Жемқорларға...
блог
Қарап тұрсам қазағыма, жүрегім қан жылайды –
Жегеннен еш жалықпайтын жемқор саны ұлғайды.
Індет болды айықпайтын, терең жайып тамырын,
Күресейік бұл індетпен, әрекетсіз болмайды!
Барамыз ғой құлы болып, қызыл-жасыл ақшаның,
Сол ақшамен жатырмыз ғой байлап бағын басқаның,
Шалқайып ап орындықта былғарымен қапталған,
Туыс, таныс, жақыныңды қызметтес қып тастадың!
Алмақтың да салмағы бар, ей, шенеунік, біл соны,
Ақша ашпайтын құлып жоқ деп, зарлап қалма ең соңы.
Пайда көздеп, күңі болып жалғандықтың қолында,
Темір тордан бір-ақ шықпа – маңдайыңның құр соры.
Бүлдіршіндер айырылып жатыр балабақшадан,
Денсаулығын реттей алмай қиналып жүр қанша жан?
Жоспарланып бөлінеді қаражаты, алайда –
Жеткенінше ол ақшаны жұлып жейді неше адам?!
Жемқорларды тамырымен жұлып алсақ қоғамнан,
Болмас еді осы кезде қазақ елі тоналған.
Пара алмаса, жемей ақша күнін көрсе шенеунік,
Адал еңбек етседағы – жер еді ғой адал нан.
Мемлекеттік қазынаға қолын сұққан сатқындар,
Жемқор болып, ұры болып, қандай атақ таптыңдар?!
Өз елінің қаражатын өз елінде жымқырып,
Қара басын ойлағандар, қазақ елін саттыңдар!
Ей, шенеунік, сабаңа түс, адал болғын халқыңа,
Тоймайсың ба, жетер болды, кел баяғы қалпыңа.
Қазекемді жерге тықпа, көкке көтер керісінше,
Жемқорлықтан қолыңды үз, адалдыққа талпына!
Өміріңнің басы сайран, түбі ойран болмай ма?
Арам тамақ – тамақ болмас, еш миыңа қонбай ма?!
Бұл өмірдің сотынан сен құтыларсың, дегенмен –
Ақыреттің хақ сотында мүмкіндік жоқ ондайға!