Жүректен шыққан жылы сөз

Жүректен шыққан жылы сөз
жеке
блог

Байырғының қазақ қызы қайдасың сен бүгінде?

Ұяңдығы байқалатын сыңғырлаған үнінде,

Қазіргідей жалмаңдамай ер жігітке жармасып,

Көзінің бір қарасынан бар сезімі білінген.

Орамалы әрқашан да бастарынан табылған,

Өрілген қос бұрымы да етек аса ағылған.

Ата-баба салт-дәстүрін қастерлейтін ару қыз,

Сондай қызды көрмейсің ғой бөтен жігіт жанынан.

Жан азығы маңыздырақ азығынан тәнінің,

Тәрбиелі – тастамаған сөзін жерге кәрінің.

Еш уайымсыз арын сатып, таптатады намысын,

Уайымдайды жағдайын тек бетіндегі әрінің.

Ақ жаулықты аналардың ары саған аманат,

Аналардан қалған арға келтірмегін жаман ат.

Жалғасысың, қазақ қызы, алдыңдағы үзіктің,

Өз халқыңның айнасы бол, үміт артам саған-ақ.

Әпкетайым, мына саған жаны ашыған ініңмін,

Ертеңгінің анасы – сен, қызы болсаң бүгіннің.

Сен – қазақы тәрбиені жаңғыртатын қайтадан,

Өтінемін, ұғыншы, сен, сөзін мендей ініңнің.

Қаракөзім, қарындасым, ақыл айтар ағаңмын,

Қақпанына түсіп қалма мына улы заманның.

Ақ пен қара бірге жүрер, айыра біл арасын,

Құндылықтан қолыңды үзбе, қызымын деп қалаңның.

Қайдасыңдар, жылы жүрек, темір білек жігіттер?

Мағжан жырлап, Ербол менен Қайрат сенген үміттер.

Ыстық қайрат, нұрлы ақылдың иесісің, жігітім –

Алаш атын асқақтатар, жақсылыққа үгіттер.

Қыз намысын таптатпаған, таптамаған өздері,

Жүрегіңе кеп қадалар, айтқан әрбір сөздері.

Өз сөзінде тұра білген, жалғандыққа құл болмай,

Көкірегі ояу жандар, болған ашық көздері.

Ағатайым, бауырыңмын, сөзімді бір тыңдашы,

Сен қазақы мәдениетті батыс жаққа бұрмашы.

Сырға тағып, мұрын тесіп, қыз сықылды сыланып,

Шаш боялған – сыртқы бейнең тұп-тура бір ұрғашы.

Інішегім, ағаң болам, арқа сүйер, керегің,

Болашағың жарқын болсын, еліңе көп берерің.

Иман жүзді, рухы асқақ, қазақ үшін жан қияр,

Арланысың алашымның, саған мен де сенемін!