Мұхтар ШЕРІМ.ЖАНЫП КЕТТІК...

Мұхтар ШЕРІМ.ЖАНЫП КЕТТІК...
жеке
блог

Түннің бір уағында біреу түртеді. Көзімді сығырайтып ашсам, әйелім екен.

–Не?–деп сұрадым мен ұйқылы–ояу.
–Үйіміз өртеніп жатыр–ау, деймін?
–Қайта жақсы болды...
–Неге олай дейсің?
–Үй»іміз суық, көмір жоқ, оны алатын ақшамыз да жоқ... Қайта жылынып қалатын болдық!
–Өлә, аяғым жанып жатыр...
–Менің де аяғым лапылдап жанып жатыр.
–Үй жылып кетті...
–Рахат екен. Тегін жылу.
–Өрт неден шықты екен?
–Қазір өртену сәнге айналды ғой. Қоғамға өкпелеп! Ана жер де, мына жер де...
–Өлә, өрт беліме дейін келіп қалыпты! Лапылдап! –деді әйелім басын көтеріп.
–Аяғың қалай? Жылыды ма?
–Жындысың ба? Аяғым жоқ, ұстап көрсем, күлге айналыпты.
–Жыбырламай, тыныш жатшы! «Нәрмәлні» өртенейікші. Жылынып...
–Жаным, кешір. Екеуміздің айлығымызды айтамын да... Отыз мыңнан алпыс мың, не болады дейсің? Ал, депутаттар «айлығымыз миллион теңге» деп мақтанады. Не үшін алады? Ұйықтағандары үшін бе?
–Біздің елде бәрі жақсы деп кім айтты? Ескі моншада он баласымен тұрып жатқан пақырлар да бар. Шенеуніктер халықты тонап бітті! –дедім мен әйелімді құшақтап жатып. Дегенмен, не деген бақыттымыз! Өртеніп, жанымыз кіріп қалды! 
–Өлә, уже кеудем жанып жатыр!
–Менің де!
–Өрт сөндірушілер келіп қалмаса екен...
–Қалай, жақсы жанып жатырсың ба? –деп сұрадым мен. Әйелім жымиып, бас бармағын шошайтты. Сөйтті де, ұялы телефонын алып, екеумізді суретке түсіре бастады.
–Не істеп жатырсың–ей?
–Селфи жасап...
–Тез түсір де, анау бұрышқа лақтырып жібер!
Ол да, мен де сөйлей алмадық. Өйткені, басымыз да ыстық жалынға оранған еді... Жанымыз кіріп барады. Рахат! Тоңбайсың. Біздің күліміз де жып–жылы еді...