Бір түйір ой

Бір түйір ой
жеке
блог

Жолға алдым бір қапшық...

Алматыға туыстарыма бармақшымын. Бір аптаға бірнеше сөмке жинадым. Өз-өзіме күле қараймын. Бірақ, көзге осы заттардың өзі аз сияқты көрініп тұр. Заттарымды үшінші рет реттейін деп жатқанда, есік қоңырауы шырылдады. «Қап, кім екен?!» деп есікті кий ашқанда, көрші әжені көрдім. Маған жымия қарап, «Қарағым, мазаңды алсам, айып етпегейсің. Анау есік құрғыр жабылып, ашылмай жатыр. Қоқыс тастауға шыққан едім. Қазір сабақтан немерем келмек. Сол бала келгенше сенің үйінде отыра тұрсам бола ма?» деді. «Әрине» деп әжені ішке шақырдым. Поездыма дейін 3 жарым сағат бар еді. Жол жүрер де, үлкен кісінің көңілін қалдырмайын дегенім. Әжені төр үйге жайғастырып, шай қойып келдім де, заттарымды жинай бастадым. Біруақытта көрші әженің менің заттарыма ойлана қарап отырғанын байқадым. Өз-өзімнен қысылып, «Кешіріңіз, біраз шашылып жатыр. Алматыға қонаққа баратын едім. Сол заттарымды жинап жатқан едім» дедім. Әже маған жымия қарады да, «Жоқ, қарағым, бәрі жақсы. Тек ойыма бір нәрсенің келіп отырғаны...» деді. Кішкентайымнан келе жатқан қызығушылықпен көрші әжені сөзге тарттым. Айтқан әңгімесі, мені дүниеге жаңа әкелді десем артық емес-ті.

«Мен кішкентайымнан нағашы әжемнің қолында өстім. Нағашы әжем өте қайсар жан еді. Мені тәрбиелеп, әрқашан ақыл айтып отыратын. Бірде әжем маған мынандай бір аңыз айтып берді. Әлі күнгі есімде. Балаларыма да әрқашан қайталап айтып отырамын. Өзін бір жүзі жылы бала екенсің. Есінде болғай. «Бағзы бір заманда ел арасында «Ашыққол» атанып кеткен жомарт кісі өмір сүріпті. Өзі өте дана жан болыпты. Қолындағы бар мүлкін кедей-кепшікке таратып беруден жалықпапты. Күніне бір несібе тапса, жартысын отбасына, жартысын жоқтарға таратып береді екен. Бірде жаңағы дана кісінің үйіне дәулетті де ауқатты бір бай қонақ болып түсіпті. Кешкі ас үстінде бай: «Достым-ау, осы сен қолындағы барынды басқаларға бөліп беруге неге құштарсың? Әлде сен бай болуды, бай болып, барша жұртқа бас болуды қаламайсың ба? Әлде басқадан жасырған бір сырын бар ма? Маған айтшы!» деп қоярда-қоймай өтініпті. Дана кісі біраз ойланып отырып, байға күле қарапты да: «Несін жасырайын? Айтсам айтайын. Көз алдына елестетіп көр. Жер жүзіндегі барлық адамдар бір жаққа жол тартты делік. Алыс жол. Мына мен сол жолға бір қапшық қана алмақпын. Бірақ, менің сол қапшығым сенің мына бар байлығынан да артық болмақ. Ал сен не алады екенсің?» депті. Бай дана кісіге сұраулы жүзбен қарапты. Сонда дана кісінің кенже ұлы орнынан тұрып: «Менің әкемнің айтпағы мынау. Пенде бұл дүниеге мәңгілік болып келмейді. Ақыр соңында барлығымызда о дүниеге, алыс жолға аттанамыз. Әкемнің жолға алатын қапшығы қазіргі кезде жасап жүрген сауап істері, көмектескен жандардың тілектері, жақсылықтары. Сіздің асыл тас, ақшаларыңыздан артық, міне осылар» деген екен. Дана кісі кенже ұлына риза болыпты. Ал бай төмен қарап, ойланыпты» дейді аңыз. Қарағым, айтпағым осы еді. Кеше бір теледидар көрейін деп отырған едім. Көрген дүнием жағамды ұстатты. Ойлап қарасам, қазіргі заман көзі ашық, көкірегі ояу данышпан адамдардың заманы дейсіңдер. Бірақ, қарапайым бір дүниені білмейсіңдер. Біздің басымызда Алла тұр. Оның көзі ешқашан жұмылмайды, құлағы естімей қалмайды. Бұл өмірде мәңгілік дүние жоқ. Адам да мәңгілік емес. Саналарына адамгершілікті тудырмай-ақ қойсын. Бірақ, жүректеріндегі адамдық қасиеттерін сақтап қалуға тырысулары қажет емес пе?! Ертеңгі таразыға нелерін қоймақ?  Сауап қайда, ниет қайда? Аллаға деген сенімдері қайда?»...

Қарапайым сөздер. Бірақ, осы сөздердің салмағы тым ауыр. Саналы жанның жүрегін оятып, көңілін ашатын сөздер. Бір сөзбен аяусыз сабап кеткендей. Немересі келіп, көрші әже үйіне баяғыда кеткен. Кетіп бара жатып, «Қарағым, артық айтсам, айып етпе. Тек көңілге симай бара жатқан соң айттым. Сендерге сенбегеңде, сендерге айтпағаңда, біздердей кемпірлерді кім тыңдамақ?» деп кешірім де сұрады. Ал мен әлі отырмын. Поездан қалып қойғаным анық. Бірақ, өкінбеймін. Себебі, баяғыда жоғалтқан асылымды тапқандаймын. Жаңа ғана оянғандаймын. «Ал менің алыс жолға алар қапшығым бар ма екен?» деген ойда қалдым...