Портреттік очерк

Портреттік очерк
жеке
блог

Әлем айналып төңкерілсе де кейбір жағдайлар есіңнен кетпес сәтке айналады. Ойландырады. Таңдандырады. Сол бір сағым күндердің естелігі ретінде қалған мына бір жайттар Жұмағалиева Гүлзинаның сұлулығына тән батырлығын да көрсетеді.

Батырлық тек қана қылыш алып шайқасу, не мылтық алып қан сорғалату емес, батырлық өмірдегі кез-келген әрекетіңнен, басқан қадамыңнан, еткен әдісіңнен – ақ көрініп байқалып тұрады. Бұл кейіпкердің де бойында енеден көрген теперіш пен өмірден алған сабақтарынан қалған айбындылығы мен жүрек жылауы бар тұғын.

Осыдан бір жыл бұрын ғана бұл мүміндерге толы өмірден кеткен енесіне бүгін де шырақ жағып, дұға бағыштап отыр. Не көрсетпеді, не істемеді, қандай қарғыс айтпады деп бұлданып, өкпесі қара қазандай болып жүрген жоқ, азаматтығы мен адамгершілігінің асқақтығын байқатып айтулы ас беріп, бәрінің басы қасында жүр. Оны бұл әулет «келін» санағанымен, кіші тұтқанымен, терін шығарып жұмсағанымен, ақылдасатын ақылгөйі, барлық жағдайдың ретін тауып беретін данышпаны, той-томалағында оны да көтеріп ән шырқап беретін әншісі, күйін сыңғырлататын күйшісі, жаңа түскен келінді сәлем етттіретін беташары, асабасы да бәрі-бәрі де осы бір бет әлпеті жайнаған ару десең аруға саятын қазақтың «келін баласы» Гүлзинаның өмірінде істеп келе жатқан «майда-шүйделерінің» бірі еді. Құрсағына жеті баланы салған Жаратқан иемнің бұл кісіні әдейі сынағаны ма, әлде сол сынақтарына Гүлекеңнің төзе алатынын білгендіктен бе, басына үйіп-төгіп берген бейнеттері де аз емес тұғын.

«Ене» деген жарықтық өз көрген бейнетінің еселін келіннен алуға әуестенген бе, әлде, үйін тазалап жүрген жүрегі жоқ жансыз санайды ма, қайдан білейін, әйтеуір, баласы мен келінінің арасына отты тұтатып жағып отыратыны бәріне айқын дүние... Әлде баласын қызғанады ма екен?

Адамдар негізінен түсініксіз боладыы кейде, әсіресе әйел заты. Сол секілді бұл кемпірдің де не үшін неге олай әрекет ететінін түсіне алмаймын. Бір қызығы, ол он баласының ішінен дәл осы ұлы мен келінін жақсы көріп, өліп барады. Е, ойланып қалдыңыздар ма, жаңа ғана келінін жек көріп, енді керісінше жақсы көредіге салғаным түсініксіз де болып жатқан шығар. Аша  түсейін: кемпір бұл келінін жақсы көрмеуі мүмкін емес-ті, бақандай 7 немересін дүниеге әкеліп алдына салды, үйін мұнтаздай таза ұстап отыр, метептегі жұмысына да барады, әнін де айтады, қонақ келсе жарқырап қарсы алады, әйтеуір, бір міні жоқ, жайбарақат басып алға жылжи беретін сұсты да сұлу келіннен кім айналмасын. Кемпірдің тағы бір жымиып қуанатын нәрсесі: өз баласының осы Гүлекеңе ғашық болып, келін ғып әкелгені еді. Себебі, көптеген кемпірлер, енесінің қатарластары, көрші әжелердің барлығы балаларына осы қызды алуды әу бастан-ақ айтып жүр екен. Міне, содан бастап, бұл үйге келін болып түскеннен кейін өздерінің қапы қалған реніштері мен қызығушылықтарын келіннің енесіне талай рет айтып жатқанын да, «әй, Нұреке, бақыттысың-ау» деп бас шайқағандарын көзім көріп, құлағым сан рет естіген.

Бұл текті әулеттен шыққан қыз. Ал Нұреке кемпір де айбынды, өжет  Жақсылық деген байдың ойнақшыған жалғыз қызы. Мінез де содан қалған шығар, бәлкім.

Гүлекеңнің бауырларының барлығы бірдей ән десе ішкен асын жерге қоятын, саралай білетін саналы адамдар. Барлығы бірдей ән жолына түскен жоқ, тек қана осы Гүлзина ғана музыкант болып шықты. Енді бұл бауырлардың, яғни, Гүлзина мен оның бауырларының балаларының бір де бірінің өнерлісі жоқ. Барлығы бірдей өнерлі, сақадай сай тұрған музыканттар. Ауданнан, облыстан өтіп, Республика, одан әрі Халықаралық көлемде де ән шырқап, би билеп, термеден жіберіп, жырды төгіп, күйді шертіп, домбараның ішегін ағытқан, баянды кез-келген әуенге сала алатын өнерпаздар болып өсті, өсіп те жатыр, өсе береді де...

Сол өз әкесі «Орынбайдың әулеті» деп, биыл жазда айтулы концерт берді. Бұл да сол Гүлзинаның еңбегі еді, оған ешкімнің таласы да жоқ. Тіпті жиналған үлкен кісілердің өзі де «бастық Гүлка шешеді» деп мәселенің бар жағдайын Гүлзинаның мойнында тұрғанын сездіріп те қояды.

Бірде, дайындық болатын. Сол әулеттің барша балапандарына дейін сахнаға шығаруды көздедік. Бәрі де қырылдаған емес, сыңғырлаған дауыстарын ортаға салып, ауыздары жабылмай ән айтады. Балапан жүректерімен музыканы сүйеді. Гүлзинаның да жеті баласыы осы концертте тіреп тұрғандай өнер көрсетті.

Сахнаға концерттің ұйымдастырушысы, Орынбайдың қызы Гүлзина шықты. Бұл жолы баянмен ән орындамақ. Халық ұйып тыңдап отыр. Үстінде аппақ көйлегі, алдында сорайған микрофоны, кеудесіне ауырлық түсіріп тұрған баянымен сахынаның жұлдызы келгендей нұрланып тұр. Бір –екі ауыз сөзін сөйледі. Жүрегінен шыққан лебізін айтты. Қандай періште болмасын, жүрегімен ғана сұлу бола алады ғой, ал мына Гүлекеңнің жүрегінің бар сыры ажарында бейнеленгендей-ақ, халыққа шапағатын шашып тұр. Дәл алдында отырған әкесі Орынбай шалды «Орныңнан бір тұрып қойшы, әке» деді де орнынан бір тұрғызып, «Жан әкем» әнін орындай бастады. Орынбай ақсақалды танығыңыз келсе жайнап тұрған Гүлзинаға бір қарасаңыз болды, кім-кіммен ұқсайды, бәрі анық байқалып тұрады. Гүлзинаның әдемі концертін көруге келген халық мүлдем сыймай, есіктің сыртына дейін ағылып тұрды. Мен өз басым мүлдем бұлай болмады деп те ойламап едім.

Гүлзина концертті өткізбес бұрын, көп ойланып, толғанып менімен ақылдасатын. Сол бір ақылдарым бұл жолы кәдемізге жарап жатты. «Өнерлі отбасы» деп аталған концертке, ауданнан, облыстан айтулы азаматтар келіп, әкімнен басқасының бәрі жиналғандай. Оның өзінде де әкімнің «келе алмай қалдым, жиналыстар шығып, ренжімесін» деген сәлемдемесі болды. Мұның өзі қандай құрмет, шіркін...?!

