Ұстаздық еткен жалықпас...

Ұстаздық еткен жалықпас...
жеке
блог

1934 жылы университеттің іргетасы қаланғаннан бастап, әлемдік және мемелекеттік білім беру жүйесінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті өз беделін нығайтып келеді. Университет құрамында 14 факультет, 98 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, 2000-нан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары қызмет атқарады. Талай түлектің арманына айналған университетіміз 20 000-ға жуық студентке білім беруде.

Қазіргі уақытта еліміздің ірі білім және ғылыми орталығы атанған Қазақ Ұлттық Университеті Қазақстан Республикасындағы жетекші жоғарғы оқу орны болып табылады. Ол, сөзсіз, қара шаңырағымызда білім беріп жүрген ұстаздарымыздың арқасы.

Университет қабырғасында жан – жақты, біліктілігі жоғары, қазақтың керемет ғұлама-ғалымдарының алдын көрген, сол ұлы кісілерден дәріс алған оқытушы-профессорлар, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, доценттер қызмет атқаруда. Студенттерге сапалы білім беріп қана қоймай, олардың шығармашылық дамуына, ой-өрістерінің шыңдауына, жеке тұлға болып қалыптасуына өз үлесін қосып, аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Сонын ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Физика-техникалық факультеті, Жылуфизика және Техникалық физика кафедрасының аға-оқытушылары Бөлегенова С., Манатбаев Р., Шортанбаева Ж., Төлеуов Ғ. сынды дана да дара тұлғаларды  атап өткім келеді.

Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты  тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз” деген екен. Олай болса, телегей теңіз білім ордасының негізін қалаушы, болашақ жолдарда бағытынан таймас жалынды жастардың тәлімгерлеріне бас иіп, алғыс білдірейік.


Хуандық Ақерке, Физика-техникалық факультетінің 1 курс магистранты

Құйқабаева Айжан, Физика-техникалық факультетінің аға-оқытушысы