Мұхтар ШЕРІМ. ЖАНЫМ КІРІП БАРАДЫ...

 

 

  Жүре алмаймын. Алға ұмтыламын–ақ, сырғанап кері кетемін. Астана желінің күштілігі соншалық, қалбалақтап барып, әрең келе жатқан полицияны құшақтай алдым. Өмірімде еркек басыммен полицияны құшақтап көрмеппін.  Құдайым–ау, Астананың бораны қашан басылар екен?

  Бір талды ұстай қалып, алға жылжып едім, бір қыз жел екпінімен ентелей келді де, мені құшақтай алды. Жаным кіріп қалды. Тоны жып–жылы екен.

–Кешіріңіз, ағай, –деген қыз менен босанып, алға жылжыды.  Мен де қарап тұрмай, алға ұмтылдым. Қарыс қадым жер қырық шақырымдай көрініп кетті. Аспанға қарасам, мәссаған, бірнеше адам ұшып келеді. Бірі ұйықтаған,  бірі планшет қараған күйі ұшып келіп, әудем жерге сатыр–сұтыр құлады. Сөйтсем, бұлар желмен ұшып кеткен депутаттар екен ғой!  Зәрем қалмады. Мен де ұшқаннан ұшып отырып, өзімнің Шымкентіме топ ете қалсам? Әне, желге ұшқан қайран қаржылар! Аспанда ақшалар ұшып барады! Парижден бір басына 65 миллион еуроға пәтер сатып алған билік өкілі де ұшып барады, бірақ оның кім екені бораннан көрінбейді, болар–болмас бейнесі қол бұлғап қояды... Билік «анықтап» қарай алмай жатыр. Біреу жаныма ұшып келіп құлады! Кім екен деп қарасам, кезінде бір миллион парамен ұсталып, артынан құтылып кеткен Ким екен...

   Бір кезде жаңағы қыз «Ой мама!» деді де, қалбалақтап келіп, тағы да мені құшақтай алды. Екеуміз жабысып, ентігіп тұрмыз. Жаным кіріп қалды. Қанша дегенмен, Астана бойжеткені құшақтап тұр ғой. Біздің Шымкенттің қыздары болса,  құшақтасып тұрып, өсек айтып үлгерер еді.

–Кешіріңіз, ағай... –деді ол.

–Оқасы жоқ.

–Не дейсіз?

–Оқасы жоқ деймін.

–Бұқасы жоқ?

–Оқасы?

–Бұқасы?

   Атың өшкір мына жел түк естірмесе керек, қыз бар күшін жинап, алға ұмтылды. Айналаға қарасам, Астана көшесі боз–боран! Қарным да ашып кетті. Осыны ойлағаным сол, басыма бірдеңе сарт ете қалды. Жерге қарасам, колбаса! Жұлып алып, қырш еткіздім, артынша біреу құшақтай алды. Қарасам, жаңағы қыз тағы құшақтай алыпты.  Желге қарсы жүре алмай, құшағымда тұр. Жаным кіріп қалды. Шұжықтың жартысын беріп едім:

–Кешіріңіз ағай, сізді құшақтай бердім–ау... Әкім қайда қарап отыр? Желдің алдын алмайды ма? –деп қояды. Адамдар қызық, қит етсе, әкімдерді кінәлай салады. Желге әкімнің қатысы қанша? Ол– Құдай емес қой... Аспанға қарадым. Боз–боран! Ал мен болсам, ұшып кетейін, ұшып кетейін деп әрең жылжып келемін. Құдайым–ау, Арман Сқабылұлы бауырым  айтпақшы, ит байласа тұрғысыз жер екен ғой? Шымкентімнен айналайын! Шалқамнан түстім. Бұл жолы әлгі қыз мені құшақтаған жоқ, жел екпінімен соғып, шалқамнан түсірді де, үстіме жатып алды.

–Хош келдіңіз! –дедім мен. Басқа не дейін? Тұла бойым тоңса да, жүрегім жылып, бір түрлі жаным кіріп барады–ей...

 

 



Бөлісу: