Миллиардтаған армандарым сағымға айналмаса екен...
жеке
блог

Миллиардтаған армандарым сағымға айналмаса екен...

Менде де арман бар.Санамды шырмап алған,үрейге толы бойымды әлдеқашан билеп-төстеген,есімді біліп, зұлымдық пен адалдық қатар жүретін ғаламда ақ пен қараны ажыратып,оңым мен солымды таныған шағымнан бастап, кеудемде дамылсыз соққан жұдырықтай жүрегімнің төріне кішкентай ғана оюлы, қызыл орамалға түйіп,сыр сандығымның ішіне ешкім сезбестей,білместей етіп орналастырып, сыртын алтын құлыппен бекітіп қойған, сіз ойлағаннан да,өзгелер елестеткеннен де сондай көп,мен үшін маңызы зор миллиардтаған армандар бар. Сақтап келемін,көзімнің қарашығындай сақтап келемін,бірақ өзгелермен бөлісуге,яки сыр ақтарып,ағымнан жарылуға қатты қорқамын."Адамның емес,Алланың ғана қалауы болады" дейтін ақ жаулықты шалқар көліме айналған анам.Армандап,күндіз-түні армандап,бірақ болашақта бар құрдастарыма мәлім еткен арманым еш қиындықсыз сағымға айналып кетсе қайтпекпін?..Күншілдік билеген заманда күндестерімнің мысқылынан,арам пиғылдарынан жүрексінемін.Бірақ дәл қазір қалай батыл қадам жасап отырғаныма таңданам.Ендеше мен айтушы,шер тарқатушы болайын,ал сіз құпия тыңдаушым болыңыз.

Өзім 11-сыныптың жарқын күндерден,ертеңгі атар таңымнан күтер үмітім зор түлекпін.Елдің баласындай тілім шығып,тәтті сөздермен жұртты баурап алып жатқанымда "Кім болады, менің балам?" дегенде, "космонавт,болмаса президент,дәрігер" боламын деп жауап қатпаппын. Жәй ғана сыбырлап "мұғалім" дейтінмін. Ол кезде "журналист" дегеннің не екенін білмеппін-ау,егер хабарым болса," Мен тілші боламын" дейтін де шығармын, кім білсін?! Содан не керек,күндер көзді ашып жұмғанша өтіп,айлар ағын судай ағып,жылдар мен ойлағаннан да жылдам жылжып жатты.7-сыныптың партасында отырып, ақ қағазға ойымдағын шимайлайтынды шығардым. Асып бара жатқан ақындығым болмаса да,жақын болуға мүмкіндігім бар шығар деген ой еді менде. Мұндай дарынымды бір мұғалима байқап қалса керек.Ұмытып барам,сол жылдары біздің мектеп Ресей Федерациясының қолында болатын. Орыс деген халықтың тарихын өзімдікінен көп оқыдым,мойындаймын."СЕН ҚАЗАҚ ЕМЕССІҢ бе?" дейтін шығарсыз. Иә,мен күмәнсіз мың мәрте сізге қайталап берер едім,асқар тауым-әкем де,ол кісінің қабырғасынан жаратылған менің адал анам да-қазақ. Екеуі де жұмыс бабымен Байқоңыр қаласына көшіп келді.Әйтпесе, 4 жасыма дейін ауылымның ыстық топырағына аунап,маңдайымнан сипалап өтетін самал желіне еркелеп өскен перзентпін.Сол себепті "қаланың қызы" дегенге ашуланып,"ауылдың қызы деп айт,ауылдың қарапайым қара қызымын" дейтінмін.Осында келгеніме өкінген де емеспін,ата-анама да кінә артпаймын.Орыс деген халықтың арасында өссем де,қазақ деген қайран елімнің қанына тарттым: тілімді бөтен сөздермен былғаған да емеспін, қыз бала болсам да жеті атамды жатқа да білемін,еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін қадірлеген дәстүр-салтымды ұмыт қалдырып, бойыма тараған, қанға сіңген қазаққа тән ұғымдардан жаңылысқан емеспін. Бұл менің қос қанатымның төрт бірдей ұл-қызды баптап өсірген қурамайтын жемісі,өшпейтін еңбегі.Міне,бірін айтып біріне кетемін-ау, сонымен 2 жыл бұрын мектебім қайта  Қазақстанға қарап,ұстазымның көмегімен алынбастай көрінген асуларды,бағындырылмастай болған белестерді,үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін,екінің бірі қол созса жете бермейтін жетістіктерді алдым. Шынымды айтсам,қаншама жылдар торда қамалған балапандай босап шықтым,өзімді шетелден еліме сарғайған сағынышпен оралған оралмандай сезіндім. Менің ең бақытты сәттерім осы болатын.Менің күні-түні қолымды жайып шын ниетіммен дұға қылған тілектерім қабыл болды,ең бірінші арманымның орындалғаны осы еді.
Ал енді нені қалаймын? Қазақстанды ғана емес, ғаламды бағындырған,репортаждарыммен кез-келген жүректі баурап алатын ғаламат,ең жас,ең сұлу,ең дарынды,ең талантты тілші болғым келеді.Бірақ ол мүмкін бе? "Журналист болып қайтесің,онсызда көп қой,қара да тұр ертең жұмыссыз қаласың" дейтіндер де менің қызығы мен шыжығы мол өмірімде аз емес.Күдік,күмән,қараңғылық. Тулап жатқан жүрегім осы сөздерден кейін-ақ тым-тырыс,үнсіз қалады. Неге екенін білмеймін. Аллам Қаласа, ата-анам қолдау білдерсе,маңдай терімді төксем, барлығына жете алатын мүмкіндігім бар шығар.Болам деген баланың бетін қақпа,белін бу.Бұрын өзгенің айтқанына ере кететін жағымсыз әдетім бар еді,ал қазірше? Менің түсінгенім,құлағаныңда жылап,сүрінгенде сынып қала берсең, арманыңдағы шыңдарға шықпайтының белгілі,жәй ғана жұрттың табанының астында тапталып қаласың.Әуелі Алла дейін,Аль-Фараби Университетінің Журналистика факультетінің грант иегері атансам...ТАЛПЫНУҒА ТИІСПІН.ТЫРЫСУЫМ КЕРЕК.МЕН ӨЗГЕЛЕР ОЙЛАҒАННАН ДА БАТЫЛМЫН. ЕҢБЕКТЕНСЕМ,ОҚЫСАМ алынбайтын қамал жоқ. Менде қандай қиындыққа бара жатқанымды жақсы білемін,бірақ сол жолда мыңмен жалғыз алысып жүріп, жарты жолда қалуым да һәм армандарымды өз қолыммен жойып та жіберуіме болады. Бірақ та үкілеген қаншама үмітті арқалап,жанашырларым мендей бес күндік жолаушыға  бар сенімдерін сеніп тапсырғанда, оларды желге ұшырғандай болып, ақтай алмағаным адамдық қасиеттен жұрдай болғанымның бір белгісі саналмақ.Әзірге осы ғана.Жүрегімнің қалауымен Аллам Қаласа жаңа өмірге қадам басуыма аз-ақ қалды.Білемін,әлі талай кедергілердің торына түсіп,қиындықтардың құрсауында қалатын да шығармын,пешенеме не жазылғанынан да хабарсызбын,тек "өзіме сенейін,өзімнің күшіме сенейін,қос қолыммен алып шығар ісіме сенейін". Жаратқаныма Шүкір он екі мүшемді сау қылып жаратты,бауырымды бүтін етті,Жұмағым мен Жәннатыма айналған анам мен әкемді тарту етті, сиям әлі де көп нәрсені жазуға даяр-ақ,ал қаламымды тербететін жүрегім бір қалыпты соғып тұр, Әлемді бағындырған Журналист болуым үшін басқа нәрсені қажет ету-астамшылдық,не бос әурешілік қылғаным болар.