Әкешім, ауырмашы!

Әкешім, ауырмашы!
жеке
блог

Әке!

Осы сөздің мән-мағынасына енді үңілгендеймін. Неге? Бәлкім, есейгенімді сезінгендіктен болар.

Әкем – Орынбаев Асан Орынбайұлы 1947 жылы тамыз айының 10 жұлдызында өзінің егізі Үсен екеуі өмірге келген. Белгісіз себептермен 12 күн өткеннен кейін әкемнің егізі қайтыс болады. Ол өмірден өткен соң дәрігерлер бұл бала егізінің соңынан кетеді немесе көп ауруларды айналып өтіп ұзақ жасайды деген болжам жасаған.Бір қызығы, әкем шыныменде төсек тартып жатып, ел құсап «ауырдым» деп айтып көрмеген кісі. Өзім әкеміздің ауруханаға барып қаралып немесе дарілер ішіп жүргенін көрмей өстім. Дегенмен, жасы үлкейді ме білмеймін, былтыр 2016 жылдың сәуір айында кенеттен инсульт алып құлады дегенді естігенде, біз отбасымызбен қатты соққы алған болатынбыз.

Осы күнге шейін әкемді қаншалықты жақсы көретінім туралы осыншама ойламаппын ғой. Әрине, кез-келген тірі пенде өз ата-анасын: әкесін бір бөлек, анасын бір бөлек жақсы көреді. Папамды өте қатты жақсы көретініме ешкім қарсы келе алмас, әрине, бірақ сол асқар таудай алтын папамды осылай жатып қалады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Кешеден бері жылап-жылап басым ауырғаны рас. Ең алдымен сол кісінің өзінің солай төсекке таңылғанына өзі разы емес екендігіне, іштей қапаланып жатқандығы жаныма қатты батты.

Менің әкем – табиғатынан өте ашық, ақкөңіл, мінезі шатақтау (өзім сияқты) айқай кісі. «Айқай кісі» дегенім ол ұрыс-керіс шығару турасында емес, ол дауысы зор, күлсе де, ұрысса да айқайлап сөйлейтін еті тірі, ширақ, тентектеу дегенім ғой.

Өмірінде еш тыным таппаған. Жас кезінде трактор, бульдозер, К-700 сияқты алып машиналардың жүргізушісі болып көптеген мекемелерде жұмыс жасаған.Менің білуімше әкем түрлі еңбек наградаларын,Құрмет грамоталарын алған болатын. Ол қағаздар сарғайған күйі шешемнің ескі чемоданында жатқан болар. Көп жылдар бойы СМУ-5 мекемесінде жұмыс жасағанын білемін. Сол кезде баламыз ғой, папамыздың қайда, кім болып жасайтынын сұрамаймыз, білмейміз екен. Әйтеуір, өзім «Папам трактор айдайды» деп мақтанышпен айтушы едім.

Балалық шақтың кейбір иірімдерін айтатын болсам: күз мезгілі болуы керек, папа жұмыстан екі қапшық арқалап келетін, ішінде бақта піскен қауын мен қарбыздар.Сол кезде ағаларым, апам бәріміз өзімізге қауын-қарбыз таңдап мәз болатынымыз әлі көз алдымда. Содан соң кешке қарай папамыз шай ішкеннен соң теледидар қарап жатып ағаларыма аяғын басқызатын, сол сәтте үйдің еркесімін ғой,ағаларыма жағаласып бастырмайтын болуым керек,папам мені үстіне мінгізіп алатын. Сол кездегі әкемнің сөзі «қызым мені демалтып жатыр» дейтін. Қазір ойласам күлкілі, өзі шаршап келген әкем менің көңілімді қимай үстіне мінгізеді екен ғой. Сол сәттегідей үстіне мініп демалтпасамда, әлі күнге дейін әкеме еркелеймін.

Әкем менің кең дархан, дария мінезді, қолда барын ешкімнен аяуды білмейтін адам. Үйдегі бар нәрсесін біреу келіп сұраса беріп жіберетін өте ақкөңіл, қолы ашық кісі десе еш өтірігі жоқ. Ол ағайын-туыс, бауырларына ешқашан «жоқ» деген сөзді айтып көрмеген. Әкемді барлығы «Тәте» деп атайды (бізде ер адамдарды тәте дейді). Айтсам ешкім сенбес, қарапайым қамыр илеу мен сорпа пісіруді маған әкем үйреткен болатын. Бір қызығы папам маған қанша дауыс көтеріп ұрысса да, мен тіпті елемейтінмін. Себебі мен өте ерке өстім....

Сөзімді түйіндесем, әкеден асқан мейірбан, әкеден асқан адал жан жоқ мен үшін. Бұл сөзім анамды қадірлемеу емес, осындай түйін мен ойға, осындай саналы іс-әрекетке, әрине, мен ананың ақ сүтімен, ананың тәрбиесі арқасында келдім ғой. Әрбір қазақтың шаңырағында орын алатын әкеге деген құрмет пен ілтипат тәрбиесі анадан келетіні секілді, әрбір жүрегі қазақпын деп соғатын жас ұрпақ әкелеріне деген тереңде жатқан махаббаттарын ұғына алса деймін.

«Әке-асқар тау,
Ана-ағып жатқан бұлақ,
Бала-жағадағы құрақ...» демекші, әкелерімізді көзі тірісінде аялап, қамқор болып,сыйлап, келесі ұрпаққа дәріптеп өтейік.

Әкесінің қызы:
Орынбаева Ханым Асанқызы