1.1.1 теориясы: Менің жеңісім және жеңілісім
жеке
блог

1.1.1 теориясы: Менің жеңісім және жеңілісім

Бала күнімдегі ең үлкен жеңісім велосипедке отыруды үйрену. Жасым сол кезде ары кетсе бесте болар. Әкем сыйлыққа велосипед алып беруге әлі ерте деді. Бірақ мен қызықтым, ең кереметі армандадым. Қолым жету үшін үйрену керектігін білдім. Себебі анам: « сен жүргізуді білмейсің, құласаң бір жеріңді жырып аласың» дейтін. Осы сөзге ерегескенде мен үйренемін деп шештім. 

Сабақтан қайтып келе жатырмын. Жанымда әкем. Жолда кетіп бара жатып, көшенің балаларының велосипед айдап бара жатқандарын көрдім. Жастары он, он екі шамаларда. Үш емес екі дөңгелекті. Біреуіне жүгіріп барып, бір рет тебейінші деп өтіндім. Анау күлді де берді. Құласаң нардан құла деген, екі дөңгелекті велосипедті алып жол шетімен айдап кеттім. Бір құладым, екі құладым. Әкем анау жерде қарап тұрды. Маған жүгіріп келген жоқ. Ең ақыры 15 минут ішінде құлай беріп, ақыры тепе-теңдікті сақтап, өзімнен үлкен велосипедті бағындырдым. Мені жеңген, маған жігер берген екі-ақ нәрсе болды: арманым және анамның сөзі. 

Ал ең үлкен жеңілісім, үйдің қасында аялдамада болды. Сол аялдаманың көшенің балалары темірлерін сындырып, арасына орын қалдырып, баспен төмен салбырап айналуға болатын әрекетті жасау үшін таспен ұрғылаған. Сол жерде кешке бәрі жиналып, бастарын төмен қаратып, айнала кетеді. Мен шетте қарап тұрамын. Себебі қорықтым. Бір күні кешкісін үйден сұранбай шығып кетіп, жалғыз өзім сол жерге келдім. Бұл жолы арман емес мақсатпен келдім. Балалардан қалмау үшін үйренмін деп шештім. Ұзақ ойланып тұрып, төмен қарай басымды жібергенім сол екен, екі қолым темірден босап кетіп, баспен құлап түстім. Құлаған кезде балалар толық сындырып бітпеген, сваркіленген темірдің жарты сынығына барып түсіппін. Оны басымнан қан кеткен кезде түсіндім. Сол темірге қайтып жоламадым. Себебі басымнан аққан қанды көріп анам жылады. Ал мен енді анамды жылатпаймын дедім. Білесіз бе, бұл менің ең үлкен қателігім еді. 

Қазір жасым жиырма төртте. Сол кездегі қорқыныш қайта келді. Сол аялдамаға қайта бармасам да, қиялымда сол темірді бағындыру үшін ақылмен жұмыс жасай бастадым. Бір сөзбен айтқан кезде, құласам да, жыласам да қайта тұруды үйрендім. 

Түйін. Сіз бала күніңізде құладыңыз. Ол жерді сүртіп тастап ойнап кеттіңіз. Дәл сол секілді өмірде де құлайсыз. Құлаған жерге қайта оралудың қажеті жоқ. Шаңын қағып жіберіп, қайта тұрыңыз. Себебі бала күндегі ең қиын жұмыс велосипед тебу болса, өмірдегі ең үлкен қиындық құлаған соң қайта тұру. Сіз түбі жеңесіз, оған өзіңіз сеніңіз. Біреудің сенімі сіз өзіңізге сенген кезде оянады! 


(с) Марғұлан Ақан