Мұхтар ШЕРІМ. (Әншілерге достық әзіл) ЕРКЕКТЕР...

Мұхтар ШЕРІМ. (Әншілерге достық әзіл) ЕРКЕКТЕР...
жеке
блог


Еркек екенім рас. Менен туған балам да еркек. Айнымаған еркек! Құдай ақы еркек. Бірақ еркектерге тән әрекет жасамай жүргеніне жүрегім жылайды да... 
Бір күні балам жыларман болып келді.
–Түрің ашыған айрандай болып кетіпті ? Жайшылық па?–деп сұрады анасы.
Балам тізесін сипап отыр. Шалбарының тізе тұстары жырым–жырым.
–Немене, туфлиіңді тізеңе киіп жүргенсің бе? Сосын туфлиің шешіліп қалып, ары қарай жүріп кеткенсің бе? –деп сұрадым мен. 
–Мәдина екеуміз көшеде келе жатқанбыз.
–Ия?
–Тізерлеп отыра кетіп, жүзік ұсындым: «Қатыным болшы, а?» деп.
–Сосын?
–Байым болмай–ақ қойшы, а? –деді де, автобусқа отырып, кетіп қалды.
–Байғұс балам–ай, өлетін болдың– ау? Кеше ғана Қатираға тізеңді бүгіп едің. Ол да қарамай кетті... 
–Әй, сен қатын алмай–ақ қойшы, а? –дедім менің жыным келіп, –Қай ата–бабаңнан көрдің, қыз алдында тізерлей жығылғанды?
–Ия саған, сүйікті актерім Артур Төлепов інісі Асылхан Төлеповтің үйлену тойында қалыңдығына ұсыныс жасап, тізесін бүкті ғой... Мен де...
–Бақытты болсын екі жас. Бірақ еркектің тізе бүккені жарамады! Батыстың салты бізге де сүйретіліп, сүмеңдеп жетті десеңші! 
–Жиырмаға толғанда үйленерсің балам, –деді шешесі. Сосын осымен мәселе тынғандай болған. Келесі күні балам тағы сүмірейіп келіп тұр. Су жаңа шалбар киіп кеткен, тізесі шодырайып, жырым–жырымы шығып...
–Әке, Айшаға...
–Жайша ма?
–Тіземді бүгіп, жүзік ұсынып едім, алмай қойды. Артынан біраз тізерлеп жүріп отырдым...
–Әй, сен тізерлемей–ақ қойшы?
–Е?
–Бауырыңмен жорғалашы...
–Ия саған, «Қайрат» командасының шабуылшысы, менің кумирім Бауыржан Исламхан ше? Футбол аяқтала салысымен, қалыңдығы Еркежанға тізерлеп отыра кетіп, ұсыныс жасады ғой. Еркежан: «Ия, саған тиемін!» деді.
–Сенің сүйіктің ше? –деп сұрадым мен.
–Құрып кетші әрі, боқмұрын! –деді...
–Осы сен қатын алмай–ақ қойшы а? –дедім мен.
–Ия саған, өзің ше? Өзің неге мамама үйленіп алдың?
–Мен сен сияқты тізерлей отырып жалынған жоқпын. Өйткені, мен еркекпін! Еркек!
Әңгіме осымен біткен. Арада екі күн өтпей жатып, балшыққа батқыр балам шалбарын жыртып келіп отыр. Шалбардан шалбар, дамбалдан дамбал қалмайтын болды осы! «Шортикпен баршы қыздарыңа!» дейін десем, қазір қараша айы, дала суық... 
–Тағы қай қыз қарамай кетті?–деп сұрадым мен.
–Мәрия...
–Әй, балам, ана Ерке деген әнші қыз бар ғой? «Бай іздеп жүрмін!» деп жарияға жар салған. Сол сияқты бай іздеп жүргендерге жолықшы а? Енді тізерлесең, тізеңе тоң май жағамын!
–Онда тұрған не бар? «Жаяу, жаяу!» деп ән айтатын, жақсыы көретін әншім Серік Ибрагимов те сүйіктісіне саябақта, жұрт көзінше тізерлеп...
–Сен ше?
–Мен оңашада, қуыс–қуыстарда, айдалада...
Бұл жолы үндеген жоқпын. Қазіргі жастарға, қазіргі еркектерге жыным келіп отыр. Әй, еркектер! Естимісіңдер, еркектеееееееееееееееееер!