бұлай жазуға құмар екендігімді әлеуметтік желідегілер білмесе, туыстарымның, ата-анамның мүлдем хабарлары жоқ. Сол үшін де олар менің журналистикада оқи алатыныма, сол салада белгілі бір жетістіктерге жететініме күмәнмен қарайды. Алайда мен өз шешімімді қабылдап қойдым. Осы мамандықта қалай және қашан, қай жерде оқитынымды барлығын жоспарға алғанмын. Тіпті бірнеше адамдардан кеңес сұрап, қазір солар берген бағдар бойынша әрекет етудемін. Сонымен қатар бар еріншегімді жойып көбірек жазуға және оқуға тырысып жүрмін. Өзге жасөспірімдердікіндей менде де әлеуметтік желіге деген бағыныштылық бар, алайда мен оны пайдалы заттар үйренуге және өзім жазған дүниелерді ел назарына ұсыну мақсатында көбірек қолдануға тырысамын. Бұған дейін жазғандарымды инстаграмға жүктейтінмін, алайда онда пікір білдіретіндер, қолдау көрсетіп немесе қатемді түзейтіндер мүлдем болған жоқ, қысқасы бар жазғаным ауға кеткенмен тең болды. Осы 1айдың көлемі болды блог жазуға ұйғарып, дәл осы сайтты таңдап алдым. Менінше бұнын маған болашақта тигізер пайдасы зор, себебі бұнда тіс қаққан блогерлерден ақыл сұрауға, олардың жазғандарын жайлы ойларын білуге, қателікітерінді түзетіп алуға мүмкіндік зор. 
Қысқаша мен жайлы осы. Менің ойымша бұл посттағы ойларым шашырап кеткен тәрізді. Бұған себеп, менінше әлі де өзім жайлы толыққанды бірнәрсе шығару үшін уақыт қажет. Немесе басқа бір кейіпкердің есімімен жазып, автор ретінде соның өмірін сипаттасам дұрысырақ әрі ұғынықтырақ шығар ма еді... Жарайды әйтеуір қалай болса да ойда жүргенімді жүзеге асырдым.



Бөлісу: