АСТАНА ЗАМАНАУИ ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ #52КүнненКейін көрмесі елорда жұртын таңғалдырды!

 2017 жылдың 11 қараша күні қайта ашылған Астана Заманауи Өнер Орталығы - Astana Contemporary Art Center, бір аптадан соң, елорда тұрғындарын тағы да бір мәрте өз шатырының астына жинады.

Оған себеп,  15-тен астам  суретшілер, сәулетшілер, философтар мен антропологтардың қатысуымен ұйымдастырылған #52КүнненКейін көрмесі. Орталықтың көрмелік бағдарламасы заманауи өнер саласындағы жаңа идеялар, жанрлар мен дискурстарды зерттеуге арналғандықтан, бүгінгі кеште   Саулет Жанибек, Бейбіт Асемқұл, Дархан Рухолла, Азиза Сарамбетова сынды өнерпаздардың жұмыстары көрермен назарына паш етілді.

Көрмеге келген халықтың басым көпшілігі қала тұрғындары мен қонақтары, жас суретшілер мен студенттер. Сонымен қатар, көрмеде мүгедек адамдардың келуіне мүмкіндік беретін инклюзивті бағдарламасы ұсынылды. Естімейтін және нашар еститін келушілерге арналған экскурсияларда ыммен түсіндіру экскурсиялары өтті. Интеллектуалды дамуының ерекшеліктері бар келушілер үшін ақпаратты жақсы меңгеруге мүмкіндік беретін дидактикалық материалдар мен визуалды құралдар берілді.

Зағип және көзі нашар көретін келушілерге тифло-түсініктемелер және тактильді модельдер ұсынылды. Жоба кураторы - Алима Боранбаева. Спикерлер — Зауре Айтаева, Алима Бисенова, Кульшат Медеуова.     

Айта кететін жайт, #52КүнненКейін көрмесін өткізу мерзімі: 2018 жылғы 10 қараша -10 ақпан аралығы. Талқылау және презентация түрінде дәрістер сериясы орталықта 2 апта аралығында жүргізіліп, диалог, дебат пен интерактивті шығармашылық ұсынылады.



Бөлісу: