ЖЕҢІЛІССІЗ СЕРИЯ ТОҚТАДЫ

ЖЕҢІЛІССІЗ СЕРИЯ ТОҚТАДЫ
жеке
блог

«Вильярреалдан» басталған өз алаңымыздағы жеңіліссіз серия «Вильярреалға» жетіп тоқтады. Рас, ол кездегі «Астана» мен қазіргі «Астананы» салыстыра алмайсың. Қазіргі клуб — көпті көріп ысылған, еуротурнирлердің ыстық-суығын біраз көрген тәжірибелі ұжым.
Кабананга біздің пікірімізше, 22-минутта бесінші турдың ең әдемі голын соққан кезде, «бұл соңғысы емес, әлі Твумаси де бір гол енгізуі керек» деген қуанышты ой да қылаң берді. Твумаси соғуын соқты, бірақ осы екі доптың өзі жеңіс түгіл тең ойынға да аздық қылды. Нәтижесінде, «Астананың» өз алаңындағы жеңіліссіз сериясы тоқтады. 
«Вильярреал» өте мықты, көнекөз ұжым. Қалай ойнаса да, Испанияның жоғары лигасында ойнайтын клуб пен біздің командаларды салыстыру орынсыз. Оның үстіне, «Астана» 18 күннен бері ресми ойын өткізген жоқ, ойыншылардың еті суып қалған секілді. Өйткені, көп уақытқа дейін өз алаңын өздері жатырқағандай, қорғаныста абдыраумен болды. Матчтың бас жағында-ақ Сансоненің бір секундта екі соққы бағыттап, соңғысын қақпаға еніп бара жатқан жерінен Логвиненко қайтарып қалып еді. Осы шабуыл біздің жігіттер үшін қауіп сигналы болуы тиіс-тұғын. Бірақ «Астана» мұнан соң да қорғаныста көп қателік жіберді. 
Егер, 39-минутта Твумаси алты метр жерден дәл соққы бағыттағанда, ойын басқаша аяқталар ма еді... Оның қауіпті соққысын қақпашы сыртқа қағып жіберді де, біздікілер бұрыштан доп беруге мүмкіндік алды. Дәл осы стандарт бізге пайда әкелмеді, қонақтар дереу қауіпті шабуыл ұйымдастырды да, Карлос Бакканың пасынан соң Даниэль Раба есепті теңестіріп кетті. Оның алдында қақпашыдан өзге ешкім жоқ еді. Есепте алда тұрып, қарсы шабуылдан гол өткізіп алғаннан артық өкініш бар ма?
Осы голдан соң «ұйықтаған» астаналықтар тек 88-минутта Твумасидің голынан кейін ғана оянды. Есеп бұл кезде 1:3 болып тұрған еді. Біздің қорғаушылар Седрик Бакамбуды ұстай алмады, ол 65 және 83 минуттарда екі рет доп соғып кетті. Алғашқысында оны қақпаға жеке жіберіп алса, кейінгісінде қорғаушылар допты аяғына өздері салып берді. 
Соңғы минуттарда астаналық футболшылар барынша жанталасты, бірақ тәуір ұйымдастырылған қауіпті шабуылдар нәтиже бермеді. Егерде матч және 1-2 минутқа созылғанда, испандар сыр беріп қоюдың аз-ақ алдында еді...

Дегенмен, «Астана» «Вильярреалға» лайықты қарсылас бола алды. Испанияның әрбір клубымен осылай арпалыса алсақ жаман емес қой. Енді «Астана» соңғы турда «Славияны» қалайда ұту керек. Егер қажет деп тапса, бұл олардың қолынан келеді. «Славия» «Маккабиден» анағұрлым күшті емес.
Осы кездесуден соң «Вильярреал» 11 ұпай жинап, мерзімінен бұрын топтық турнирді бірінші орынмен аяқтады. 
Осыдан үш жыл бұрын да «Астана» Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде екі рет «Вильярреалмен» ойнаған болатын. Ол ойынның нәтижелерін есіңе де алғың келмейді, Астанада — 0:3, сыртта 0:4... Міне, содан бері «Астана» өз алаңында ешкімнен жеңілмеген еді.

«АСТАНА» — «ВИЛЬЯРРЕАЛ» — 2:3. 
Астана. «Астана-Арена». 29 800. Төреші — Гедиминас Мазейка (Литва)
«АСТАНА»: Эрич, Логвиненко (Деспотович 82), Постников, Аничич, Маевский, Шитов, Бейсебеков (Граховац 68), Шомко, Мұжықов (Томасов 71), Кабананга, Твумаси.
«ВИЛЬЯРРЕАЛ»: Барбоса, Марин, Руис, Бонера, Рукавина, Эрнандес, Тригерос, Раба (Герра 77), Форнальс (Бакамбу 60), Бакка (Сориано 67), Сансоне.
ГОЛДАР: 22 – Кабананга, 39 – Раба, 65 – Бакамбу, 83 – Бакамбу, 88 – Твумаси
ЕСКЕРТУЛЕР: Маевский, Шомко, Кабананга, Граховац, Марин, Сансоне