«Брат или брак» киносының сәтті шығуының құпиясы қандай?!

«Брат или брак» киносының сәтті шығуының құпиясы қандай?!
жеке
блог

Әбунасыр Серіков, Бауыржан Қаптағай, Дәурен Серғазин, Құралай Анарбекова, Руслан Бисенбин, Нұрлан Сабуров, Тәуекел Мүслім, Олжас Абай секілді елімізге белгілі актерлердің басын қосқан «Брат или брак» киносын 2017 жылдың еліміздің ең үздік кинокартинасы деп атауға лайық. Биыл күзде көрермендерге жол тартқан «Брат или брак» киносы прокаттағы алғашқы аптада-ақ кассалық табысы бойынша көш бастап, үлкен сұранысқа ие болып, 10 апта бойы кинотеатрларда көрсетілді. Кассалық табысы жағынан да бұл кино қазақстандық рекордты жаңартты.

Фильм желісі бойынша Гаухар есімді қыз бауырларының шектен тыс қамқорлығынан тұрмысқа шыға алмай жүреді. Ал кездестірген жігіті ағаларының алдынан өтіп, өз махаббатын дәлелдейді. Заманауи әзіл, қызықты сәттерге толы фильм қазақ киносының тарихында өз орнын алып отыр.

Актриса, фильм продюсері Құралай Анарбекованың айтуы бойынша киноның сәтті шығуына түсірілім тобында білікті мамандардың қызметі мен актерлердің кәсіби шеберлігі ықпал етті. Түсірілім барысында болған қызықтар мен қиындықтарға қарамастан барлығы жұмыла жұмыс жасап, аянбай еңбек етті. Қызықтарға келер болсақ, кино түсіру барысында небір жағдайлар болған екен. Атап айтсақ, таулы аймақтағы түсірілімде асау ат бағынбай, актерлерді әбігерге түсірген екен. Тіпті, режиссер атқа мінген кезде шалшық суға құлап кетіп, ұялы телефонын жоғалтып алыпты. Сондай-ақ, сол күні түсірілім тобы қатты жауған жаңбырдың астында қалыпты. Кино түсіріліміне 28 күн кеткен. Сценарий жазу барысында рөлдер нақты кейбір актерлерге лайықталып жазылған. Содан болар, әр актер өзінің рөлін жақсы алып шықты.

«Брат или брак» киносы кинотеатрларда әлі күнге дейін көрсетіліп жатыр. Әлі көріп үлгермесеңіз, міндетті түрде, барып көріңіздер!