«Назарбаевты көрген адам бақытты шығар»

«Назарбаевты көрген адам бақытты шығар»
жеке
блог

Еліміздің президентін әркім әртүрлі қабылдайды. Асыра сілтеп мақтап, бас пайдасы үшін жағымпазданып жүретін адамдар маған да ұнамайды.

Ел басшысын, билікті жамандап жүретіндер де жақпайды. Ондай адамдар өзінің ішкі агрессиясын солай шығарады, әрдайым кез келген жағдайға кінәліні сырттан іздейді деп ойлаймын. Өзін бір сәт жамандап отырған адамының орнына қойып көрсе, олай сөйлемеген болар еді. Бұл басқа тақырып...

Адамның өміріндегі көп жағдай кішкентай сәби кезінде болған жағдайлармен байланысты ма деймін. «Біздің кезімізде» интернет болған жоқ, ата-әжеміз бен теледидардың тәрбиесінде өскен балалармыз ғой. Ауылда «Қазақстан», «Хабар», «Ел-арна», «Еуразия» – төрт арна ғана көрсетеді. Теледидардан күн сайын көретініміз – Назарбаев, Парламент үйі, Ақорда. Елбасымыз қызыл кілеммен ересектердің, балалардың алақанына алақанын тигізіп өтіп бара жатады, сонда кейбіреулер көзіне жас алады.

Ол кезде бәрі де елбасы туралы тек жақсы сөздер айтатын, үйдегі ата-әже, әке-шешеміз де бейбіт күнімізге Құдайға тәуба, жағдайымыз жақсарып келе жатқанына елбасының еңбегі көп деп отыратын, әлі де солай. Сол кезден бастап мені де теледидарға түсірсе, елбасын өз көзіммен бір көрсем деп армандадым. Журналистикаға әкелген де осы арман шығар. Ал теледидар саласындағы адамдардың арасында жүргенде, атақтылардың отырған-тұрғанын жазып, адам сияқты өмір сүруге мүмкіндік бермейтінін көргенде журналистикадан жерініп, бала оқытып, шәкірт тәрбиесімен айналысқан дұрыс деп шештім.

Ал бала кезімде қалыптасқан «Назарбаевты көрген адамдар бақытты шығар» деген арманым, көзқарасым әлі күшінде екен. 2017 жылы 8 наурыз күні ауылымда, ата-әжемнің жанында болдым. Сол бала кездегідей Қазақстан арнасынан тікелей эфирді қосып, елбасының Қазақстандағы беделді әйелдер қауымын қабылдауын көрдік. Денем ғана үйде отыр. Жаным, жүрегім теледидар ішіне кіріп кеткен, айналамды түгел ұмытып кеттім, өзім де сол әйел адамдардың арасында, президент қабылдауында отырғандай қобалжып, көзімнен шыққан жасты білдірмей сүртіп тастадым. Сол кезде неге сонша ерекше сезімде болғанымды білмеймін...

Атам телефонмен сөйлескен сайын оқуыңды бітірген соң не істейсің деп сұрайды, мен ол кезде магистратура туралы ойым жоқ, ауылға барамын деп қоямын. Ақордада жұмыс істемейсің ба, Астанаға бармайсың ба дейді. «Маған әйел адамның билікке араласқаны аса ұнамайды, Астана да суық, тұрғым келмейді» деген сөздер көкейіме келіп тұрса да, үлкен кісінің бетін қайтармайын деймін. Тағы бір хабарласқанда «Болашақ»-пен оқуға түсіп, шетелге барып келмейсің ба дейді, «Бапа-ау, тұрмысқа шығуды ойлауым керек қой, шетел асып жүре берем бе» деп те айта алмадым. Сол 2016 жылы сәуір айында дипломымды жазып жүрдім. Бір күні...

Шөбі жоқ шөлейт дала. Таулар. Жанымда бейтаныс 4-5 қыз-жігіт бар, саяхаттап жүрміз екен деймін. Елбасы да сол жерде жүр, жанында тағы костюм-шалбар киген 3-4 адам бар. Маған елбасы бір жерден «қолыңнан ұстап ары қарай өткізіп жіберейін» дейді. Мен оны танымаған кісіше «Жоқ, рақмет, өзім өте аламын» деп қоямын. Сонда да қолымнан демеп, таулардың арасында бір жерден өткізіп жіберді. Ары қарай бірге жүріп әңгіме айтқан сияқтымыз, ұмытып қалдым. Осы түсім есімнен кетпейді.

Әріптестеріме айтсам, көбісі елбасын түсінде көрген екен. Ал сіздердің түстеріңізге президент еніп көрді ме?