Жас киногерлер Алматыда бас қосты

Жас киногерлер Алматыда бас қосты
жеке
блог

Отандық киногерлер қараша айының 2-сі күні «Бүгінгі жастар киносының бағыттары, көркемдік деңгейі және жаңа тенденциялар» атты дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел модераторы - белгілі кинотанушы, PhD, СДУ қауымдастырылған ұйымының профессоры Молдияр Ергебеков болды.  Аталмыш  іс-шараға  Баубек Нөгербек, Айнур Иса, Айгүл Ақсамбиева, Серік Әбіш, Ержан Жұмабек, Дана Әмірбекова, Асхат Кучинчереков, Айдана Алман сынды киноның әр саласының өкілдері қатысты.

Өткізілген дөңгелек үстелде кино саласына жаңадан аяқ басып келе жас кинематографисттердің бағыт-бағдары, ерекшеліктері қызу талқыланды. Осы ретте киногерлер Халықаралық және Республикалық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болып жүрген қысқаметрлі фильмдерді талқылауға алды. Олар: «Жесткий тип» (реж.Б.Жұманов), «Пәтер» (реж.Е.Бораншы), «Куб» (реж. М.Кодаров), «Картоп жегіштер» (реж. Ш.Оразбаева), «Мама» (реж. Б.Шібікеев), «Мен қара түске ғашықпын» (реж.А.Ақсамбиева), «Саз махаббат» (реж.А.Ақсамбиева), «Майлыбайдағы оқиға» (реж.С.Рахым),  «Еркек» (реж.Б.Жаханов), «Аялдама» (реж.Д.Кулмаков) және «Таң сәулесінің шапағаты» (реж.Д.Төлегенов).  Дөңгелек үстелге қатысушы мамандар өздерінің назарына ұсынылған қысқаметрлі фильмдердің көркемдік және тақырыптық ерекшеліктеріне тоқтала отырып, жас режиссерлердің Отандық кино саласының дамуына үлес қосып жатқанындағы орны мен маңыздылығын, кемшіл тұстары мен артықшылықтарына аса назар аударды.

Қазіргі таңда қысақметрлі фильмдер тек фестивальдерде немесе арнайы көрсетілімдерде ғана халық назарына ұсынылатыны барша кино сүйер қауымды қынжылтары анық. Осы орайда қысқаметрлі фильмдердің видео нұсқадағы топтамаларын жарыққа шығару мәселелері де талқыланды. Десек те, іс-шарада бас қосқан мамандар жалпылама тақырыптарды қозғап, әр фильмге жеке тоқталып, талдау жасамады. Оның себебін уақыттың тығыздығымен түсіндіріп ақталды.

Заманауи қазақ киносының бағыт-бағдарын, кемшіл тұстары мен артықшылықтарын айқындауда, бұндай іс-шаралардың алатын орны өте маңызды.


Мақпал Бақыт

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, кинотану, II курс