Басы қатты болса да, аяғы тәтті боларына біз сендік. Аяғымыз талып, Гүлзина, мен және оның күйеуі Абыл үшеуміздің тыпырымыз 2-3 ай бұрын басталып кеткен. Бәрінен де бүтіндей бір концертті ұйымдастыру, ойластыру Гүлекеңе оңайға түскен жоқ. Өздеріңіз таныс болғандай, отбасы бар, енесі бар, жеті баласы бар, қайнағасы бар, күйеуі бар, музыканттық  жұмыстары бар, шығып жатқан кітабы бар, әр елде жатқан тумаластарын жинау керек, дайындауы керек, бәрін үйіне жатқызып қондыруы керек, концерттен кейін қонақасы және ауызашар жасап үлкен көлемде қонақ күтеміз деген жоспар да бар, әйтеуір, бәрі-бәрі саралай келгенде қол-аяқтан бұрын миға ауырлық түсіретін жайттар екенін мен, менен бұрын жолдасы әуел бастан сездік, түсіндік. Әсіресе, бұл әулетке күйеу бала ғана болса да, бүткіл концертке терін төккен, киім, аспап, жылтырақтар, свет, музыкалық аппараттар, бәрін-бәрін, қаржылай да басқалай да көтерген жалғыз Абыл еді. «Қыңқ» демеді, тек қана жеткізе білді. Ал қалған тумаластардан келген көмек: дайындыққа келуі мен сахнаға шығуы, «Гүлзина бригадирдың хақарына ұшырамай аман-есен жүру» ғана болды. Себебі, бұл Гүлекең ойнап күлгенімен мінезі баршылық кісі. Ашуланса, есебімен, орнымен ғана ашуланады. Бірақ дәрежең мен атыңа, жасың мен мансабыңа қарамайды, әуелі отты жанарын қадап жібереді де, тиіспей-ақ айналдырып құлатады. Тезірек орныңа келіп, сабаңа түсіп, бәрін рет-ретімен істей жөнелмесең, құлағаның аз болғандай, сауатты сөзімен шағып алады. Болды, саналы түрде «өлгенсіп» қаласың...

...«Айналайын, ақ Гүлкаш» деп бетін сүйіп жатқан әжелердің жанарында жадыраған нұр бар екен. Қуанып тұрғаны жүрегінің дүрсілінен, риза болып тамсанғаны жанарының қарасынан-ақ бәрі–бәрі айқын көрініп тұрды. Бұл концерт бітіп, енді ауызашар дайындап қойған Гүлекеңнің келіндерінің дастарқанына жайғасқан жұртшылықтың айтып жатқан ақ тілегі мен махаббатының басы ғана болатын. «Айналайын, алтыным, Алла разы болсын»-мен жалғаса берді.  Сыйлыққа көмілдік. Гүлзинаның күйеуі екеуіміз тап бір "Пр менеджер" және "продюссер" секілдіміз. Себебі, Гүлекеңнің қолымен істеп отырған дүниенің барлығы Абыл екеуміз ойымыз болатын. Барлығы емес, әрине, бірақ бірталайы. Ал Гүлекеңнің ойы тек біздің ғана таразымыздан өтіп барып орындалатын. Ансамбль құрып, аспаптармен шығу Абекеңнің идеясы болса, әр отбасына барша балаларымен ортаға шығару және кім өнер көрсетсе сол жайлы слайд жіберіп отыру, сонымен қатар Орынбай шал жайлы кіріспе сөз оқуды да менің санамнан шықан дүниелер екенін мамам ғана біледі.

«Көңілі жақсы адамның жарық деген,

Өмірі, шығар тауы анық деген,

Абыл мен Гүлзинаны көрген кезде

Бақытты жанұя деп анық сенем(ін)»

-деп өлең арнағандар да өте көп болды.

Ақиқатын айтқанда, бұл кісі жайлы айту бір түніңді де аздық ететін әлем. Бұл кісіден алатын үлгі данышпаннан тәрбие алғанмен бірдей. Бұл кісінің сұлулығына тамсану, хор қызына ғашық болғанмен тең. Тек Жаратқан, ендігі өміріңде жақсылығын жарылқасын. Бейнетіңнің зейнетін көруге жазсын, Гүлзина Жұмағалиева.

Орынбай шалдың кенже қызы, Абыл жігіттің келіншегі, балапандарының анасы, Маңғыстаудың таланттысы, тумаластарының асқақ тұтары, белгілі музыкант, жүрегімнің жартысы, мен сізден асып басқа ешкімді де кейіпкерім қыла алмаймын! Сізді сүйемін, сіз үшін дүниені тәрк етемін. Сіз үшін жаным әзір... Жүрегімнің жартысы, сіз айтқан са-а-ан мыңдаған адамның барлығы да менің кейіпкерім болуға әбден лайық, тіпті одан да жоғары. Бірақ сіз Алладан кейінгі пірімсіз, сіз ғана бәрінен биіксіз! Тек қана аман болыңыз.

     

 

 

Абылова Шалқар Абылқызы. 2 курс.