Жедел жәрдемшілер ме?

Жедел жәрдемшілер ме?
жеке
блог

 

   

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМШІЛЕР МЕ?

 

    Өмір – өмір болғаннан кейін көп деген қызықтар болады. Алайда, өмір деп жүргеніміз шынымен-ақ “өмір ме?” Жоқ. Біз өмірді қалай сүру керек екенін ұмытып бара жатқандаймыз. Әр адам өз басын ойлап кеткен. Мүмкін ол да дұрыс шығар. Заман талабы солай болар. Дегенмен заманды адам өзгертіп жатқан жоқ па? Ал бірақ қазір сол “біз өзгерткен заман” өзімізге қарсы күресіп жатқан тәрізді көрінетіндей.  “Өзім, өзім” дегеннен өзегімізді өртеген мәселе шешіліп, өзімізге керекті дүние қолымызға түспесін біліп тұрсақ та, “өзім” деген әдет немесе ауру басылар емес.

      Жақында “студенттік шақтың бал дәмі осы екен”- деп түнгі Тараз шаhарын достарымызбен қыдырып, үйге қайтып  келе жатқанбыз. Жанымда бір жолдас жігіт бар. Кенет бір үйдің алдынан өтіп бара жатқанымызда айғай-шудың даусы естілді. Жас болғаннан кейін ондай жерден басымызды алшақтатқымыз келмей, қызығып жақындағымыз келді. Жақындасақ жедел жәрдем көлігі тұр екен.  Оның алдында тізерлеп шамамен 35-40 жастағы әйел жылап отыр. Айналасында 3-4 адам. Олардың ішін  жедел жәрдеммен келген 2 кісі бар.  Бірі – медбике, екіншісі - көлік жүргізушісі. Әлгі әйел осы жедел жәрдемнің асықпай келетіндігіне ренішін білдіріп, ұрсып отыр екен.

     Менің түсінігім бойынша, оқиға былай болған сияқты. Әлгі әйел мүгедек екен. Далаға шыққан әйел үйге кіре берісте екі аяғы  жансызданып, жүре алмай қалған  болу керек, сол күйде ол жедел жәрдем шақырады. Кейін  жедел жәрдем келіп,  тізесін тас қажап жылап тұра алмай отырған әйелді көріп, көмек қолын созбай, керісінше  “маскүнем, ішкілікке тойып алған”- деп, әйелдің сөзіне сенбей, милиция шақырған көрінеді. Олардың тіпті орындыққа отырғызуға шамалары келмеген. Өзі жаны жарым әйел өзегі өртеніп,   жедел жәрдемге өкпелі күйде жылап орнынан қозғала алмай отыр екен.  Кенет бізде барып қалдық. Бізді көрген әлгі әйел бізге қарай 4-қабаттағы үйіне кіргізіп тастауын жылап тұрып өтінді.  Басында біз де сенбедік. Бізде шошыдық. Әлде қорықтық па? Әйтеуір түсініксіз хәлде тұрдық. Расымен де, мас әйел болар деп ойладық. Бірақ жақындап қарасақ жүре алмай қалғаны рас  сияқты. “Не де болса адам ғой, алдайтын жаман ойы болса жанымызда басқа адамдар бар” - деп екі жағынан екі қолын иығымызға салып досыммен  4-қабатқа көтеріле бастадық. Ұлты белгісіз.  Бірақ орысша сөйледі. Аяғы жансыз екеніне илана  бастадық. Жедел жәрдеммен келгендер ізімізде. Не үшін келгендерін, кім екендерін ұмытып қалған сияқты мүгедек әйелдің ай-ғайын үнсіз тындап келе жатыр. Иығымызды сүйеніш қылып келе жатқан әйел әлгілерге  “Кет! Кетіңдер! Керек емессіңдер, енді шақырмаймын"- деп  ұрсып, арасында  болған жайды бізге түсіндіргісі келді ме, шала-шарпы болған оқиғасы туралы бізге жылап айтып келе жатыр.

      4-қабатқа көтеріліп үйіне келдік. Бірақ ол кісі бізді үйіне кірмегенімізді қалап, есігінің  алдына қалдыруымызды өтінді. Есігін ашып бердік. Көзім түскені үйінде мүгедектер арбасы бар екен.  Сонда ғана иландым. Бірақ бір сұрақ шақша басыма тоқ ете қалды. “Ол далаға қалай шықты?”  Жауабы сол күйі табылмай қалды.  Және біз кетерде  әлгі әйел бізге рахметін айтып “жедел жәрдем шақырмаңдар енді’ – деп жылап үйіне еңбектеп кіріп кетті. Құлағымда қалып қойған сөзде - сол. Мұндай жағдайға алғаш рет түсіп тұрған соң, меніңде аяғым жансыз хәлге түсіп қалғандай, түсініксіз күйге тап болып, есеңкіреп  қалдым. Қорқу ма, әлде аяу ма? Белгісіз...  

       “Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды” деген сөз бар. Сонымен кім құлан, кім құрбақа? Жедел жәрдемдегілер тым биіктеп, ақылды болып, құлан болғаны ма? Немесе халықтың қарапайым аңқаулығын пайдаланып, құрбақа болып, халық құлағында ойнауда ма? Менің түсінгенім жедел жәрдемдегілер тек сау адамдарға, мас емес адамдарға көмек көрсететін сияқты.Сол  оқиғадан кейін ол кісілер бір адам мас болып өлейін деп жатса да, көмек көрсетпейтіндей көрінді. Өйткені ол – мас адам. Ал олар ішкен адамға милияция шақырудан басқа ештеңе білмейді.   Бірақ әлгі әйел мас емес екені анық. Мас болған жағдайда да жаны ауырып тұрған ауруды үйіне алып барып, кейін милиция шақырса да үлгерер еді.  Олардың басты жұмысы - адам денсаулығы емес пе еді?  Әлде олар адамның сау мен масайған күйін ажырата алмайды ма? Әлгі мүгедек әйелді үйіне апармақшы болғанымызда, медбике біздің аты-жөнімізді сұрады. Неге сұрағаны белгісіз.

      Біз есімімізді айтпай, ертерек кетуге асықтық.          Жедел жәрдемдегі қызметкерлердің  бұл қылықтарын әшкере етіп,  біраз жерге арыз жазып, олардың міндеттерін естеріне түсірсек болар еді.  Дегенмен де, «қазақпыз ғой, қойшы» деген сөзді айтып, жөінімізге кетіп қалдық.  Әлгі дәрігерлер де үлкен жұмыс бітіргендей, көліктеріне отырып зымырады. Ал,  досымыз екеуміз үнсіз ой үстінде болашаққа үреймен қарадық...

 

Н.Әбдікәрімов,

ТарМУ Журналистика, 2-курс